Буын үндестігіне сәйкес қосымшалар түбір сөздің соңғы буынының жуан-жіңішкелігіне қарай не жуан, не жіңішке болып жалғанады: біл-ім-ді-лер-іміз-дің, үлгі-лі-лер-ді, өнер-іміз-ге, бөлтірік-тер-і-нің, дарын-ды-лар-ымыз-дың, парасат-ты-лар-ға, талап-тан-у-шы-лар-ды, қанағат-тан-дыр-ыл-ма-ған-дық-тар-ыңыз-дан т.т.
Қазақ тілінде буын үндестігіне бағынбай жалғанатын қосымшалар да бар. Бұндай қосымшаларға -бан, -гер, -кер, -кент, -хана, -стан, -еке, -жан, -кар, -кеш, -дар, -көй, -гөй, -күнем, -қор, -қой, -мар, -маш, -нікі (-дікі, -тікі), -паз, -тал, -уар, -мен, -бен, -пен т.б. жатады: мейірбан, саудагер, қайраткер, Шымкент, дәріхана, Өзбекстан, басеке, көкежан, күнәкар, арбакеш, білімдар, қаскөй, ақылгөй, қаскүнем, еңбекқор, әзілқой, ділмар, тілмаш, баланікі, ағамдікі, Қайраттікі, өнерпаз, өсімтал, сөзуар, қармен, қызбен, атпен.
Күнә, кінә, шүбә, куә, іңкәр, күмән, Күләш, Күлән т.б. осы секілді соңғы буынында жіңішке ә әрпі жазылатын сөздерге қосымшалар жіңішке түрде жалғанады: күнәсіз, кінәлі, шүбәсіз, куәлік, күмәнді, Күләштің, Күләнді т.т. Алайда барыс, жатыс, шығыс септік жалғаулары және етістік тудыратын -ла жұрнағы жуан түрде жалғанады: күнәға, күнәдан, күнәсіна, кінәлау, куәға, куәдан, Күләшқа, Күләннан т.т.
Әріптерден қысқарған сөздерге қосымшалар соңғы әріптің не цифрдың айтылу әуеніне қарай, егер қысқарған сөз құрамында дауысты дыбыс болса, қосымша сол дауысты дыбыстың жуан не жіңішке айтылуына қарай дефис арқылы жалғанады: ТМД-ға, ҚР-ның, БАҚ-қа, ППУ-да, БҰҰ-ға, ҰБТ-да, ЖОО-ның, ТУ-144-ке, МТЗ-82-ге.
Пайыз (%) және градус (°) сынды шартты таңбалармен берілген сөздерге қосымшалар сол сөздердің соңғы буындарының әуеніне қарай дефис арқылы жалғанады: 10%-дан, 25%-ға, 20°-тан, 30°-қа.
См, мм, дм, км, га, кг, т сияқты қысқартылған өлшем бірліктеріне қосымшалар осы бірліктерді білдіретін толық сөздердің соңғы буынының жуан-жіңішкелігіне қарай дефис арқылы жазылады: 50 км-ден, 100 га-дан, 5 дм-дің, 15 см-ге, 10 мм-ді, 30 кг-ды, 5 т-дан т.т.
Жеке әріптер объект ретінде қолданылып, оларға қосымшалар жалғанғанда, қосымша сол әріптің айтылу әуеніне қарай жуан не жіңішке түрде жалғанып, дефис арқылы жазылады: А-дан, Ә-ге, Б-ны, Т-дан т.т.
Жалқы есімдер й, ш дауыссыз дыбыстарына аяқталса, оған -ев (-ева), өзге дауыссыздарға аяқталғанда, -ов (-ова), ал дауысты дыбыстарға аяқталса, орыс тілінің -ин (-ина) жұрнақтары жалғанады: Әуезов, Жүнісова, Қарашашева, Қаратай – Қаратаев, Алтынсары – Алтынсарин, Иса – Исина. Кейде дауысты дыбысқа аяқталатын кісі есімдеріне де -ев (-ева) жұрнағы жалғанады: Абдолла – Абдоллаева, Мұса – Мұсаев. Егер жалқы есім ы, і дыбыстарына аяқталса, оған -ев (-ева) жұрнағы жалғанғанда, соңғы ы, і дыбыстары и әрпіне өзгереді: Сары + ев – Сариев, Жұмалі + ева – Жұмалиева. -ов, -ев жұрнақтары арқылы жасалған фамилияларға қосымшалар түбірдің соңғы буынының жуан-жіңішкелігіне қарай жалғанады: С.Жүнісовке, М.Әуезовтің, С.Исаевтың, Р.Алтыншашевқа т.т.
Қосымшалар дыбыс үндестігі заңына сәйкес түбір сөздің соңғы дыбысына үйлесіп жалғанады. Яғни сөз қатаң дыбысқа аяқталса, қосымша қатаң, ал сөз ұяң немесе үнді дыбысқа аяқталса, қосымша да ұяң не үнді дыбыстан басталады: талапшыл, табысты, мектепке, қыздар, ауызбен, балдыздың, қаламмен, құлынмен, таулы, арманға, дәуренге, бағдаршамды т.т.
Алайда б, в, г, д әріптеріне аяқталатын сөздерге дауыссыз дыбыстан басталатын қосымшалар тек қатаң дыбыстан басталып жалғанады: клубқа, штабтан, архивте, активтен, диалогке, монологтің, Мадридке, парадқа.
Түбір сөздің соңғы дыбысы с не з болып, оған с, ш дыбыстарынан басталатын қосымша жалғанғанда, түбірдің соңғы дыбысы өзгермей жазылады: арызсыз, жазса, сөзшең, ауызша, бізше, барысша, басшы, жұмысшы т.т.
Түбір сөздің соңғы дыбысы н болып, оған г, ғ, қ, б, м дыбыстарының бірінен басталатын қосымша жалғанғанда, түбірдің соңғы н дыбысы өзгермей жазылады: жанға, қашанғы, бұрынғы, бүгінгі, түнгі, кейінгі, сәнқой, нанба, жонбады, көнбеді, әнмен, жанмен т.т.
Қосымшалар дауысты дыбыстан басталғанда, түбір сөздің соңындағы к, қ, п қатаң дауыссыздары г, ғ, б ұяң дыбыстарына өзгереді. Сондай-ақ етістік тұлғаларындағы қатаң п дыбысы үнді у дыбысына ауысады: жүрегі, күрегі, тарағы, құлағы, себебі, жауабы; жап – жауып, жабады, тап – тауып, табады т.т. Алайда кей сөздерде түбірдің соңғы дыбысы өзгермей сақталады: қазақы (ат), қалмақы (ер), принципі, типі, сапы (еңбек сапында).
Соңғы буынында ы, і дыбыстары бар сөздерге дауысты дыбыстан басталатын қосымшалар жалғанғанда, сөздің соңғы буынындағы ы, і дыбыстары түсіп қалады: мұрын + ы – мұрны, халық + ы – халқы, қарын + ы – қарны, ерін + і – ерні, көрік + і – көркі, ерік + і – еркі т.т. Ал ауыл, дауыс деген сөздерге тәуелдік жалғауы жалғанғанда, соңғы буындағы ы, і дыбыстары айтылу ыңғайына қарай түсіріліп те, сақталып та жазыла береді: ауылы, аулы, дауысы, даусы.
Ст, сть, зд, вт, сс, лл, мм, тт дыбыс тіркестеріне аяқталатын сөздер түбір тұлғасында еш өзгеріссіз жазылады. Ал оларға қосымша жалғанғанда, түбір құрамындағы соңғы дауыссыз дыбыс түсіріліп жазылады: трест – треске, ведомость – ведомосқа, съезд – съезге, астронавт – астронавқа, конгресс – конгреске, металл – металды, грамм – грамның, ватт – ватқа т.т. Алайда жалқы есімдерде түбірдің соңғы дыбыстары сақталып жазылады: Кузбасс – Кузбасстан, Я.Гримм – Я.Гриммге (бірақ Я.Гримммен емес, Я.Гриммен).
Жіңішкелік белгісіне (ь) аяқталған көп буынды кірме сөздерге қазақ тілі қосымшалары буын үндестігі бойынша жалғанады, яғни сөздің соңғы буыны жуан болса, қосымша да жуан, сөздің соңғы буыны жіңішке болса, қосымша да жіңішке түрде жалғанады: моральға, корольға, госпитальға, дизельге, кабельге, карамельге т.т. Ал жіңішкелік белгісіне (ь) аяқталған кірме сөздерге дауысты дыбыстан басталған тәуелдік жалғауының тұлғалары жалғанғанда, жіңішкелік белгісі (ь) түсіріліп жазылады: моралі, королі, госпиталі, дизелі, кабелі, карамелі т.т.
Соңғы екі дауыссыз дыбыстың арасында жіңішкелік белгісі (ь) кездесетін кірме сөздерге қазақ тілі қосымшалары буын үндестігі заңына сәйкес жалғанады: импульске, кобальтқа, асфальтқа, базальтқа т.т.
Соңғы буыны нд, нз, нк, нг, мб, кт, фт, пт, ск дыбыс тіркестеріне аяқталатын кірме сөздерге қазақ тілі қосымшалары ы, і дәнекер дыбыстары арқылы жалғанады: стендіге, цензіге, танкіге, монофтонгіге, ромбыға, фактіге, лифтіге, рецептіге, дискіге т.т.
Қосымшалар жіңішке жалғанады:
- рк, рг, нк, нг, кс, дж, кт, ск, лк, нкт, кль, брь, бль дыбыс тіркестеріне аяқталған сөздерге қосымшалар әрдайым жіңішке түрде жалғанады: паркке, драматургке, танкіге, дифтонгіге, аффикске, бокске (бірақ боксшы, бокстық), колледжіге, актіге, киоскіге, полкке, пунктке, спектакльге, ансамбльге т.т.
- соңғы буынында ю, э, ē дауысты әріптер келетін орыс тілінен енген сөздерге қазақ тілі қосымшалары жіңішке түрде жалғанады: бордюрге, гипюрге, алоэге, каноэге, вахтëрге, дирижëрге т.т.
- жіңішкелік белгісіне (ь) аяқталған бір буынды сөздерге қазақ тілі қосымшалары жіңішке түрде жалғанады: оське, тюльді, гельге, грильге, кегльге т.т.
- соңғы буынында не бір буынды сөздің құрамында и дыбысы келетін орыс тілінен енген сөздерге қазақ тілі қосымшалары жіңішке түрде жалғанады: магнитке, буксирге, гарнирге, магнийге т.т.
- ог, уг дыбыс тіркестеріне аяқталған сөздерге қазақ тілі қосымшалары жіңішке түрде жалғанады: педагогтер, диалогке, округке, ашугке т.т.
Қосымшалар жуан жалғанады:
- соңғы буынында не бір буынды сөздің құрамында у дыбысы бар орыс тілінен енген сөздерге қазақ тілі қосымшалары жуан түрде жалғанады: автобусқа, институтқа, курсқа, турға т.т.
- орыс тілінен енген сөздердің соңғы буынында я әрпі кездесетін болса, қазақ тілі қосымшалары жуан түрде жалғанады: поляктар, разрядшы, снарядқа.
- х дыбысына аяқталған сөздерге қосымшалар жуан түрде жалғанады: тарихшы, цехқа, турбоцехы т.т.
80-жаттығу. Төменде берілген кісі есімдеріне -ев, -ева, -ов, -ова, -ин, -ина жұрнақтарының тиістісін жалғап, фамилия жасаңыздар. Әр фамилияға сәйкес кісі атын қосып жазыңыздар. Жасалған толық аты-жөндерді ақын-жазушылар және зерттеуші-ғалымдар деп екі топқа бөліп топтастырыңыздар.
Айдар, Алтынсары, Аманжол, Аралбай, Ахтан, Әбдік, Әбу, Әбіш, Әуез, Байтұрсын, Бегали, Бектұр, Бөкей, Ғабдолла, Досжан, Дулат, Ерғали, Ерубай, Есен, Есенберлі, Есенжан, Жабай, Жансүгір, Жұбан, Жұмабай, Жұмалі, Жүніс, Жүнісбек, Жүсіп, Исай, Кемеңгер, Кеңесбай, Көбей, Қабдол, Қайдар, Қайырбек, Қали, Қордабай, Құдайберді, Құнанбай, Құрысжан, Мұқан, Мұстафа, Мұртаза, Мүсіреп, Мырзабек, Нұрпейіс, Нұршайық, Оралбай, Сайранбай, Сауранбай, Сәтбай, Сейфолла, Серғали, Сыздық, Тоқтар, Томан, Торайғыр, Хасан, Шаймерден, Шәріп, Шонан, Ысқақ, Ізтілеу.
81-жаттығу. Баспасөз материалдарынан, интернет желілерінен қысқарған сөздерді тауып жазыңыздар. Олардың қандай тәсілмен қысқарғанына назар аударып, түрлерін анықтаңыздар.
82-жаттығу. Төменде берілген қысқарған сөздерге түрлі қосымшалар жалғап, олардың жазылуына назар аударыңыздар. Қосымшалардың жуан не жіңішке түрде жалғану себебін түсіндіріңіздер.
АҚ, АҚШ, АН-24, БАҚ, БТА, БҰҰ, га, Газ-53, ҒЗИ, ҒжЖБМ, ДДСҰ, дм, ЕҚЫҰ, ЖББМ, ЖИТС, ЖОО, ЖШС, ИЛ-62, ИнЕУ, кг, КеАҚ, км, ҚазҰПУ, ҚарМУ, ҚБТУ, ҚР ҰҒА, МАИ, медколледж, медпункт, медорталық, мм, МРТ, НАТО, пединститут, ППУ, см, т, ТМД, ТУ-104, ҰҒА, ҰҚК, ШЫҰ, ІІМ, ЭКГ, ЮНЕСКО, ЯК-42, ІТ, DVD, HTTP, GPS, SIM, SMS, URL, USB, WiFi, 30 %, 25°.
83-жаттығу. Төменде берілген сөздерге буын үндестігіне бағынбайтын қосымшаларды жалғаңыздар. Оларды қатыстыра отыра сөйлем құрастырыңыздар.
Аға, азат, айла, айтыс, ақыл, арба, арыз, Асан, Асқар, әдіс, әзіл, әсем, әуес, бал, бала, бап, бас, бата, бәле, бейнет, бел, борыш, бөле, білім, ғарыш, дәм, дәрі, дұға, діл, дін, еңбек, ем, есеп, жеңім, жем, жиһан, жұмыс, зерт, кәсіп, көке, күнә, кінә, қайрат, қалам, қас, Құм, майдан, мейір, намыс, Өзбек, өнер, өрім, өсім, пайда, пәле, сайыс, сауда, саясат, сән, сәуле, сезім, сөз, табыс, талап, Тәжік, терім, төбелес, төзім, тіл, тілеу, үнем, Шым, ізденім.
84-жаттығу. Қосымша жалғанғанда түбір сөздің соңғы дыбысы өзгеріске ұшырайтын 12–15 сөз жазып, оның қандай заңдылыққа байланысты болғанын түсіндіріңіздер. Сөздерді қатыстыра отыра сөйлем құрастырыңыздар.
85-жаттығу. Төменде берілген сөздерді үлгіге сәйкес орналастырыңыздар. Қосымшалардың не себепті жуан немесе жіңішке түрде жалғанатынын емле заңдылықтарын негізге ала отырып түсіндіріңіздер.
|
Қосымшалардың жуан түрде жалғануы |
Қосымшалардың жіңішке түрде жалғануы |
|
|
|
І. Агробиолог, алебастр, аллерголог, альтиметр, амфитеатр, анемометр, анестезиолог, анонс, антропофаг, аншлаг, апостроф, арбитр, археограф, архипелаг, ассонанс, ауксонограф, аэрограф, бактериофаг, баланс, барограф, барометр, батометр, библиограф, бундестаг, вахмистр, вольтметр, гектолитр, гемоглобин, географ, геолог, герцог, гидрограф, гидролог, гистиоцит, глютин, градиентометр, декаданс, декалитр, демограф, децилитр, дециметр, диалог, диаметр, дилижанс, диссонанс, зоолог, идеолог, инфаркт, канистр, кардиограф, картограф, киносеанс, кинотеатр, клиренс, клиранс, консалтинг, конферанс, котангенс, лексикограф, лемминг, лизинг, литр, магистр, макрофаг, мандарин, металлоид, метр.
ІІ. Метролог, микрофаг, минералог, министр, минус, миолог, монофаг, мускус, натр, наутилус, неопаллиум, неоцеребеллум, нотариус, нюанс, океанариум, океанограф, омнибус, омограф, оркестр, осциллограф, палеонтолог, пантограф, папирус, парабеллум, паразитолог, педагог, педиатр, пленум, постскриптум, практикум, преферанс, проторенессанс, психиатр, радиус, ребус, резонанс, рейтинг, рейхстаг, референдум, ринг, романс, ротмистр, рычаг, сантиметр, саркофаг, секанс, семестр, серпантин, сингармонизм, синус, сириус, соус, спектр, спиннинг, стратег, тамбур, тангенс, театр, теллур, тимус, титр, тонзиллит, тонус, троллейбус, фетр, физиатр, фильтр, фокус, цитрус, шлямбур, юзанс.
86-жаттығу. Төменде берілген сөздерге барыс септік жалғауын жалғап жазыңыздар. Қосымшалардың дұрыс жалғануына назар аударып, олардың не себепті солай жалғанғанын түсіндіріңіздер.
І. Авиаклуб, автобус, автопарк, агиспелагус, адмиралиссимус, актëр, аллювий, алюминий, альманах, альянс, аммоний, антерринум, антиапекс, антивирус, антрополог, апекс, апельсин, апноэ, аппендикс, армян, археолог, археоптерикс, архивариус, астероид, астролог, афорфэ, аффикс, ашуг, аэробус, бактериолог, бамбук, барк, баттерфляй, белудж, берикс, бильярд, биолог, битум, бифштекс, бокс, бонус, бордюр, бридж, бульдог, бурят, вазелин, вакуум, валиум, варяг, вахтëр, венеролог, вирус, вирусолог, волютин, вотум, габитус, галлий, гастрит, гематолог, гинеколог, гипюр, гистолог, гладиолус, гольфстрим, градус, грильяж, дебют, дельфин, демагог, дендролог, дерматолог, дефектолог, диалектолог, дирижëр, драматург, дублëр, дубляж, дуэль, дуэт, жанглëр, заряд, имидж, индекс, индикатив, итальян, ихтиолог, кактус, кальцекс, каратэ, кардиолог, картридж, кассир, каталог, кворум, кекс, кенгуру, климакс, кодекс, кокс, колледж, коллоид, коллоквиум, Күләш, күмән, күнә.
ІІ. Командир, консенсус, консилиум, консорциум, конус, коньяк, корпус, коряк, косинус, коттедж, кремний, крепдешин, криминолог, куә, Күлән, кінә, кюрий, лакмус, ланолин, ларингит, лезгин, лексиколог, люк, лютня, максимум, манëвр, медпункт, меморандум, метеоролог, миллениум, минимум, мифолог, монолог, морфолог, муляж, мундир, мышьяк, невролог, ноктюрн, нуклеин, океанолог, округ, онколог, орнитолог, ортодокс, очерк, палладий, парадокс, парафин, парашют, парк, педикюр, позитив, полк, поляк, пролог, протеин, психолог, пункт, разряд, режиссëр, рентгенолог, репортëр, рефлекс, розмарин, саммит, сангвиниг, сейсмолог, славян, снаряд, суффикс, сэр, тарих, тасбих, технопарк, трамплин, транспортëр, трюк, трюм, турбоцех, фахверк, фейерверк, фикс, филлит, формуляр, фюзеляж, хедж, хирург, чех, целлулоид, цирк, шлюз, шлюп, штольня, штрих, шүбә, іңкәр, эксклюзив, экю, эллипсис, эллипсоид, элювий, эскадрилья, этюд, якут, ярд.
87-жаттығу. Төменде берілген сөздерге емле ережесіне сәйкес дауыссыз дыбыстан басталатын қосымшаларды жалғап жазыңыздар. Қосымшалардың дұрыс жалғануына назар аударып, олардың не себепті солай жалғанғанын түсіндіріңіздер.
І. Автомобиль, акварель, акрополь, алкоголь, альт, альюмель, ансамбль, артель, артикль, асфальт, аэрозоль, базальт, бандероль, баррель, беккерель, бемоль, бенталь, вальс, ваниль, вексель, вестибюль, виолончель, вольт, газель, гантель, гольф, госпиталь, дирижабль, дуэль, импульс, кабель, капсюль, кафель, кисель, китель, коктейль, консоль, мадемуазель, мергель, миткаль, модель, модаль, модуль, монокль, никель, параллель, пароль, патруль, педаль, портфель, профиль, пульт, рельс, рояль, руль, спектакль, спираль, стиль, табель, тальк, трюфель, туннель, фальц, фенхель, фестиваль, фильм, фильтр, фланель, хрусталь, циркуль, шинель, шницель, штабель, штапель, эмаль.
ІІ. Абстракт, авантюрист, акт, активист, альпинист, акваланг, акцепт, аметист, аминопласт, анапест, анархист, антракт, арабеск, арабист, аргонавт, армресслинг, артист, асбест, аспект, астронавт, атеист, атолл, аффект, аэронавт, балл, балласт, банк, баптист, бейнедиск, беллетрист, бельтинг, берилл, бланк, блюминг, брасс, браунинг, брифинг, бронетанк, букинист, бумеранг, ватт, ведомость, велокросс, виолончелист, гектоватт, гимназист, гонг, гонококк, грамм, Гримм, гуманист, демпинг, дециграмм, диалект, диск, дифтонг, Донбасс, журналист, зонд, инжиниринг, инфаркт, картинг, кикбоксинг, киловатт, киоск, клиринг, компресс, конгресс, консерв, конспект, контакт, корунд, кристалл, Кузбасс, ландшафт, листинг, лифт, манускрипт, маркетинг, мегаватт, менингококк, металл, миллиграмм, митинг, мониторинг, монофтонг, мотокросс, мустанг, мюзик-холл, нарцисс, обелиск, объект, орангутанг, параллелограмм, пеленг, повесть, пресс, прессинг, прогресс, процесс, пудинг, радиозонд, разъезд, ранг, раунд, рецепт, ромб, секунд, стенд, стерлинг, стратонавт, субъект, съезд, такт, танк, терапевт, тилл, тиуроцилл, тракт, тренинг, тромб, турист, тюбинг, факт, фармацевт, франк, хлорофилл, ценз, эвенк, эвкалипт.
88-жаттығу. Көп нүктенің орнына емле ережесіне сәйкес тиісті қосымшаларды жалғап, жаттығуды көшіріп жазыңыздар. Қосымшалардың дұрыс жалғануына назар аударып, олардың не себепті солай жазылғанын түсіндіріңіздер.
І. Мен әр елдің де журналист... кездескен адаммын. Журналист... сұрақ бергіш келеді. (Б.Мом.) Шарап пен консерв... стол үстіне дайындап жүріп, Айназар өзінің жазу столына келіп, аударма календарь... сол күнгі бетіне қызыл қарындашпен бірдемені жазып кетіпті. (С.С.) Жақында Москвада антропология мен этнография ғылымдарының Халықаралық ҮІІ конгресс... болып өтті. («Қазақ әдебиеті») Ескі конспект... ретке келтіріп, онда жазғандарын ой сүзгісінен өткізді. (Е.О.) Атыз бұрылғанда, дөңгелек бұрылады да, бұрылыс берілісінің электрлік контакт... қосады. («Халық мұғалімі») Осы контекст... астарлы жатқан әріні аңғартарлық та пәлендей күрделі ештеңе жоқ. (Ә.Т.) Миокард инфаркт... деген терминнің «миокард» деген сөзі – қазақша жүрек еті, «инфаркт» – «инфаркцио» деген латын сөзі. Ол – қазақша сығылысу, тығыздану деген сөз. (М.Қ.) Тайызбай киоск... бұрылып, «Қазақ әдебиеті» газетінің жаңа нөмірін сатып алды. (Т.Б.) Мен кристалл... ұқсас тастардан қаланған іргеге жақын келдім. (Т.Ш.) Шахта бастығы Жолдасбек Жақынбеков екеуіміз сол құрылыстың ұшар төбесіне дейін көтерілдік. Әрине, жаяу емес, осы заманғы лифт.... («Қазақ әдебиеті») Алтын, күміс, мыс, темір сияқты металл... қасиеттеріне де тоқтап, өздерінше сондайлардың түрлері жөнінде таласып та алысты. (Р.Р.) Бөгде біреудің монолог... арқылы да қаһарман тұлғасы беріледі. (С.М.) Сүйікті жазушымыз Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» повесть... кейіпкер – Ұлпан – өз дәуіріндегі қазақ әйелдерінің алдыңғы қатарлы өкілі. («Қазақстан әйелдері») Тіпті өзіме жеке ғылыми объект... табылғанына қуанғанымды да жасыра алмаймын. (Т.Ә.) Обелиск... биіктігі – 142 метр. (Б.Мом.) Дүниежүзілік масштабта капитализмнен социализмге өту – қазіргі дәуірдегі қоғамдық прогресс... сара жолы. (ҚСЭ) 1917 жылдың июль айында Амангелді мен оның серіктеріне сот процесс... ұйымдастырылды. (З.М.)
ІІ. – Әр жазушы сияқты әр педагог... де сабақ беруде өз стилі болады, – деді Дорофеева. (М.И.) Шофер педаль... басыңқырап ілгері ентеледі. (С.А.) Доңғалақтары сартылдап, қызыл эшелон жүйткіп келеді. Разъезд..., қалалар қалып жатты. (Т.Б.) Ұлылы-кішілі талай станциялар мен разъезд... әп-сәтте бұлдырап артта қалып жатыр. (С.О.) Қоғамдық тәртіпті қорғау министрінің орынбасары, ішкі қызметтің ІІІ ранг... генералы П.Ф.Калюта баяндама жасады. («Социалистік Қазақстан») Дәріні қабылдау алдында оның анық өз ауруына берілгенін рецепт... біліп алу керек. (С.Сұб.) Радикюль... қолтығына қысып, көңілсіз тұрған Айна ғана. (Р.Т.) Стол үстіндегі аузы ашық радикюль... ішінен қылтиып шығып тұрған көк конверттің ұшы көрінді. (Т.Б.) З.Шашкин мақаласында романист... көңіл бөлерлік біршама мәселе қамтылған. («Қазақ әдебиеті») Романтик... ерте жетілетін гүл секілді, мақсатына жете алмай құриды. (Р.Т.) Ромб... екі сыбайлас қабырғалары өзара тең, не диагональ... өзара перпендикуляр болатын, не диагональ... бұрыштарын қақ бөлетін параллелограм... дербес жағдайы ретінде қарастыруға болады. (ҚСЭ) Жомарт рояль... ар жағына шығып, орындықтарды қозғаластыра бастады. (Ә.Ә.) Зауыттар мен рудник... ауаға шығаратын қалдықтарының ішіндегі өсімдіктер үшін ең зияндысы – күкіртті газ. («Қазақстан мектебі») Соның салдарынан кеменің руль... мен оны жоғары көтеріп шығаратын системаға едәуір зақым келеді. (Х.Қ.) Руль... отырғанда Айдардың жүзі жайнап, көзі күлімдеп кетеді екен. (З.А.) Адамның дене күші жас күнінде мол болса, рух... күші, жан қайраты есейе келе қатаймаушы ма еді!? (Т.А.) Тағы бір стенд... Баянауылдың табиғат көркі бейнеленіпті. («Социалистік Қазақстан») Фирманың өткен жылғы бюджеті 250 мың стерлинг... астам болды. («Социалистік Қазақстан») Қырланып, шығыс стиль... күмбезденіп өрілген қыш арканың биіктігі 6,24 метрге жетеді. (Д.Д.)