Мазмұнға оралу Қазақ тілінің орфографиясы
II бөлім · ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ЕМЛЕСІНІҢ ЕРЕЖЕЛЕРІ

Шылау және одағай сөздердің жазылуы

Шылаулар – жеке тұрғанда толық лексикалық мағынасы болмайтын, тек сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді байланыстырып, қосымша грамматикалық мағына үстейтін сөз табы. Олар, негізінен, бөлек жазылады. Ондай шылаулардың қатарына ал, алайда, арқылы, әйткенде, әйткенмен, әйтпегенде, әйтпесе, әйтсе де, әлде, әрі, бері, бетер, болмаса, бұрын, бірақ, бірге, бірде, біресе, гөрі, ғана (қана), ғой (қой), ғұрлы, да (де, та, те), дегенмен, дейін (кейін, шейін), егер, егер де, екеш, және, кейде, қарай, қаралы, қатар, құй, ма (ме, ба, бе, па, пе), мейлі, мен (бен, пен), менен (бенен, пенен), не, не болмаса, немесе, олай болса, өйткені, сайын, себебі, сияқты (секілді), сол себепті, сонда да, сондай-ақ, сондықтан, сонымен бірге, сонымен қатар, соң, сүйтсе де, тағы, таман, туралы, тұрмақ, тұрсын, түгіл, үшін, шақты, шамалы, ше, я, я болмаса, яғни, яки т.б. жатады.

Ай, ақ, ау, мыс (міс) шылаулары өзінен бұрын тұрған сөзбен дефис арқылы жазылады: шырағым-ай, бауырым-ай, жақсы-ақ, әдемі-ақ, қарағым-ау, күнім-ау, жазыпты-мыс, қалыпты-мыс, келіпті-міс.

Кейбір шылаулар сөздермен кірігіп, бірігіп те жазылады. Атап айтқанда, ма (ме, ба, бе, па, пе) сұраулық демеулік шылаулары мы (мі, бы, бі, пы, пі), соң шылауы сы (сі) ретінде тұлғасын өзгертіп, сөздермен бірігіп жазылады: жазасың ба – жазамысың, отырасың ба – отырамысың, жүресің бе – жүремісің, күлесің бе – күлемісің, айтқан соң – айтқасын, жылаған соң – жылағасын, жүгірген соң – жүгіргесін, сезбеген соң – сезбегесін т.б.

Сондай-ақ да (де, та, те) шылаулары кей жағдайда сөздермен бірігіп жазылады: әншімін де – әншідемін, бишімін де – бішідемін, жыршымын да – жыршыдамын т.б.

Одағай сөздер естілуінше (айтылуынша) жазылады. Сондықтан бір одағай екі-үш түрлі болып жазылуы мүмкін: япыр-ай, япыр-а-ай, япыр-ау, япыр-а-а-ау, япырым-ай, япырмай, япырым-ау, япырмау т.т.

Кейде тілде бір сөздің не бір дыбыстың екі-үш рет қайталануынан жасалатын одағай сөздер де ұшырасады. Ол кезде олардың араларына дефис қойылады: көс-көс, шөре-шөре, ха-ха-ха, ой-ой, әй-әй, алақа-а-а-ай, түу-у-уһ т.б.

 

73-жаттығу. Төмендегі сөйлемдерден шылау сөздерді тауып, қалай жазылғанын түсіндіріңіздер. Шылаулардың бөлек, бірге немесе дефис арқылы жазылу ерекшеліктеріне назар аударыңыздар.

І. Сөйткенше жондары қылаңдап құм төбеден бір-ақ ырғып, бергі ылдидағы қараңғылыққа сүңгіп-сүңгіп кіріп кетті. (Т.А.) Ұрқияның дауына ел билері шақырса да бармай, жонын сыртқа салып қалас қалған Науан тар жерде қол ұшын бермегеніне сері алдында өзін айыпты санап жүретін. (С.Ж.) Абай аудармаларының еркіндігі, дәл еместігі, кейде қосып, кейде жонып отыратындығы мәлім нәрсе. (Ғ.М.) Жолға бағынған жақсы аға Төлеген, жорашыл жар Жібек, мұрашыл іні Сансызбай – бәрі де үйлескен келісім көрсеткендей болады. (М.Ә.) Жарайды деген бір сөзден Өңінде қыздың жүзді арай, Сәбидейсің-ау бір сенсең, Жұбанғыш қайран қыздар-ай! (Ғ.Қ.) Кермеде мырзаның ғана мінетін жорға-жүйріктері байлаулы. (Ғ.Мұст.) Ол енді жорғалай басып, босағада тұрған күміс піспекті қара сабаға қарай беттеді. (І.Е.) Совет адамының идеялылығы шөптің басы қимылдаса-ақ сыр бергелі тұрған, я болмаса азғана жаңбыр тисе-ақ жуылып кеткелі тұрған беттің бояуы емес. (Ғ.М.) Алдында хазіреттер мен қажылар да құрдай жорғалайтын Шұғылға қарсы тіл қату жоқ. Нұрыш мүлгіген үстіне мүлгіп, не айтса да тыңдай беретін. (Х.Е.) Әкпар көштен бөліне түскісі келіп, атын бір-екі рет қаттырақ жорғалатып көріп еді, Шолпан кейін қала берді. (І.Е.) Тірімін, аманбысың, Қайып досым, Тым ерсі асқақтапсың сөзің жосын, Мақсатың мінімді айтып жеңбек шығар, Бірақ та бапты тимес өзіңе осың. (Айтыс) Жабайдың қасындағы қағушы аңшы жолдасы Бибала болатын. Абай тобы ұзай бергенде, сол: – Мынау тіпті мақтанып, жотасын көрсетіп кетті-ау! – деп қалды. (М.Ә.) – Жөніңді айтшы, қарағым, не болды? Әкең ұрды ма? – деп сұрады Ұлжан. – Жоқ, ешкім де ұрған жоқ, кейін айтам. (М.Ә.) – Көк шешек келгір-ай, жуадай солғыр-ай, ертеден қара кешке ойнайтыны асық. (Ғ.Мұст.) Шынында, Бекеттің жұбанатын алданышы біреу-ақ, ол Шери апасы. (Р.Т.)

 

ІІ. Ақбөпе бұл үйден кетті дегенше, оның әкесі Қапаш та жонын сыртқа салып, аулақтай береді дей бер. (С.Ж.) Жоны шығып құйрығын сыртқа салып, көзі қызарып құтырғандай қанталап қауып түсетін сияқты түр көрсетеді. (М.Ә.) Сауыры ақ көбіктеніп, тершіген күрең ат пысқырынып қойып, ақырын ғана бүлкілдеп жорта берді. (Н.Ғ.) Ілгері ұзап, қарасы үзіліп кеткен жасақшылардың түскен жеріне қараңғы түспей жету үшін, Нұрым да бүлкілдеп жортаққа көшті. (Х.Е.) Қазақты ол тағы да осқылай берер ме еді, қайтер еді, егер сырт жағынан өз басына да қатты бірдеме сарт ете қалмаса! Оның басынан да қара қан жоса жөнелді. (С.Мұқ.) Ертең-ақ пысып-ширап, жұлынып-жұлқынып ойнап шыға келерсің. Мына имиген қарға тұмсығың талай жұдырықты иіскер, сонда білерсің базардың не екенін. (Р.Т.) Қалың жылқы шұр етіп үркіп, қатты жел күнгі дүрілдеп жанған өрттей болып, Қабағай жаққа қарай жосып жөнелді. (М.Ә.) Ақтұяқ екеуі қан жосын боп жатса, болысудың орнына өз құлқынын ойлаған қазақтар «Астыңдағы атыңа сенбе! – деп тегін айтпаған-ау» десіп жатыр. (З.Ш.) Тек екі-үш-ақ солдат мылтық атуға жарады, леп-лезде жосытты да салды. (І.Е.) Бұлар осы адыр ішіне қиялап, кейде жоталап, кейде бөктерлеп, бірде өрлеп, бірде құлап отырып қалыңдай батып кірген еді. (М.Ә.) Ал құртудың екі жолы бар: бірі – Моғолстанды шабу, екіншісі – Жәнібек пен Керейді көп кешіктірмей жою. (І.Е.) Шырағым, Сара, сендей тумас бала, Шежіре туармысың мұндай дана. Обалың Есімбек пен Тұрысбекке, Жігітің жөндеу екен, ей, бейшара. (Айтыс) – Қазір мені пулеметчик деп атайды. Кеше бір топ неміс бір-ақ жусады. Командирім бетімнен сүйіп, арқаға қақты. (Ғ.Мұст.) Қыздың да бір жұлдыздысы болады-мыс. Ол – бақыт иесі, ерекше бір шам-шырақ. (Ғ.С.) Қыз тағы үндемеді. Әкесі тағы сағатына қарады. Енді оның жүзінде бір асыққандық, шыдамсыздық ишарат пайда болды. – Қалқам-ау, бірдеме десейші, осылай жұм-жұм ойнағандай үндемей тұрамыз ба? (І.Е.)

 

74-жаттығу. Көркем шығармалардан шылау сөздердің жазылуының әр түріне 4–5 мысалдан теріп жазыңыздар. Шылаулардың не себепті бөлек, бірге немесе дефис арқылы жазылғанын түсіндіріңіздер.

 

75-жаттығу. Үлгіге сәйкес шылаулармен тұлғалас келетін қосымшаларға мысалдар келтіріп, өзара салыстырыңыздар. Шылау мен қосымшаның жазылуындағы айырмашылықтарды анықтаңыздар.

Үлгі:

Шылау түрі

Шылаумен келген сөйлем

Қосымшамен келген сөйлем

Да, де, та, те

Байының бар тапқанын өзі жеп, жоны астаудай болып жүретін келіндер де бар. (Ғ.Мұст.)

Кереку байларының бір тамашасы күнде кешке жақын мұзға жорға салдырады. (І.Ж.)

Мен, бен, пен

Рабиға мен Жақып істейтін жұмыстарына бірден жоспар жасады. (Б.М.)

Неше түрлі алым-салықпен ұсақ қараны құртып алып, азын-аулақ ірі қараны үстінен жонып жеп азайтып отырған шағы екен. (Ә.Нұрш.)

Ма, ме, ба, бе, па, пе

Анайы елді жөнге салар, көргенсіздің көзін ашар іс керек емес пе? (Ғ.М.)

Құр жалаң айқайлама желше жосып, Атыңды өктеме тек борбайға осып. Баппенен егіске айда, марғау болма, Айналып жем бер сылап, қант қосып. (С.С.)

 

76-жаттығу. Төменде берілген шылауларды қатыстыра отыра сөйлем құрастырыңыздар. Сөйлемдерде шылаулардың мағынасы мен қызметін дұрыс қолданып, жазылу ерекшеліктеріне назар аударыңыздар.

Ай, ақ, алайда, арқылы, әйткенмен, әлде, біресе, қана, ғой, да, дейін, егер, және, қарай, ма, мейлі, мыс, немесе, олай болса, өйткені, сондықтан, сонымен қатар, соң, туралы, үшін, яғни.

 

77-жаттығу. Жақша ішінде берілген шылаулар мен тұлғалас қосымшаларды өзара ажыратып, мақал-мәтелдерді көшіріп жазыңыздар. Олардың жазылу ерекшеліктерін түсіндіріп, шылау мен қосымшаның айырмашылығын анықтаңыздар.

І. Бейбіт ел(де) береке бар. Басшысыз ел(де) береке болмас. Жақсының басына іс түссе, ашынар(да) ашылар. Жаманның басына іс түссе, бір тулар(да) басылар. Туған жердің ауасы(да) шипа. Дүние(де) тас қатты, тастан(да) бас қатты. Есің бар(да) елің тап, есер болмай, етек жап. Естімеген ел(де) көп. Жаман(да) болса аман болсын. Қалыптан шықсаң(да), халықтан шықпа. Көзсіз күнелтсең(де), көпсіз күнелте алмайсың. Біз(де) кісі болармыз, атқа кісен салармыз. Жақсы(да) жаттық жоқ, жаман(да) жақындық жоқ. Темір сырын от(та) танытады, адам сырын жоқ(та) танытады. Көшкен жұрттың қадірі қонған(да) өтер, ер жігіттің қадірі өлген(де) өтер. Үй(де) оңбаған түз(де)(де) оңбайды.

 

ІІ. Тау(мен) тау кездеспейді, Адам(мен) адам кездеседі. Хан ұйғарса, хан түйесін соймас(па)? Ел(мен) көгерген еленбес. Көшер(мен) елге жұрт жаман, кетер(мен) қызға үй жаман. Жаман(мен) егес, жақсы(мен) кеңес. Көл(де) жүрген қоңыр қаз шөл қадірін білер(ме), шөл(де) жүрген дуадақ көл қадірін білер(ме). Жаңбыр(мен) жер көгереді, алғыс(пен) ер көгереді. Сауысқан шоқыған(мен) тоқ болмайды. Қожа(мен) молданы басындағысынан білерсің, бек(пен) төрені қасындағысынан білерсің. Аталы сөзге арсыз қайырар, ақ(пен) қараны шындық айырар. Он екі мүшең сау болса, жарлымын де(ме), жаныңда жараң болмаса, зарлымын де(ме).

 

78-жаттығу. Төмендегі сөйлемдерден одағай сөздерді тауып, жазылуына назар аударыңыздар. Одағайлардың сөйлемдегі қызметін анықтап, не себепті солай жазылғанын түсіндіріңіздер.

І. Ойпырмай, мұндай іске әбден жорға болып алған екенсің, жаңағыларың адамның ойына келмейтін белгілер ғой. (І.Е.) – Алыпсоқ, Алыпсоқ! Кә, кә! – деп айқайлап мен жүрмін. Иттің аты ит емес пе, сол сәтте мен түгіл, әкесі шақырса да мойын бұратын түрі жоқ. (Ә.Қ.) – Тәйт әрі! Осы жеті түнде шанасы не, ей, мынаның? (М.Қ.) Әй, қайран әке-ай! Дардай жігітті қасынан қалмай ағаш жонысатын баяғы жеті жасар баласы дей ме екен. (З.Ш.) – Ну, не шаруамен келдің, мужик? – деді. Апырмай, даусы да бір жосын. (С.Ж.) Қой баласы – қоңырым. Ұя бұзбас момыным, Шопаната түлегі Қошақаным қайдасың? Пұшайт! Пұшайт! (Қазақ ертегілері) Жөн жерге қыз бермейді Балта бабаң, Грубиян – әлің үшін бір тамам, Шаңменен, Сәметпенен құда болған, Япыр-ау, Құлжекеңмен біз-ақ жаман. (Айтыс) – Е, алса несі бар? Бәйгіні Ысқақ емес, мен алатын жөнім бар емес пе? – деді Ыдырыс жалтаңдап. (С.С.) – Жә, мейлі, солай-ақ дейік, – деп алды да директор, – қайда оқыдың, не бітірдің, мамандығың бар ма? – деп жөпелдете сұрады. (Р.Т.) О, бауырым, шуағым! Өлем, жаным, жолыңда, Қанды қанмен жуамын, Жоям, дұспан, жоямын. (М.Ә.) Күмбір-күмбір күрең тай, Құрау-құрау құлыншақ! Ат боларсың ерге сай Жүйріктігің желге ұқсап. (М.Х.) «Па, шіркін, осы арқар мал болып қолға түссе, мына жұттың жұлығынан келмейтін асыл мал осы ғой» деп ойлаушы ек. (С.Б.) Түһ, мынаны жын қаққан шығар, – деді Салиқа оны итеріп. Бірақ алғашқыдай емес, даусы жұмсарып қалды. (Т.А.) Ат жалынан аса, жел бетке көз салып қойып: – Моһ-моһ, – деп, ақырын ысқырды. (А.Н.) – Пай-пай, қалай жосытады. Мынау менің Сейітжаным-ау. Пәлі! – деп, масаттана үйіне қайтатын Нұрекең.

 

ІІ. – Е, жегіп алар өзі, қасында бақандай бір еркегі бар ғой, – деп Ермекбай қырсауланды. Ермекбайдың ойынша жөндеуші еркек болмақ. (І.Ж.) Бағаң алақанын бір-біріне ұрып: – Моһ-моһ! – деп еді, етекке қарай желе жөнелді. (О.Б.) – Қап, қырсық-ай, жолыңа жуа біткір, Сейіл-ай! – деді ол екі иінінен зорға дем алып. (Р.Р.) – Опырым-ай, орыс қысын есіме бір түсірдің-ау, – деді өзгеше жөш көңілмен. (О.Б.) Жүнін жұлса бақырған, Ешкі атасын шақырған, Өрісте өскен жануар, Шөкетайым, қайдасың? Шөре! Шөре! (Қазақ ертегілері) Қой, мұнымен жөндеп танысу керек екен, я сүйкімді қыз екен. Жаман емес. (С.С.) – Уай, сатып алған күпәйкеңді жусаңшы, ей, мына жеңгей жаңа шелегін қалай ғана жумас екен, құтты шелек болмайды онда, – десіп даурығады кеп. (Д.Д.) Малды өзіне шақыру үшін жылқыға құрау-құрау, ірі қараға ауқау-ауқау, түйеге көс-көс сияқты сөздер айтылады. (Х.А.) – Тәйт, өшір үніңді! – деді Сәпен сыздана жекіріп. (Т.Н.) Бірақ қарулы солдатқа қалай қарсы тұрады. Қылыштап, әйтпесе атып тастамай ма. Әй, бір жекпе-жек жұлқысқа келер ме еді... (А.Н.) – О, жұлының үзілгір Тілеубай, сен бара-бара бір күндері кісі өлтіресің ғой. Тәңір атқан неме, жас та болса жолы үлкен шешеңдей әйелді аясаң етті. (Ә.К.) Мысалы, малдың төлін табыстырарда жылқыны «құрау-құрау», түйені «көс-көс», сиырды «ауқау-ауқау» дейді.

 

79-жаттығу. Төменде берілген одағайларды қатыстыра отыра сөйлем құрастырыңыздар. Одағай сөздердің көңіл күйді, эмоцияны, шақыру немесе жекіру мәнін білдіретіндігіне назар аударыңыздар.

Алақа-а-ай, астапыралла, ау-у-у, ауқау-ауқау, әй, әттеген-ай, жә, жәрекімалла, көс-көс, қа-а-ап, құрау-құрау, о тоба, ойбай, паһ-паһ, пәлі, пұшайт-пұшайт, тәйт, тек, түуһ, тфәй-тфәй, уай, япырмау.

 

Мәтінді мұқият тыңдап, шылауларды тауып жазыңыздар. Олардың жазылу ерекшелігін түсіндіріңіздер.