Дефис – орфографиялық белгі, ал сызықша – пунктуациялық таңба. Сондықтан дефис тұрған орында сөйлеу барысында кідіріс жасалмайды. Бұл – оны сызықшадан ажырататын негізгі ерекшеліктердің бірі. Сонымен қатар дефис сөйлемнің мағынасына немесе құрылымына айтарлықтай өзгеріс енгізбейді, ол көбіне сөздердің дұрыс жазылуын қамтамасыз етеді. Ал сызықша сөйлемдегі ойды айқындап, белгілі бір мағыналық, интонациялық қызмет атқарады.
Тағы бір айырмашылығы: дефис шартты түрде сызықшадан қысқа болып келеді және сөздің құрамында қолданылады. Ал сызықша ұзындау жазылып, сөйлем мүшелерінің арасына қойылады. Мысалы: «ата-ана», «оқу-ағарту» сөздерінде дефис қолданылса; «Білім – өмір шырағы» сөйлемінде сызықша қойылған. Яғни дефис пен сызықша сырттай ұқсас болғанымен, олардың қызметі, қолданылу орны және интонациялық ерекшеліктері әртүрлі.
Қазақ тілінде қос сөздер, негізінен, дефис арқылы жазылады. Олар екі сөз (түбір) арқылы немесе бір сөздің қайталануымен жасалып, белгілі бір мағыналық реңк береді: ана-ана, бала-шаға, ет-мет, ауыл-аймақ, ел-жұрт, көзбе-көз, бір-бірден, тектен-текке, кірер-кірместен, ертелі-кеш, алқам-салқам, оқу-ағарту, сөйлей-сөйлей, көре-көре, келе-келе, жалт-жұлт, тарс-тұрс, ұп-ұзын, әп-әдемі, үлкенді-кішілі, таулы-тасты т.б.
Екі сөзден құралған ғылыми дәреже, атақ, қызмет лауазымы не мамандық атаулары дефис арқылы жазылады. Мұндай сөздер екі ұғымның өзара тығыз байланысын білдіріп, біртұтас атау ретінде қолданылады: вице-президент, премьер-министр, инженер-механик, тілші-ғалым, ақын-жазушы, әнші-композитор, дәрігер-хирург т.б.
Күрделі өлшем атаулары қазақ тілінде дефис арқылы жазылады. Мұндай атаулар екі түрлі өлшем бірлігінің немесе ұғымның бірігуі арқылы жасалып, біртұтас өлшем мағынасын білдіреді: адам-күн, киловатт-сағат, вольт-ампер, ватт-сағат, тонна-километр т.б.
Қосалқы мүшелі күрделі атаулар дефис арқылы жазылады. Мұндай атаулар екі заттың, қызметтің немесе ұғымның бір-бірімен тығыз байланысып, біртұтас мағына беруі арқылы жасалады: кафе-бар, вагон-ресторан, диван-кереует т.б.
Ақ, ай, ау, мыс, міс шылаулары және ды, ді, ты, ті тұлғалары өзінен бұрынғы сөзбен дефис арқылы жазылады: жазған-ды, келген-ді, сондай-ақ, бар-ау, әдемі-ай, айтыпты-мыс т.б.
Орыс тілі орфографиясының ықпалымен жазылатын кейбір жалқы есімдер және халық аттары дефис арқылы таңбаланады: Лос-Анджелес, Сан-Франциско, Нью-Йорк, Жолио-Кюри, Рио-де-Жанейро, угро-фин, коми-зырян т.б.
Араб халықтары есімдерінің құрамында келетін әл, аш, ар, аз, әд, бен сияқты элементтер негізгі атаумен дефис арқылы жазылады: Авадх бен-Солех бен-Галеб, Осама бен-Ладен, Әбу-Насыр әл-Фараби, Нұр әд-Дин т.б.
Түркі, парсы және шығыс халықтары есімдерінің құрамында келетін паша, бей, заде, оғлы сияқты тұлғалар есіммен дефис арқылы жазылады: Тұрсын-заде, Исмаил-бей, Осман-паше, Ахмет-оғлы т.б.
Реттік сан есімдер араб цифрларымен берілген жағдайда, өзінен кейінгі анықталатын сөзбен дефис арқылы жазылады: 11а-сынып, 27-үй, 5-қабат, 10-күн, 8-мектеп, 3-бөлім т.б. Ал егер реттік сан есім рим цифрымен берілсе, дефис қойылмайды, сан мен сөз бөлек жазылады: ІҮ курс, ХХІ ғасыр т.б.
Кейбір одағай сөздер қайталанып немесе ерекше интонациямен айтылғанда дефис арқылы жазылады: моһ-моһ, шөре-шөре, пай-пай, ой-ой, алақа-а-а-ай т.б.
Басқы әріптермен қысқартылып жазылған сөздерге, % және ° сияқты таңбалармен берілген сан есімдерге, жеке әріп түрінде алынған атауларға жалғанатын қосымшалар дефис арқылы жазылады: 5%-ға, 20°-та, А-дан, В-ға, БҰҰ-ның, ППУ-да, МТЗ-82-ге т.б.
Ескерту. Уақыт, сан, қашықтық, көлем т.т. сынды мөлшерлік ұғымдардың аралығын, шегін не шамалас мөлшерін білдіретін сөздердің арасына дефис емес, сызықша қойылады: 8–10 сағат, 20–25 минут, 2026–2027 жыл, 45–50 шақырым, 3–5 бала, 5–9-сынып, 5–7 бет т.б.
61-жаттығу. Төмендегі сөйлемдерді оқып, дефистің неге қойылғанын және қандай ереже бойынша қолданылғанын түсіндіріңіздер.
І. Жас-желең ең алғаш айтысқа түсе бастағанда, сондай жаттанды өлеңдер мен дағдылы мақтау сөзді немесе жамандау, мінесу сөзді айтудан бастайды. (М.Ә.) Жүріс-тұрысы, қимылы жатық, нәзік келіншек еркіне қоймай баурап алды. (З.Ш.) – Ай, кәпір-ай, жатырыңа тартқан екенсің ғой. Нағашың Құлажаннан тоғаға тірек боларлық еркек кіндік шықпап еді, – деп күлді Дәукең. (Т.А.) Бала оянып кетті. Кішкентай, дөп-дөңгелек қарақат көзін ашып алып, бөтен адамды жатырқап жылап жіберді. (Ә.О.) Үш-төрт күн өтті, ұшты-күйлі хабарсыз кетті. Сол азаматымыздың жайын білуге адам жіберіп едім, «қамап, жауаптау үшін Қызылүйге асырып жіберіпті» деген бүгін тіл алдым. (Х.Е.) – Ойбой, жау алғыр қатындар! Әлі ырғалып-жырғалып түк бітірмепсіңдер ғой, – деп Бақтыбай қара аспанды жаудыра жөнелді. (С.Ж.) Жау-жорық, айқай-аттан, түні түтін, Болмады ұлан жаздай ірге бүтін. Кісі өліп, қырғыз жағы құндыкер боп, Аяғын өлім сарқып, болды бітім. (І.Ж.) Құда дегенде, қыз-келіншектердің бірсыпырасы көздерінің астымен Айшаға қарасып, жаутаңдасып қалды. (С.С.) Арттырды жүз түйеге кәлі кілем, Жүз түйе арттырды тәж алтын кілең. Жүз түйе және-дағы жауһар артты, Демейтін ешкім оның нарқын білем. (Т.І.) Қайшаның жаушы-жаламда жаңағы ұрысқанына мен де намыстанып қала жаздап, азар шыдап тұрдым. (М.Ә.) Екеуін іштей жауықтырған – әрқайсысының өз басының қызығы, өмірдегі бірінен-бірінің артық-кемдігі, махаббат дүниесі. (І.Е.) Күні-түні себелеп құйған ақ жауын бір жұма, ерегістірсең, бір айға созылып, ақыры қалың жаңбырға айналып, қысқа соғады. (З.Ш.) Бекше шынымен-ақ нысанаға тигіздім деп ойласа керек, командир алғысына жауап қайтарған жауынгерше масаттана дауыстайды. (Ә.С.) Өткен жылдағыдай емес, биыл көктем жауынды-шашынды, жер бетін қалың көгал жапқан. (І.Е.)
ІІ. – Дәл саналы жаудай ұмтылуын-ай! – деді күбірлеп таңданған Нұрлан көзін алмай. (З.Ш.) Аттарын есіктің көзіне іле салып, жау-жорық салтымен үйге екі-екіден кіріп, он жігіт ә дегенше қой сорпасына езген құрт сіміріп, қос қолдап ет асап шықты. (Х.Е.) Тіп-тік оқтай түзу сырт келбетін, екі иығына екі кісі мінгендей жауырынды да сом денесін, сабырлы мінезін Ольга көбірек ұнатып, «еркек болсаң, менің әкемдей бол!» деп әзілдей мақтанатын. (З.Ш.) Менің астымдағы жирен ат қырдың киігінше сырғиды. Жалы, арқасы, жоны, жаясы жұп-жұмыр. (С.С.) – Мынау қазы, қарта, жал-жая – бұларды білесің ғой, жылқының ең қадірлі мүшелері. (С.Ж.) Ұшы-қиыры жоқтай көкпеңбек кең дала жалдай жайылып жатыр. (Р.Р.) Насыбайдан ба, әлде зақымы бар ма, Бошыбайдың жаялықтай үлкен аузында дүрдиген қалың еріндерінің көгілдір түсті терілері үнемі тілім-тілім боп жарылып жүреді екен. (С.Мұқ.) Көксудан кеше үріккен ел күн батарда, Біреуді біреу білмей лықсып шаңға, Шұбырып жаяу-жалпы, арып, талып Жығылған Ақешкіге таң атқанда. (І.Ж.) Оралбай мен Керімбала арасындағы ғашықтық сыр, ел зорлығы, екі жас көрген жәбір-жапа – бәрін де үлкен өкінішпен әңгіме етті. (М.Ә.) Жәбіршіден жанымдағының өшін алып бере алмасам, өз-өзімнен қыстығып, қиналатынмын. (Ә.Нұрш.) Шәкен жәдитше жазған, бұл кісі қадимше оқиды. Ежелеп, нобайлап түсінді-ау, әйтеуір. (Ғ.Мұст.) Өмір бойы жәмшіктік қызмет атқарған әкесі Терентийді де аяғын апыл-тапыл басқан күннен қасына ерткен. (С.Мұқ.) Қазарма іші жәрмеңкеге айналып кетті. Күндізгі оқиға өзгеше әсер еткен жауынгерлердің үні үйге келгеннен кейін ала-бөле шыға бастады. (Х.Е.) Биелерді екі-үш рет жебей сауса, «тай жүзген» бір-екі-ақ күнде лық толып жатыр. (С.Мұқ.) Бірін-бірі жебеп-демеп неше саққа ұрады. (М.Ә.)
62-жаттығу. Дефис арқылы жазылатын кісі есімдерінен 12–15 мысал жазыңыздар. Әр есімнің қай тілден енгенін (араб, түркі, парсы, француз, орыс т.б.) көрсетіп, оның құрамын түсіндіріңіздер.
63-жаттығу. Көп нүктенің орнына мағынасына сай қажетті қос сөздерді қойып, мақал-мәтелдерді толықтырыңыздар. Қос сөздердің дұрыс жазылуына назар аударыңыздар. Тапсырманы орындағаннан кейін мақал-мәтелдерді жаттап алыңыздар.
1) Атыңнан айырылсаң да, ... айырылма. 2) Әдептілік, ... – адамдықтың белгісі. Тұрпайы мінез, тағы жат – надандықтың белгісі. 3) Қырықта қылау түсер, ... қырау түсер. 4) Жақсылықтың ... жоқ. 5) Үйдің ... қыс түскенде білінер, адамның ... басыңа іс түскенде білінер. 6) ... қадірін – балалы болғанда білерсің, ағайынның қадірін – қаралы болғанда білерсің, жанашырдың қадірін – жалалы болғанда білерсің. 7) Жақсы болса жан серігің – әйел болар, ... бәрінен жақын болар. 8) ... сөйлесең, жылан іннен шығады, ... сөйлесең, ақыл естен шығады. 9) ... көсем болар, ... шешен болар. 10) Ақымақтың ... болмайды. 11) Ақымақ ... айтады, ақылды ... айтады. 12) Өзімдікі дегенде өгіз қара күшім бар, кісінікі дегенде ... ісім бар. 13) ... би болсаң, Балқан тауға сыймассың, бір данаға жол берсең, жанған отқа күймессің. 14) ... белдер бар, аса алмай жаудың аты өлсін, ағайынмен тату бол, айыра алмай жат өлсін. 15) ... арық қазсаң, ... су ішерсің.
Қажетті сөздер: жылы-суығы, аға-іні, жылай-жылай, асу-асу, көрген-білгенін, сақал-мұртқа, ерте-кеші, алыс-жуығы, ата-ананың, жылы-жылы, қатты-қатты, ер-тоқымыңнан, көре-көре, ішкен-жегенін, сөйлей-сөйлей, ала-құласы, бас-басыңа, анау-мынау, ар-ұят, күле-күле.
64-жаттығу. Көркем шығармалардан дефис арқылы жазылатын сөздерге мысалдар теріп жазыңыздар. Әр мысалда дефистің қандай ереже бойынша қолданылғанын түсіндіріңіздер.
65-жаттығу. Төменде берілген сөздердің мағынасына сай екінші сыңарларын тауып, қос сөз жасаңыздар. Оларды орфографиялық нормаға сай дефис арқылы жазыңыздар.
І. Аз-..., апақ-..., ат-..., барар-..., бетпе-..., билеп-..., бостан-..., дау-..., жап-..., ертелі-..., жол-..., жолдас-..., жүн-..., жігіт-..., кәкір-..., кәрі-..., келін-..., кешелі-..., киім-..., көрші-..., көзбе-..., көл-..., күн-..., күш-..., кірер-..., қараптан-..., қиын-..., қолма-..., құрт-..., қыт-..., мал-..., рет-..., сүп-..., тапқан-..., тектен-..., телегей-..., тоқты-..., ұрыс-..., үбірлі-..., хабар-..., шет-....
Қажетті сөздер: аздап, бармастан, бет, босқа, бүгінді, жақсы, жан, жанжал, жора, жөнекей, жұрқа, кепшік, кеш, кешек, көз, көсір, кірместен, қағыс, қайрат, қарап, қол, қолаң, құмырсқа, құртаң, қыстау, қыттап, мат, мігіт, ошар, ретімен, сапақ, сүйкімді, таянған, текке, теңіз, торым, төстеп, түн, шетінен, шүкір, шүбірлі.
ІІ. Абысын-..., ағыл-..., аз-..., азан-..., анда-..., ар-..., ас-..., атарман-..., дәм-..., буып-..., елтең-..., ерсілі-..., етек-..., жауын-..., жер-..., жиырма-..., қарым-..., жуып-..., күш-..., қауіп-..., қора-..., қырып-..., ойын-..., ондай-..., осыншама-..., пәленше-..., сабыр-..., салдыр-..., сүріне-..., талан-..., тамыр-..., терлеп-..., төгілген-..., үгіт-..., хал-..., шаршамай-..., ілгері-..., іле-..., іс-....
Қажетті сөздер: ажын, ахуал, гүлдір, жең, жойып, жығыла, кейін, кем, көк, күлкі, қазан, қарсылы, қатер, қатынас, қимыл, қопсы, қуат, мұндай, мұншама, намыс, насихат, отыз, санда, селтең, су, тағат, таныс, тараж, тегіл, тепшіп, тұз, түгенше, түйіп, шабарман, шағылған, шайып, шала, шалдықпай, шашын.
66-жаттығу. Берілген қос сөздердің түрлеріне сәйкес он мысалдан келтіріп, кестені толтырыңыздар. Әр қос сөздің сыңарларын көрсетіп, жасалу жолын талдаңыздар және мағынасын түсіндіріңіздер.
|
Мәндес қос сөздер |
Сыңар мәнді қос сөздер |
Қарсы мәндес қос сөздер |
Қайталама қос сөздер |
Күшейткіш буынды қос сөздер |
|
Аман-есен, |
Келін-кепшік, |
Үлкенді-кішілі, |
Жалт-жалт, |
Ұп-ұзын, |
67-жаттығу. Төменде берілген сөздерді пайдаланып, қос сөз жасаңыздар. Аталған қос сөздерді сауатты қолданып, сөйлем құрастырыңыздар.
Ағайын, айтыс, аласа, арман, арпа, ат, атақ, аумалы, аяқ, әзіл, әрі, бағыт, бау, биік, бырт, дау, дүние, ем, жал, жеті, жоғары, жол, кедей, көрші, күнімен, кіші, қадір, қамыт, қарсы, қора, қорлық, құда, құрал, қыз, мая, сарт, секең, табақ, ілгерінді.
68-жаттығу. Берілген зат есімдерге реттік сан есімдерді қосып, оларды емле ережесіне сәйкес жазыңыздар. Дефистің қолданылу немесе қолданылмау жағдайларына назар аударыңыздар.
Апта, бала, бастық, бөлме, ғасыр, ғимарат, дәуір, жаттығу, жыл, қатар, қыз, мамыр, маусым, мұғалім, нұсқа, оқушы, пәтер, сәуір, тапсырма, ұл, үй, шілде.
69-жаттығу. Төменде берілген сан есімдерді емле ережесіне сәйкес дұрыс жазылуын анықтап, оларды тиісті бағандарға бөліп көшіріңіздер. Сан есімдердің берілу түріне және жазылу ерекшеліктеріне назар аударыңыздар.
Үлгі:
|
Дефис арқылы жазылатын сөздер |
Дефиссіз жазылатын сөздер |
|
Отыз-қырық, |
Жиырма бес, |
9 Мамыр, отыз қырықтан, 4 курс, тоғыз мың жүз елу бестей жылқы, 2026 жыл, 22 Наурыз, 11 сынып, алпыс жетпіс, жиырма тоғыз, 227 үй, 61 пәтер, 17 қабат, ХХІ ғасыр, 5 оқытушы, сегіз жүз сексен сегіз, он оннан, төрттен екі, тоғыз жарым, жиырмаға жуық, жүзден аса, тоқсанның тоғызы, бір мың тоғыз жүз сексен алты.
70-жаттығу. Дефис арқылы жазылатын 12–15 географиялық атау жазып, олармен сөйлем құрастырыңыздар. Географиялық атаулардың емле ережесіне сай дұрыс жазылуына және дефистің қолданылу себебіне назар аударыңыздар.
71-жаттығу. Төменде берілген сөздердің бірге, бөлек немесе дефис арқылы жазылатынын ажыратып, тиісті бағандарға бөліп жазыңыздар. Тапсырманы орындау барысында кейбір түбір сөздердің бірігу кезінде дыбыстық өзгеріске түсетінін ескеріңіздер. Сөздердің жазылу ерекшеліктерін орфографиялық ережелерге сүйене отырып түсіндіріңіздер.
|
Бірге жазылатын сөздер |
Бөлек жазылатын сөздер |
Дефис арқылы жазылатын сөздер |
|
|
|
|
І. Егес(қияс), егеу(құйрық), ебір(жебір), егеу(шөп), егіз(қозы), егіс(жай), ез(адам), екпе(ағаш), екпе(гүл), екпе(көшет), екі(бөлек), екі(ара), екі(бірдей), екі(жасар), екі(қабат), екі(жүзді), екі(мыңдық), екі(сөзді), екі(талай), екі(ұдай), ел(ағасы), елді(мекен), ел(бұзар), ел(кезбе), ел(күн), ел(таңба), ем(дәм), ем(шара), ем(дом), елік(бас), елік(аяқ), емен(құлақ), ем(қара), емін(еркін), ем(шара), ен(топшы), ен(таңба), еңбек(күн), ер(жігіт), ер(бала), ер(жайдақ), ерке(бұлан), еркек(шора), ерке(наз), еркін(күрес), ер(сағыз), ер(тоқым), ер(төле), есек(арба), есеп(қисап), есіл(сөз), ет(бауыр), ет(жүрек), ет(жеңді), еш(нәрсе), жайдақ(шам), жайма(нан), жам(жол), жан(жолдас), жан(жары), жат(пейіл), жатын(үй), жек(жат), жел(қабыз), жүн(жұрқа), жүн(жыбыр), жүк(аяқ), жын(ойнақ), жын(сайтан), жын(соққан), кең(арна), көз(қарас), көз(құлақ), көрпе(қап), көрпе(төсек), көрпе(жастық), көші(қон), қош(есен).
ІІ. Қаба(сақал), қабан(құлақ), қабан(жон), қағаз(басты), қағаз(қалам), қағыс(сөз), қаға(соға), қажып(талу), қажыр(қайрат), қадір(қасиет), қаз(мойын), қаз(кеуде), қазан(доп), қазан(ошақ), қазан(бас), қаз(жуа), қаз(қатар), қаз(тамақ), қай(жақ), қайғы(наз), қайғы(нала), қайқы(мүйіз), қаймақ(мүйіз), қайсы(бір), қайын(ата), қайын(ене), қайын(жұрт), қайын(аға), қайың(таяқ), қайың(құрық), қақ(шеке), қақ(бас), қақ(сұқ), қақ(соқ), қақпа(тас), қалам(ақы), қамшы(сап), қамыс(құлақ), қамыс(қора), қамыс(құрақ), қамыс(сырнай), қамыс(торғай), қан(майдан), қанат(құйрық), қанды(ағаш), қан(құрт), қан(қыз), қан(сөл), қан(ойнақ), қан(жоса), қан(шие), қан(ішер), қара(алтын), қара(батпақ), қара(жел), қара(жол), қара(жұмыс), қара(нан), қара(ағаш), қара(алма), қара(балшық), қара(бет), қара(бидай), қара(дауыл), қара(жарыс), қара(қағаз), қара(ниет), қара(тамақ), қауіп(қатер), қаяу(қайғы), қи(қыбыр), қи(қоқыс).
72-жаттығу. Үй жануарларын қалай шақыратынын анықтап жазыңыздар. Әр жануарға қатысты қолданылатын шақыру сөздерін орфографиялық нормаға сай жазып, олармен сөйлем құрастырыңыздар.
Мәтінді мұқият тыңдап, бірге, бөлек және дефис арқылы жазылатын күрделі сөздерді теріп жазыңыздар. Оларды жазылу ерекшеліктеріне қарай топтастырыңыздар.
Мәтінді тыңдап, бірге, бөлек және дефис арқылы жазылатын күрделі сөздерді теріп жазыңыздар. Әр сөздің жазылу ерекшелігін түсіндіріп, емле ережесіне сүйене отырып талдау жасаңыздар.