Мазмұнға оралу Қазақ тілінің орфографиясы
II бөлім · ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ЕМЛЕСІНІҢ ЕРЕЖЕЛЕРІ

Бас әріптің қолданылуы

Нүкте, сұрау және леп белгілерінен кейінгі жаңа сөйлемнің алғашқы сөзі, өлең мәтіндерінде әрбір тармақ бас әріптен басталып жазылады: Көгалға көсіле қонған бай ауыл көңілді. Жұмыртқадай ақ үйлердің ең үлкені – Тәңірбергеннің үйіне жұрт жиналып жатыр. (Ә.Н.)

Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,

Соқыр, мылқау танымас тірі жанды,

Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,

Басқан жері сықырлап, келіп қалды. (Абай)

Жалқы есімдер, мекеме, ұйым, кәсіпорын, бұқаралық ақпарат құралдары, шығарма, мереке, тарихи оқиға т.б. аттары бас әріптен басталып жазылады: Мұхтар Әуезов, Ахмет Байтұрсынұлы, Астана, Павлодар, Оқу-ағарту министрлігі, Инновациялық Еуразия университеті, Ғ.Мүсіреповтің «Оянған өлке» романы, «Егемен Қазақстан» газеті, «Жұлдыз» журналы, «Қазақстан» телеарнасы, «Хабар» агенттігі, Наурыз мейрамы, Бірінші дүниежүзілік соғыс, Ұлы Отан соғысы, Желтоқсан көтерілісі т.б.

Ертегі, миф, аңыз-әпсана кейіпкерлерінің аттары, мал, құс, ит т.б. арнайы қойылған аттар бас әріппен жазылады: Әзірейіл, Бекарыс, Бекторы, Ер Төстік, Зымырақ, Кершолақ, Қаракер, Құлагер, Тайбурыл, Таймас, Бөрібасар т.б.

Күрделі жалқы есімдердің құрамындағы тұрақты эпитеттер, құрметті атақтар мен титулдық мәндегі сөздер жалқы есімнің алдында келсе, бас әріппен, ал жалқы есімнен кейін келсе, кіші әріппен жазылады: Ер Тарғын, Жаяу Мұса, Мәшһүр Жүсіп, Үкілі Ыбырай, Бұқар жырау, Біржан сал, Сұраншы батыр, Шал ақын; Әмір Темір, Бибі Ажар, Шах Мәлік, Айшуақ сұлтан, Ақтайлақ би, Білге қаған т.б.

Рудың аты жалқы есімнің алдынан келіп, адамның шыққан тегін білдіретін тұрақты эпитеттің орнында жұмсалса, бас әріппен жазылады: Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Қарақыпшақ Қобыланды, Қыпшақ Сейітқұл, Уақ Дербісәлі, Үйсін Төле би, Шапырашты Наурызбай т.б.

Күрделі жер-су атауларының құрамындағы бірінші сыңар тұрақты анықтауыш қызметін атқарып, географиялық нысан атауының құрамына енсе, бас әріппен жазылады: Ақ Ніл, Ащы Алакөл, Жаңа Гвинея, Ежелгі Рим, Кіші Азия, Қара Ертіс, Қос Шалқар, Таулы Алтай, Үлкен Қаратал т.б.

Жер-су атауларының құрамындағы географиялық терминдер жалпы атау мәнінде жұмсалып, жалқы есімнен кейін келсе, кіші әріппен жазылады: Арал теңізі, Ақсу өзені, Атлант мұхиты, Боралдай қыраты, Гоби шөлі т.б.

Ең жоғары мемлекеттік лауазым аттары мен құрметті атақтардың құрамындағы әрбір сөз бас әріппен жазылады: Қазақстан Республикасының Президенті, Президент Әкімшілігі, Халық Қаһарманы т.б.

Мемлекет, республика, халықаралық ұйымдар, мемлекеттік мекемелер мен жоғары мемлекеттік органдардың ресми атауларының құрамындағы әрбір сөз бас әріппен жазылады: Қазақстан Республикасы, Қырғызстан Республикасы, Америка Құрама Штаттары, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Министрлер Кабинеті т.б.

Екі немесе одан да көп құрамды ресми атаулар тіркесіп келгенде, олардың құрамындағы ірі және кіші құрылымдық бірліктердің атаулары бас әріппен жазылады: Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті Жаратылыстану жоғары мектебі.

Мемлекеттік марапаттар мен атақтар, ордендер мен медальдардың атаулары тырнақшаға алынып, бірінші сөзі ғана бас әріппен жазылады: «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы, «Еңбек даңқы» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі т.б. Мемлекет атауымен аталатын орден, медаль аттары тырнақшаға алынбайды: Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты т.б.

Бастапқы әріптерден қысқарған күрделі сөздер бас әріппен жазылады: БҰҰ, ҚР, ТМД, ҚХР, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ЮНЕСКО, НАТО т.б.

 

89-жаттығу. Сөйлемдердегі бас әріппен жазылатын сөздерді анықтап, олардың жазылу себептерін түсіндіріңіздер. Әрбір сөздің неге бас әріппен жазылғанын емле ережесіне сүйене отыра дәлелдеңіздер.

І. судыр ахмет көп ішінен ақбаланы көрді, келіншектің өңі кешегіден гөрі жұбаулау екен. көзі қызарып кетіпті. (Ә.Н.) – төре тұқымы тыраш келеді деуші еді, рас қой деймін сол. кісіге жұғымы жоқ, кекірейген біреу ғой шыңғысың! – деді ұлпан қасақана есенейге. (С.Мұқ.) жылтырауының ең күшті кезінде шолпан минус 4-шамадағы жұлдыздай болып көрініп, сириустан 13 есе күштірек жарқырайды. (Х.Ә.) жұлдыздай самсап қарағанды қаласының сәулесі көрініп тұр. (Б.М.) бұл екі палуанды өзгелерден бұрын шығаруға шоқан себеп болды. «ит қорыған жерге өш» дегендей, бастары бүркеулі бұларды тез жұлқыстырып, бәйгені қайсысы алуына салт ат үстіндегі шоқан құштар. (С.Мұқ.) семей мен барнаул арасындағы ерсілі-қарсылы өтіп жататын сауданың қазақтан шыққан жұлмыр алыпсатары – кәрім, жол жұмысына жабысуды үлкен пайда деп орналасқан. (І.Ж.) алтай – орал арасы – сарыарқадай жер екен. қарқаралы, балқаш көл, көкше сұлу, баян тау – жер жұмағы дер екен. (Ж.Ж.) сол кезде ғана бұларға жеткен көксерек келе құлақ шекеден қауып түсіп, көз ілескенше қара аланы жұлып соғып, астына жұмарлап басып алды. (М.Ә.) жері бай, топырағы құнарлы, суы мол, ауа райы жұмсақ яксарты, харчук өлкелері ежелгі қыпшақтардың ата қонысына айналған. (Д.Д.) сол сияқты үмбетей жырау бөгенбай батырды жоқтаған өлеңінде баянауыл, қызылтау, абралы, шыңғыстау, қозымаңырақ, қоймаңырақ, қара ертіс, алтай, ақшәулі тәрізді жер-су аттарын шоғырымен келтіреді. (Р.С.) жанақ пен шөжелер «қозы көрпеш – баян сұлу» жырының өз варианттарын ұсынған. (Р.С.) зерттеушілер жалғыз қазақ емес, кіші азия, кавказ, орта азия, поволжьені мекен ететін түркі халықтарының поэзиясындағы ритмикалық құрылыстың соңғы дәуірлердегі басты құралы ұйқас екендігін де дәлелдейді. (Р.С.) «шайыр», «жақсы үгіт», «мұрат ақынның ғұмарқажыұғлына айтқаны» сияқты революциядан бұрын жарық көрген жинақтарды бастырушылар тек ауызша жырланғаннан жиылған материалдарды ғана емес, әлдеқалай сақталған дәптерлерді де пайдаланған тәрізді. (Р.С.)

 

ІІ. бұл мәтіндер «ХҮІІІ–ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары» (1962), «үш ғасыр жырлайды» (1965), «ертедегі әдебиет нұсқалары» (1967), «алдаспан» (1971), «ХҮ–ХҮІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясы» (1982) атты кітаптарда басылып, көпшілік назарына ұсынылды. (Р.С.) қазақтың ұлттық жазба әдеби тілінің бастауы абай, ыбырай сияқты қаламгерлер есімімен, «түркістан уалаяты» газеті, «дала уалаяты» газеттерінің шығуымен байланыстырыла сөз етіліп жүргені мәлім. (Р.С.) аспанда, сонау қол жетпес алыста тұрған ожау тәрізді жұлдыз, бұл – жетіқарақшы. (С.Тал.) мінгенің күтулі «победа» болса да, көкшетау мен рузаев арасында жолаушылау оп-оңай жұмыс емес. (Т.Н.) мысалы, қ.жұмалиев абайға дейінгі әдебиетті «қазақтың тарихи әдебиеті» деп, қ.өмірәлиев «қазақтың азаматтық поэзиясы» деп, а.ысқақов пен е.жұбановтар «жалпы халықтық әдебиет» деп атап кетеді. (Р.С.) өйткені ұлы отан соғысын жеңіспен аяқтап, қанішер жендеттің жұрымын үзген солар – арыстан жүректі ардагерлер, солдаттар. («Қазақ әдебиеті») «бірлік» колхозы шаруасы жұтаңдау, жетпіс-сексен ғана үй. (С.Ш.) перовский указға көз жүгіртіп оқи бастады. бұл бірінші николай патшаның бір мың сегіз жүз отыз сегізінші, қазақша ит жылы мамыр айының бірінде берген указы еді. (І.Е.) руым орта жүздің деген жері, жалпы отыр жетісудың кемеңгері. жүйріксініп жүргендей не бар мұнда, ол, шіркін, ақын болса келсін бері. (Ж.Ж.) машина сабындыкөлді жағалап, жүнделген қара қайыс түйе тәрізді жапанда шөгіп жатқан «найзатас» атанған тас тауды басып, бірінші бөлімшенің орталығына қарай бұрылды. (З.Ш.) есболат болса дүниеде түк болмағандай жылмың-жылмың етіп «еңбекші қазақ» ауданындағы фрунзе атындағы колхозда экономист болып жүріп жатыр. (Б.Қ.)

 

90-жаттығу. Төменде берілген газет атауларын емле ережесіне сәйкес жазып шығыңыздар. Олардың бас әріппен жазылу ерекшеліктеріне назар аударып, жазылу себебін түсіндіріңіздер.

абай-ақиқат, аймақ ажары, ақ жайық, ақ жол, аққу үні, ақмешіт жастары, алатау арайы, алатау жұлдызы, алматы ақшамы, алтын астық, ана тілі, арайлы катонқарағай, аршалы айнасы, ауыл тынысы, аягөз жаңалықтары, бұқар жырау жаршысы, бұланды ақпарат, біздің бесқарағай, білімді ел, дала уалаятының газеті, дидар, егемен қазақстан, ел тілегі, ертіс алауы, ертіс нұры, есіл-нұра, жайық шұғыласы, жаңа бастау, жаңа жетісай, жаңа уақыт, жас алаш, жем-сағыз, заң газеті, зерделі зеренді, кең жылой, курчатов көкжиегі, қазақ әдебиеті, қазақ спорты, қазақстан дәуірі, қазақстан мұғалімі, қазақстан теміржолшысы, қордай шамшырағы, нұр-қорғалжын, нұрлы көксу, оңтүстік рабат, орал өңірі, ордабасы оттары, орталық қазақстан, отан сақшысы, отырар өркениеті, сарыарқа самалы, семей таңы, сыр бойы, туған өлке, тұғырлы тарбағатай, түркістан уалаятының газеті, уақыт тынысы, шартарап-шарайна, шымкент келбеті, іле таңы.

 

91-жаттығу. Көркем шығармалардан бас әріппен жазылатын сөздердің әр түріне үш мысалдан тауып жазыңыздар. Мысалдардың не себепті бас әріппен жазылғанын емле ережесіне сүйеніп түсіндіріңіздер.

 

92-жаттығу. Төменде берілген көркем шығармалардың атауларын емле ережесіне сай жазып, авторларын анықтаңыздар. Шығарма атауларының не себепті бас әріппен және тырнақша арқылы жазылғанын түсіндіріңіздер.

«абайдың жұмбағы», «адасқақ», «ай мен айша», «алтын сақина», «ақ боз үй», «ақан сері», «ақбоз ат», «ақбілек», «ақжайық», «аққыз», «бақытсыз жамал», «болашаққа жол», «болмаған балалық шақ», «біздің заманның аяз биі», «бір түп тораңғы», «гүлдер мен кітаптар», «елім-ай», «ескендір мен роксана», «жолдастар», «жібек жолы», «кездеспей кеткен бір бейне», «көк бөрілердің көз жасы», «көшпенділер», «күтумен кешкен ғұмыр», «қалың мал», «қамар сұлу», «қан мен тер», «қарағанды», «қилы заман», «қойлыбайдың қобызы», «қоңыр күз еді», «құдірет», «құланның ажалы», «қылмыс», «махаббат қызық мол жылдар», «махамбеттің жебесі», «менің атым – қожа», «менің құрдастарым», «оспан батыр», «отамалы», «өз отыңды өшірме», «өмір жыры», «өмір мектебі», «өмірзая», «патефон», «соңғы соққы», «сүйекші», «тазша бала», «талтүс», «тар жол, тайғақ кешу», «тозақ оттары жымыңдайды», «ұшқан ұя», «үйірі жоқ көкжал», «ханша дария», «шұғаның белгісі», «шырағың сөнбесін».

 

Шығармалардың авторлары: Ж.Аймауытов, Ы.Алтынсарин, Д.Амантай, Т.Ахтанов, Т.Әбдіков, С.Әбілқасымұлы, Ә.Әлімжанов, Т.Әлімқұлов, Т.Әсемқұлов, М.Әуезов, М.Байғұт, О.Бөкеев, Д.Досжанов, М.Дулатов, А.Елгезек, С.Елубай, С.Ерубаев, І.Есенберлин, Х.Есжанов, І.Жансүгіров, Т.Жармағамбетов, М.Жұмабаев, Қ.Жұмаділов, С.Жүнісов, Т.Зәкенұлы, Д.Исабеков, Ә.Кекілбаев, Қ.Кемеңгеров, С.Көбеев, Ө.Қанахин, Ғ.Құлахмет, М.Мағауин, Б.Майлин, Б.Момышұлы, Б.Мұқай, С.Мұқанов, Ш.Мұртаза, Ғ.Мұстафин, Ғ.Мүсірепов, Б.Нұржекеев, Ә.Нұрпейісов, Ә.Нұршайықов, А.Нұрманов, А.Сейдімбеков, С.Сейфуллин, С.Сматаев, Б.Соқпақбаев, А.Сүлейменов, К.Тоқаев, Р.Тоқтаров, С.Торайғыров, Э.Төреханов, Қ.Шабданұлы, С.Шаймерденов, Ж.Шаштайұлы, Қ.Ысқақ.

 

93-жаттығу. Төменде берілген сөздердің емле ережесіне сәйкес қажеттісін бас әріппен жазып шығыңыздар. Сөздердің бас әріппен жазылу себебін түсіндіріп, ережеге сүйене отыра дәлелдеңіздер.

ә.марғұлан атындағы павлодар педагогикалық университеті гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебі, әулие матвей аралдары, қаздауысты қазыбек, қазақстан республикасы ғылым және жоғары білім министрлігінің ғылым комитеті, біріккен ұлттар ұйымының бас ассамблеясы, халиф һарун-ар-рашид, оңтүстік іле артезиан алабы, абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университеті, қазақстан республикасы қаржы министрлігінің кедендік бақылау комитеті, қарауыл қанай шешен, нұх пайғамбар, қазақстан халық қаһарманы, тынық мұхит, ғайып ерен қырық шілтен, қазақстан республикасы президенті, таймас, орталық қазақстан, баға тархан, ұлттық банк қоры, академик е.а.бөкетов атындағы қарағанды ұлттық зерттеу университеті, қыналы бармақ қызылгүл, и.а.бодуэн де куртенэ, қарағанды облысының әкімі, қорқыт ата, әбу насыр әл-фараби атындағы мұражай, павлодар қаласы, оңтүстік шығыс еуропа, кенже қара бағыс, кіші сүмбіле, ай астындағы айбарша сұлу, шықбермес шығайбай, қазақстан республикасының ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театры, тайбурыл, сейфүл-мәлік, үшарқар таразы, қазақстан республикасы сыртқы істер министрлігі.

 

94-жаттығу. Ғылыми еңбектерден, оқулықтардан немесе интернет материалдарынан бас әріптің қолданылуына байланысты 25–30 мысал теріп жазыңыздар. Әр мысалдың не себепті бас әріппен жазылғанын емле ережесіне сүйеніп түсіндіріңіздер.

 

95-жаттығу. Төменде берілген жер-су аттарының жақшасын ашып, емле ережесіне сәйкес жазыңыздар. Сөздердің бірге, бөлек, дефис арқылы әрі бас әріппен жазылу себебін түсіндіріңіздер.

азия(тынық)(мұхит)(аймағы), ақ(жайық)(өңірі), ақ(су)(жабағылы)(қорығы), ала(көл)(ойпаты), алма(арасан)(минералды)(су)(бұлағы), анд(тау)(жотасы), апшерон(түбегі), аскания(нова)(қорығы), бадам(сайрам)(су)(сақтау)(қоймасы), балқаш(ала)(көл)(ойысы), барса(келмес)(қорығы), бар(тоғай)(бөгені), басшы(қара)(өлең)(артезиан)(алабы), батыс(сібір)(плитасы), бенгал(шығанағы), бетпақ(дала)(артезиан)(алабы), бетпақ(дала)(үстірті), волга(балтық)(су)(жолы), волга(кама)(су)(жолы), гоби(шөлі), дарбаза(су)(құбыры), донецк(днепр)(бойы), жаркент(арасан)(минералды)(бұлақтары), жеті(су)(өңірі), көк(орал)(бөгеті), қара(бұзау)(көл)(шығанағы), қара(тау)(қыраты), құлжа(жолы), ла(манш)(бұғазы), мәри(бэрд)(жері), оңтүстік(іле)(артезиан)(алабы), памир(алтай)(тау)(жүйесі), солтүстік(каспий)(аймағы), үлкен(алматы)(каналы), үлкен(тосқауыл)(рифі), шым(бұлақ)(шатқалы), халхин(гол)(өзені), хан(тәңірі)(шыңы), ыстық(көл)(шұқыры).

 

96-жаттығу. Жақшаны ашып, төменде берілген діни есімдер мен атауларды емле ережесіне сәйкес жазып шығыңыздар. Атаулардың бас әріппен жазылу ерекшеліктеріне назар аударыңыздар. Әрбір сөздің жазылу себебін түсіндіріп, жалқы есімдердің емлесіне қатысты ережелерді негізге алыңыздар.

адам(ата), алла(тағала), арыстан(бап), ашура(түні), әбубәкір(сыдық), әбілхаят(суы), әзірейіл(періште), барат(түні), дәуіт(пайғамбар), зәбүр, зұлхажа(қылыш), зәмзәм(құдығы), имам(ағзам)(әбу)(ханифа), иса(мәсіх), иәжүж(мәжүж), көк(тәңірі), қағба, қадыр(түні), құдай(тағала), құл(қожа)(ахмет)(ясауи), құран(кәрім), қыдыр(ата), мекәйіл(періште), миғраж(түні), мүңкір(нәңкір)(періштелер), мұхаммед(мұстафа), омар(хазірет), рамазан(айы), ризуан(періште), рүстем(дастан), самсам(қылыш), сират(көпірі), тәурат, хауана, ыдырыс(пайғамбар), ысмайыл(пайғамбар), ысрапыл(пайғамбар), інжіл, хазірет(оспан), хазірет(әли).

 

97-жаттығу. Жақшаны ашып, төменде берілген ертегі, миф және аңыз-әпсана кейіпкерлерінің есімдерін емле ережесіне сәйкес жазып шығыңыздар. Олардың бас әріппен жазылу себебін түсіндіріп, жалқы есімдердің емлесіне қатысты ережелерді ескеріңіздер.

ақ(моншақ), ала(тайлы), аңшы(бай)(алдар)(көсе), алпыс(отаулы)(қаражын), алтын(айдар), алтын(балық), алып(қара)(құс), аспандағы(төрт)(атты), аяз(ата), әулие(ата), баба(омар)(әулие), бек(торы), бұғы(ана), біз(бике), винни(үрпек), дәу(пері), дөнен(қара)(бағыс), жалды(қара), жалмауыз(кемпір), жарық(бас), жеті(асар), жылан(бапы)(хан), зеңгі(баба), көк(жорға), күн(кіші)(әулие), қанатты(қара)(қасқа), қаңбақ(шал), қара(құлақ), қара(құлжа), қара(торғай), қозы(көрпеш), құл(шора), құнан(қара)(бағыс), қыл(кеңірдек), мәлік(ахмар), сақ(құлақ), су(тұлпар), тазша(бала), тауды(талпаң), шайық(абыл)(құдыс), ши(бұт), шойын(құлақ), шолақ(пері), шық(бермес)(шығай)(бай).

 

98-жаттығу. Жақшаны ашып, төменде берілген кісі есімдерін емле ережесіне сәйкес жазыңыздар. Олардың бас әріппен жазылу ерекшеліктерін түсіндіріңіздер.

І. айша(бибі), ақ(көбек), ақыл(қанікей), алпамыс(батыр), асан(қайғы), атымтай(жомарт), әз(жәнібек), әнші(майра), баба(түкті)(шашты)(әзіз), балуан(шолақ), бекет(ата), домалақ(ана), ер(қосай), жалайыр(мұқа)(ноян), жалаң(төс)(баһадүр), жаяу(мұса), кекеш(әбет), кіші(мұхаммед)(хан), қара(керей)(қабан)(бай), қарға(бойлы)(қаз)(туған), қоңыр(әулие), қорқыт(ата), құлан(кейкі)(батыр), қызыл(құрт)(теке)(би), қыран(қадыр)(хан), майлы(қожа), мәделі(қожа), мүйізді(сары)(абыз), найман(ана), нияз(сері), орта(жүз)(орманбет)(би), палман(шайыр), сары(шонай)(би), судыр(ахмет), сұраншы(батыр), төрт(қара)(бәймен)(би), тышқан(құлақ)(асан), халифа(алтай), шал(ақын), шапырашты(наурыз)(бай), шөкей(қыз), шүліңгір(батыр).

 

ІІ. абыз(шаншар), абылай(хан), алаша(байсал)(би), арғын(алшағыр)(би), ахмет(риза)(хазірет), әмір(темір), баба(сұлтан), бала(би), бал(қожа)(би), бибі(ажар), білге(қаған), есім(хан), ибраһим(паша), исан(тайшы), күдері(қожа), қайқы(сопы), қожа(хафиз), қонтайшы(қалдан)(серен), мейрам(сопы), мұқа(ноян), мұхаммед(шах), мырза(ахмет), омар(шейх)(мырза), оспан(халиф), размамбет(тархан), рәбия(бегім), сапақ(датқа), сарай(мүлік)(ханым), серәлі(қожа), сулық(қаған), сұлтан(ахмет)(мырза), сұлтан(бейбарыс), сұлтан(жүніс)(хан), сұлтан(махмұт)(хан), сүлеймен(патша), сүтемген(баһадүр), тайкелтір(би), тезек(төре), тіленші(би), ұлық(мұхаммед), ұлы(мұхаммед)(хан), шағат(бегім), шайбани(ибақ)(хан), шах(бике), шах(мәлік), шыңғыс(төре).

 

99-жаттығу. Жақшаны ашып, төменде берілген атауларды емле ережесіне сәйкес жазыңыздар. Олардың бас әріппен жазылу ерекшеліктерін түсіндіріңіздер.

ақ(ертіс), ақ(теңіз), алдыңғы(азия), ащы(ала)(көл), ащы(тасты)(торғай), әулие(елена)(аралдары), батыс(еуропа), батыс(қазақстан), батыс(сібір)(ойпаты), баффин(жері)(аралдары), вест(үндістан), дешті(қыпшақ), дондағы(ростов), жаңа(британия)(аралы), жаңа(зеландия), жоңғар(алатауы), ежелгі(греция), көк(ертіс), кішкене(арал)(төбе), кіші(азия), кіші(қара)(ой), қара(қойтас), қара(теңіз), қиыр(шығыс), қос(шалқар), қызыл(теңіз), оңтүстік(батыс)(алтай), оңтүстік(корея), оңтүстік(шығыс)(еуропа), орта(азия), орта(шығыс), отты(жер)(аралы), сары(теңіз), сауд(арабиясы), солтүстік(мұзды)(мұхит), солтүстік(тянь)(шань), таулы(алтай), таяу(шығыс), теріскей(ала)(тау), түрген(сарқырамасы), тынық(дон), тынық(мұхит), ұлы(америка)(көлі), үлкен(арал)(төбе), үлкен(жаман)(тау), үлкен(қара)(ой), шет(бақанас), шолақ(аңқаты), шығыс(қазақстан), іле(алатауы), экваторлық(гвинея).

 

100-жаттығу. Жақшаны ашып, төменде берілген планета, жұлдыз, шоқжұлдыз және метеорит атауларын емле ережесіне сәйкес жазыңыздар. Олардың бас әріппен жазылу, бірге не бөлек таңбалану ерекшеліктеріне назар аударып, әрбір атаудың жазылу себебін түсіндіріңіздер.

ақ(боз)(ат), ақ(жұлдыз), ақ(сүмбіле), алтын(балық), алтын(қазық), арқан(жұлдыз), есек(қырған), ешкі(мүйіз), жалғыз(қазық), жебеуші(жұлдыз), жеті(қарақшы), жеті(қарақшының)(бақырашы), жеті(құрт), жұмақ(құсы), зәуре(жұлдызы), керуен(жұлдызы), көгалдай(мергеннің)(көк)(шақпағы), кіші(арлан), кіші(арыстан), кіші(ат), кіші(аю), кіші(таразы), кіші(шолпан), қамбар(тоғысы), қара(құрт), қол(таразы), қос(жұлдыз), қызыл(жұлдыз), қыран(қарақшы), қырлы(жігіт), қырық(қарақшы), лақ(сүмбіле), оңтүстік(балық), оңтүстік(тәж), оңтүстік(үш)(бұрыш), сабақты(жұлдыз), сабан(жолы), сары(шаян), саттары(сегіз), солтүстік(тәж), сұлу(сары), сұр(мерген), сыңар(мүйіз), темір(қазық), төрт(босаға), тырна(жолы), үлкен(арлан), үлкен(таразы), үш(арқар)(таразы), ұшқыш(балық), шабан(сары), шығарма(жұлдыз), шідер(жұлдызы), іңір(жұлдызы).

 

101-жаттығу. Төменде берілген мекеме, ұйым және кәсіпорын атауларын емле ережесіне сәйкес жазыңыздар. Атаулардағы бас әріптің қолданылуына назар аударып, олардың жазылу ерекшеліктерін есте сақтаңыздар.

І. а.байтұрсынұлы атындағы қостанай өңірлік университеті, адам құқығы жөніндегі халықаралық ұйым, қ.жұбанов атындағы ақтөбе өңірлік университеті тарих-филология факультеті, абылай хан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті аударма ісі және филология факультеті, әл-фараби атындағы қазақ ұлттық университеті филология факультеті, б.римова атындағы талдықорған қалалық қазақ драма театры, балуан шолақ атындағы спорт сарайы, ғ.мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театры, дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, ж.елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжі, қазақстан республикасының ә.қастеев атындағы ұлттық өнер мұражайы, kaspi bank акционерлік қоғамы, қазақойл ұлттық мұнай-газ компаниясы, қазақстан республикасы ауыл шаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын басқару комитеті, қазақстан республикасы денсаулық сақтау министрлігі медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті, қазақстан республикасының жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі цифрлық активтер және серпінді технологиялар комитеті, қазақстан республикасы қорғаныс министрлігінің ұлттық қорғаныс университеті, қазақстан республикасы әділет министрлігінің тіркеу қызметі және заңгерлік қызметтер көрсетуді ұйымдастыру комитеті, қазақстан республикасы президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы, қазақстан халық банкі акционерлік қоғамы, гүлдер республикалық мемлекеттік эстрадалық жастар ансамблі, екібастұз инновациялық еуразия университетінің колледжі, ж.аймауытов атындағы павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театры.

 

102-жаттығу. Төменде берілген атауларды емле ережесіне сәйкес жазыңыздар. Олардың бас әріппен жазылу ерекшеліктеріне назар аударып, себебін түсіндіріңіздер.

аманат партиясының төрағасы, астана қаласы бойынша өзбек этномәдени орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы, қазақстан республикасы жоғары сот кеңесі, қазақстан республикасы қарулы күштері құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, қазақстан республикасы қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, қазақстан республикасы мемлекеттік күзет қызметінің бастығы, қазақстан республикасы президенті әкімшілігінің қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі, қазақстан республикасы ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, қазақстан республикасының бас прокуроры, қазақстан республикасының мемлекеттік кеңесшісі, қазақстан республикасының президенті, қазақстан республикасының президенті әкімшілігінің басшысы, қазақстан республикасының президентінің көмекшісі, қазақстан республикасының премьер министрі, қазақстан республикасының сыртқы істер министрі, қазақстан республикасының ішкі істер министрі, қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары.

 

103-жаттығу. Төменде берілген мемлекеттік наградалар мен құрметті атақ атауларын емле ережесіне сай жазыңыздар. Олардың бас әріппен жазылу ерекшеліктеріне назар аударып, себебін түсіндіріңіздер.

сағадат нұрмағамбетов атындағы І дәрежелі айбын ордені, бауыржан момышұлы атындағы ІІ дәрежелі айбын ордені, рақымжан қошқарбаев атындағы ІІІ дәрежелі айбын ордені, алтын алқа, алтын қыран ордені, барыс ордені, даңк ордені, достық ордені, ел бірлігі ордені, еңбек даңқы ордені, ерен еңбегі үшін медалі, ерлігі үшін медалі, жауынгерлік ерлігі үшін медалі, күміс алқа, қазақстанның ғарышкер ұшқышы атағы, қазақстанның еңбек ері, қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері атағы, қазақстанның еңбек сіңірген геологі атағы, қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері атағы, қазақстанның еңбек сіңірген инженері атағы, қазақстанның еңбек сіңірген кеншісі атағы, қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы, қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы атағы, қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері атағы, қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы атағы, қазақстанның көлік саласының еңбек сіңірген қайраткері атағы, қазақстанның су шаруашылығы саласының еңбек сіңірген қайраткері атағы, қазақстанның халық әртісі атағы, қазақстанның халық жазушысы атағы, қазақстан республикасының құрмет грамотасы, құрмет ордені, отан ордені, парасат ордені, халық қаһарманы атағы, шапағат медалі.

 

104-жаттығу. Төменде берілген салалық марапат атауларын емле ережесіне сай жазыңыздар. Олардың бас әріппен жазылу ерекшеліктеріне назар аударып, себебін түсіндіріңіздер.

ы.алтынсарин төсбелгісі, ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін төсбелгісі, арнайы білім беру ісінің үздігі құрмет дипломы, ахмет байтұрсынұлы төсбелгісі, болашақ халықаралық стипендиясы, білім беру ісінің құрметті қызметкері төсбелгісі, ғылым және жоғары білім министрлігінің алғысы, ғылым және жоғары білім министрлігінің құрмет грамотасы, ғылым үздігі құрмет дипломы, ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін төсбелгісі, жоғары білім беру ісінің құрметті қызметкері төсбелгісі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ісінің үздігі құрмет дипломы, жоғары оқу орнының үздік оқытушысы атағы, қазақстан республикасы оқу-ағарту министрлігінің алғысы, қазақстан республикасы оқу-ағарту министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері құрмет дипломы, қазақстан республикасы оқу-ағарту министрлігінің құрмет грамотасы, қосымша білім беру ісінің үздігі құрмет дипломы, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ісінің үздігі құрмет дипломы, орта білім беру ісінің үздігі құрмет дипломы, техникалық және кәсіптік білім беру ісінің үздігі құрмет дипломы, тіл жанашыры құрмет дипломы, үздік ғылыми қызметкер сыйлығы.

 

105-жаттығу. Төменде берілген ұйым атауларын емле ережесіне сәйкес жазыңыздар. Олардағы бас әріптің қолданылуына назар аударып, жазылу себебін түсіндіріңіздер.

азия даму банкі, атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік, азия мен тынық мұхиты үшін экономикалық және әлеуметтік комиссиясы, батыс африка даму банкі, біріккен ұлттар ұйымының адам құқықтары жөніндегі кеңесі, біріккен ұлттар ұйымының білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы, біріккен ұлттар ұйымының капиталды дамыту қоры, біріккен ұлттар ұйымының өнеркәсіптік даму ұйымы, біріккен ұлттар ұйымының халықаралық балалар төтенше жағдайлар қоры, гуам демократия және экономикалық даму ұйымы, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы, дүниежүзілік жабайы табиғат қоры ұйымы, еуразиялық экономикалық одақ, еуропа даму банкінің кеңесі, еуропалық экономикалық комиссиясы, жартылай құрғақ тропикке арналған халықаралық дақылдарды зерттеу институты, ислам ынтымақтастығы ұйымы, оңтүстік шығыс азия балық шаруашылығын дамыту орталығы, оңтүстік шығыс азия білім министрлері ұйымы, опек халықаралық даму қоры, орталық азия ынтымақтастық ұйымы, сауда және даму жөнінде конференциясы, солтүстік батыс атлантикалық балық шаруашылығы ұйымы, тәуелсіз мемлекеттер достастығы, үндістан тынық мұхиты аралдары ынтымақтастығы форумы, халықаралық телекоммуникация одағы, халықаралық түркі мәдениеті ұйымы, ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың дайындық комиссиясы.

 

106-жаттығу. Төменде берілген оқиғаларды емле ережесіне сәйкес жазыңыздар. Олардың бас әріппен жазылу ерекшеліктеріне назар аударып, себебін түсіндіріңіздер.

айқыш жорықтары (1096–1270), алашорда үкіметі (1917–1920), алқызыл роза мен ақ роза соғыстары (1445–1485), андронов мәдениеті (б.з.б. ІІ–І ғғ.), асы көтерілісі (1916), ашық есік доктринасы (1899), балқаш шайқасы (1929), беғазы мәдениеті (б.з.б. ІХ–ҮІІІ ғғ.), брест бітімі (1918), варшава шарты (1955), вена конгресі (1914–1915), доғал шайқасы (1917), есік обасы (б.з.б. Ү–ІҮ ғғ.), есім ханның ескі жолы (1598–1645), жангелдин экспедициясы (1918), желтоқсан көтерілісі (1986), жеті жарғы (ХҮІІ–ХҮІІІ ғғ.), жетісу көтерілісі (1916), жүзкүндік реформа (1898), жүз тоқсан үш адам процесі (1877), кеңес қытай жанжалы (1929), коломбо жоспары (1950), куба төңкерісі (1959), курск шайқасы (1943), кіші ноғай ордасы (ХҮІ ғ.), қазақ жоңғар соғыстары (ХҮ–ХҮІІІ ғғ.), қазақ ордасы (ХҮ ғ.), қасымханның қасқа жолы (1511-1523), қимақ мемлекеті (ІХ–ХІ ғғ.), қиыр шығыстық комиссия (1945), құдырғы қорымы құлжа жолы (ХІХ–ХХ ғғ.), қырым конференциясы (1945), маңғыстау көтерілісі (1870), мексика экспедициясы (1861–1867), орыс жапон соғысы (1904–1905), орыс түрік соғыстары (ХҮІІ–ХІХ ғғ.), осман империясы (ХҮІІ–ХІХ ғғ.), париж коммунасы (1871), пенсильвания кеншілерінің ереуілі (1902), сарыорамалдылар көтерілісі (184–204), сарысу созақ көтерілісі (1930), ташкент декларациясы (1966), тегеран конференциясы (1943), төртінші май қозғалысы (1919), ұлы жібек жолы (б.з.б. ІІ–ХҮІ ғғ.), үлкен ноғайлы (ХҮІ ғ.), үштік одақ (1882), хиуа хандығы (ХҮІ–ХХ ғ. басы), шақпақ ата қорымы (Х–ХІХ ғғ.), ыбырай мектебі (1850), ішкі орда бөкей хандығы (ХІХ ғ.), ясы күлтөбе (ІҮ–Ү ғғ.).

 

Мәтінді мұқият тыңдап, бас әріппен жазылатын сөздерді тауып жазыңыздар. Олардың не себепті бас әріппен жазылғанын түсіндіріңіздер.

 

 

Мәтінді мұқият тыңдап, бас әріппен жазылатын сөздерді тауып жазыңыздар. Оларды мағыналық ерекшеліктеріне қарай топтастырып, әр сөздің бас әріппен жазылу себебін түсіндіріңіздер.

 

 

Мәтінді мұқият тыңдап, бас әріппен жазылатын сөздерді тауып жазыңыздар. Әр сөздің бас әріппен жазылу себебін тиісті емле ережесі негізінде түсіндіріңіздер.