Мазмұнға оралу Қазақ тілінің орфографиясы
II бөлім · ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ЕМЛЕСІНІҢ ЕРЕЖЕЛЕРІ

Бөлек жазылатын сөздер

Күрделі атаулардың (мемлекет, республика, мекеме, ұйым, оқу орны т.т.) құрамындағы әрбір сөз бөлек жазылады: Қазақстан Республикасы, Оқу-ағарту министрлігі, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы, Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті т.б.

Екі зат есім қатар қолданылып, бір ғана заттың, құбылыстың немесе ұғымның атауын білдірсе және бірінші сөзі екіншісінің неден жасалғанын, неге арналғанын, кімге қатысты екенін, қандай белгісін не түрін айқындаса, олар бөлек жазылады. Мұндай тіркестерде бірінші компонент анықтауыш қызметін атқарады: темір күрек, темір қазық, ағаш балға, ағаш кереует, күміс қасық, жібек орамал, ұл бала, қыз бала, ат арба, ат шана, ат соқа, қой қора, шай кесе, су диірмен т.б.

Күрделі сан есімдердің, сын есімдердің және етістіктердің құрамындағы әрбір сөз бөлек жазылады. Өйткені олардың құрамындағы сыңарлар өздерінің дербес мағынасын сақтап, грамматикалық байланыс арқылы тіркесіп қолданылады: жетпіс алты, сексен екі, екі мың жиырма алты, бес жарым, үштен бір, екі бүтін оннан бес, қызыл ала, қара ала, құла қасқа, сары ала, қара көк, ақ сұр, ұзын бойлы, кең иықты, қарап тұр, сөйлей бастады, күліп жіберді, тыңдап отыр, құлай жаздады, жүгіре жөнелді т.б.

Есім мен еліктеуіш сөздердің етістікпен тіркесуі арқылы жасалған күрделі сөздердің әрбір сыңары бөлек жазылады. Мұндай тіркестерде алғашқы компонент қимылдың сипатын, амалын, нысанын немесе дыбыстық-бейнелік ерекшелігін білдіреді, ал етістік негізгі әрекетті көрсетеді: ән салу, қызмет ету, көмек көрсету, еңбек ету, ақыл айту, әсер ету, жәрдем беру, құрмет көрсету, лап қою, жалт қарау, тарс жабу, гүрс ету, дыз ете түсу, жалп ету, зу ете қалу, сақ-сақ күлу т.б.

Тұрақты тіркестердің құрамындағы әрбір сөз бөлек жазылады: көзді ашып-жұмғанша, қабырғамен кеңесу, қол ұшын беру, таяқ жеу, жүрегі тас төбесіне шығу, ит өлген жер, қас пен көздің арасында, аузына құм құйылу, төбе шашы тік тұру, мұрнына су жетпеу т.б.

Әлде, әр, бір, еш, кей, қай есімдіктері зат есімдермен тіркесіп қолданылғанда, бөлек жазылады: әлде қой, әлде ешкі, әр оқушы, әр мұғалім, бір тапсырма, бір мәселе, еш уақытта, еш адам, кей адам, кей ұстаз, қай бала т.б.

 

56-жаттығу. Төмендегі сөйлемдерден жоғарыдағы ережеге сәйкес бөлек жазылған сөздерді тауып, олардың не себепті бөлек жазылғанын түсіндіріңіздер. Сөздердің қандай сөз табынан жасалғанына назар аударыңыздар.

І. Ол өңделген топырақты жағалай жүріп жатқан ат арба, тиегені шпал, екі жағынан тасып, төгіп келеді. (І.Ж.) Үш үйдің ішінде еңсесі көтеріңкі, қомақтылау біріне Аман мен Таймас ат басын тіреді. (Ғ.Мұст.) Кәлен темір сүйменімен оны иықтың тұсын ала соқты. Ол ат жалын құшты. (Ә.Н.) – Тимейсің ғой, жаңа бай тапқан неме? Тимейтінің рас, өйткені сені мен өзім де алмаймын... Қазір біраздан соң кеп ат көтіне сап алып кетем, – деді Сүгір Айшаға. (М.Ә.) Енді, бүгінгі түстіктен кейін, кешке қарсы көп қонақ атқа қонбақшы болып отыр. (М.Ә.) – Кел демек бар, кет демек жоқ. Келдік, аман-есен айттық, енді рұқсат болса, атқа қонғалы отырмыз, – деді Досай. (І.Ж.) Батырлар ат қораны жағалады, Бір аттың сынын айтып бағалады. Қояндай ақ бестіні айналдырды Өзге атты мақтаса да қаламады. (С.С.) Бокин ел сөзіне құлақ қоя ма, жоқ біржола ат құйрығын кесіп, жауласа ма? (З.Ш.) Жаным сүйіп жарым деп сеніп едім, Құрбандыққа басымды беріп едім. Айтылған сөз уәде-сертім үшін, Ат сабылтып Шұғажан келіп едім. (Б.М.) Қыста ат құлағы көрінбейтін ақ боран бір жұма үзілмей соқса, Абылғазы сол бір жұма бойында тоқталмастан жол тартып отырып, барам деген жеріне ат тұмсығын аумай кеп тіреп, дәл шығатын. (М.Ә.) – Қазақтың ат төбеліндей оқығаны бірін-бірі мүйіздеп, бірін-бірі жамандап жатқаны біздің ішімізге тіпті-ақ сыймайды, ағай. (І.Ж.) Шынтас көкше мұздың үстінде жеңіл ат шанамен ағызып келеді. (Т.А.) Мықтыбай балалары бірінен соң бірі кеп, ат ізін суытар емес. (С.Мұқ.) Жарау ат, айғырды мініп, қалың Тобықтымен көршілес Керейдің, Матайдың басты-басты жерлерінде де жат, суық хабарды алып, шашырап шауып жөнелген-ді. (М.Ә.) Түннің бір уағында дабырлаған дауыс шыққанға терезеден үңілсем, Игнаттардың шанасындағы қаптарды қой қораға кіргізіп жатыр екен. (Б.Т.) Бір жыл ішінде олар байға бір үлкен ат қора, екі қой қора, отын сарай, ет, ұн сақтайтын және бір үй салып беріпті. (М.Ж.)

 

ІІ. Көп ауылдағы қоңыр үйге жетіп ат басын тірегенде ғана үзік туралы ойы үзілді. (Ғ.Мұст.) Үш жүз шақырым жердегі Ақмоладан жалғыз түйесі арықтап, өзі жүдеп келе жатқанда ат құлағы көрінбейтін үскірік боран қамады. (Ғ.Мұст.) Ол енді сонша жерден ат сабылтып келген әке мұрасының сиқын көргенде көңіл күйі кәдімгідей-ақ жүдеп қалды. (Ә.Н.) Енді бір сәт қарасам, көк ала толқын ішінде адам бейнелері, ат шана қараңдайды. (Ә.С.) Со кезде Ахмет оң қолына қондырған жеңіл лашынның томағасын сыпырды да, астындағы жарау атты тебініңкірей шоқыта жөнелді. (С.Мұқ.) Сөз байлауы осы болды. Аман қонақкәде істеп, тысқа шықты. Маржан қонағына төсек салды. (Ғ.Мұст.) Ебейсін сүр ет пен құрт езген майлы сорпаның исі әлі де айыға қоймаған ыссы үйдің ауасына мұрнын төсеп қойып, манаурап жатқан-ды. (Ә.Н.) Ол отыздың өріне аяқ басып, «жігіт ағасы» атанып қалса да әлі үйленбеген сүр бойдақ. (Р.Т.) О, Мәди, кегің тентек, асау қайғың, Әніңе қосып берген жасаудай мұң. Бір кезде қарсы алдыңнан шыға келді, Сіп-сирек мысық мұрты Асантайдың. (С.Смат.) Соры қайнап сельпоның бастығы төрт жылды арқалай кете барды. Қарабеттің мұрты да қисайған жоқ. (С.Ж.) – Соншама ол кімнен әулие болыпты, – деп Ырыскелді мұрты тікірейіп тістене түсті. (С.Ж.) Моғалстанда бір тірегім болса, мұртымды балта кеспейді деп ойлады Жәнібек. (І.Е.) Бұл екі күннің ішінде оның бір минут бұрылуға мұршасы келген жоқ. (Ә.Нұрш.) – Көптен мұрным қышып жүр еді. Оның үстіне бүгін менің туған күнім, – деді Янишкина. (С.Ж.) Қызарып кеткен мұрындарының қайсысын қыр мұрын, қайсысын қайқы мұрын деуің қиын. (Ғ.М.) – Сенсіз де мен мұнда бұтты-шатты боп, басым айналып, мұрын сіңбіруге мұршам жоқ. (М.Ә.)

 

57-жаттығу. Орфографиялық сөздіктен емлесі таныс емес бөлек жазылатын 10–15 сөз тауып жазыңыздар. Олардың дұрыс жазылуына назар аударып, әрқайсысымен сөйлем құрастырыңыздар.

 

58-жаттығу. Көркем шығармалардан бөлек жазылатын сөздердің әр түріне үш мысалдан тауып жазыңыздар. Әр мысалдың не себепті бөлек жазылғанын түсіндіріңіздер.

 

59-жаттығу. Төмендегі сөздердің бірге немесе бөлек жазылатынын анықтап, оларды тиісті бағандарға бөліп жазыңыздар. Жазылу емлесін орфографиялық ережеге сүйеніп түсіндіріңіздер.

Бірге жазылатын сөздер

Бөлек жазылатын сөздер

 

 

 

І. Пияз(гүл), саба(қарын), райхан(гүл), сағана(там), сағы(сыну), сабан(таспа), сабыр(жер), сабын(көк), сайғау(ағаш), сабын(тамыр), салдама(тон), сабын(шөп), салт(айтыс), садақ(жапырақ), саз(өлең), садақ(көде), сай(сағыз), сақа(ат), саңырау(құлақ), салқар(құлаш), сары(ағаш), сары(андыз), саздауық(жер), сары(буын), сақы(адам), сары(гүл), салпаң(құлақ), сары(күйік), сақар(сабын), сары(қараған), сары(қарақат), сайлы(жер), сары(мия), сары(раушан), сары(садақ), сақау(құлын), сары(сазан), сары(сояу), сайын(дала), сары(тал), сақ(адам), сары(тұңғиық), сала(қылтамыр), сасық(балдырған), саздауыт(жер), сасық(жуа), сабат(жер), сасық(қурай), сабау(қамшы), сасық(меңдуана), сал(сүйек), сасық(шөп), салқы(төс), сәбіз(шөп), сала(құлаш), сегіз(мүйіз), самар(аяқ), самар(жақ), секпіл(гүл), сабат(салу), селдір(шөп).

 

ІІ. Салтқы(ағаш), семсер(шөп), самиян(дала), самай(сүйек), семіз(от), сирек(бас), сан(ет), сирек(жапырақ), сапты(қылыш), сиыр(бұршақ), сапы(қын), сар(желу), сиыр(бүлдірген), сара(жол), сиыр(жоңышқа), сор(топырақ), сиыр(жуа), сарт(құман), сиыр(қарақат), сарша(тамыз), сиыр(құйрық), сарық(қой), сары(қас)(торғай), сиыр(сілекей), сас(табақ), сия(көк), сары(табан)(ат), сортаң(шөп), сасық(ауыз), саулық(қой), су(балдыр), сауын(мал), сәске(түс), су(бетеге), сере(қазы), сидаң(аяқ), су(жұлдыз), сесті(адам), су(қабақ), су(қара)(мық), соғым(ет), су(сарғалдақ), сират(көпір), сиса(көйлек), су(сімір), су(шілік), соқа(басы), соқпа(дерт), суыр(от), сұлу(шаш), сұлатпа(бұтақ), сүрік(мәсі), сұлы(бас), сүйел(шөп), сүт(емшек), соқпа(күй), соқпа(үй), сүт(жапырақ), солтақ(шал), соп(қамшы), сүт(құлақ), сопақ(бас), сонар(қыз), сылдыр(шөп), сораң(жер), сораң(тал), сырға(гүл), сөз(басы), сықпа(құрт).

 

60-жаттығу. Жақша ішіндегі сөздердің бірге немесе бөлек жазылатынын анықтап, жаттығуды көшіріп жазыңыздар. Орфографиялық ережеге сүйене отырып дұрыс нұсқасын көрсетіңіздер.

І. Абайдың көңіліне әлде(бір) жолбарыстай, қабыландай қайратты, жансебіл жандар елестеді. (М.Ә.) Ауылдағы балалардың бірі бос емес, бәріміз де оқудамыз. Молдамыз – байдың молдасы, түбі қожа ма, сарт па әлде(кім). (Б.М.) Танакөз атқа мінуге, құлын құрықтауға, ағайын арасындағы әңгімелерге араласуға ерінен әлде(қайда) епті. (Ғ.Мұст.) Қаланың қыр жағы әлде(шаң), әлде(тұман) сияқтанып, жігіттерге күңгірт көрінді. (І.Ж.) Екеуі әлде(қалай) кездесе қалса, аз сөйлестік дегеннің өзінде бірер сағат өткізіп жіберетін уақыттары болады. (Б.М.) Түсте жат иіс шықты, алыстан әлде(қандай) дабырлаған дауыстар естіліп, жақындап келе жатты. (М.Ә.) Жүріп келеміз... Көкшетау, оның маңындағы қалың орман әлде(қашан) артта қалған. (С.С.) Әр(елден) келін келер, әр(түрлі) ырым етер. (Мақал) Азғана уақыт болса да әскер өмірі әр(алуан) қауымнан құралған жауынгерлерді тұтастырып тастаған екен. (Т.А.) Көңілім әр(тарапқа) бөлініп, жүдеп жүрген кісі – жабыса кеттім. (З.Ш.) – Жоқ, жоқ, – деді ана екеуі, – біз әр(түрлі) өсімдіктен дәптер арасына салып та алдық. (Н.Ғ.) Енді көрпе астында ойы әр(саққа) жүгіріп дал. (Т.А.) Тек қана баласының әр(бір) адымын санап тұрғандай, көзі шоқ ағашқа қадалып қалыпты. (Ғ.М.) Әзірше ұяң, қорғаншақ, үнемі ақырын ғана қызара, қысыла сөйлейтін Айсұлуды Әсия әр(дайым) бауыр тартып, жақын жүреді. (М.Ә.) Әрине, ауыз әдебиетінің барлық түрі бір мезгілде туған емес және олардың тууына себеп болған жағдайлар да бір(келкі) емес, әр(келкі). (М.Ғ.) Боз үйдің жанында бағанадан бері әр(кімнің) атын атап шақырып тұрған дауыс басылды. (Ғ.Мұст.) Көңіл шырқы бұзылып, әр(қайсы) өз ойына күпті болып отыра берді. (З.Ш.) Деуші еді күн тимеген, жел тимеген, Қасында әлде(біреу) бар ма, Жібек. (Ғ.М.) Таудың тасы жай тас емес, әлдене замандарда болып өткен вулкан әлегінен туып қалған бір(тұтас) порода (тас бітімі) екен. (М.Ә.) Нұғыманның отырысы, қалам ұстаған нәзік саусағы, сыпайы киімі бір(түрлі) жарасымды. (Б.М.) Кешке таман Артемовка деревнясына баратын көрінеді. Онан әрі баратын жолы белгісіз, еш(адам) білмейді. (Ә.Ш.) Еш(бір) дарынды ақын, еш(бір) дарынды жазушы орыс әдебиетін, орыс әдебиеті арқылы дүниежүзілік озық әдебиеттің көрнекті үлгілерін аттап өте алмауы керек. (Ғ.М.)

 

ІІ. Жақсылық көрген-білгенін күдіксіз қылып, орнықты етіп, әлде(неше) айтқан соң шын сенді. (М.Ә.) Омашты тартатын көліктің көпшілігі – есек. Әлде(нешеуін) парлап жеккен. (С.Мұқ.) Бұл кезде Бекболға алғаш кездескен асау қара сұр да әр(алуан) сұрақтар бере бастап еді. (М.Ә.) Мастер оған кәрі көздері күлімсірей қарайды, өз түлегінің әр(жақты) өнеріне қуанады. (Н.Ғ.) Директор біреумен сөйлесудің алдында көзінен көзілдірігін алып, әр(уақытта) да бір езу тартып, күлімсіреп алады. (С.Е.) Біздің ауыл мінекей, Көз жіберіп қараймын. Әр(біреуін) ауылдың, Іздеп, қарап санаймын. (С.С.) Сонда әр(дайым) жолымда бір Антон деген тілекші отырып, қайыр сұрап алып жүруші еді. (Ы.А.) Әрине, әр(кім) әр(нәрсеге) өз базарының нарқымен баға беруге ерікті ғой. (С.С.) Әр(қайсы) бір шақырымнан шаң сүйретіп үш машина кетіп барады. (Т.А.) Жасы үлкен, денесі кең Сергей Петрович әр(қашан) осылай балаша қуанады, балаша ренжиді. (Ғ.М.) Әр(қашан) асығып, шапшаң сөйлейтін Ғалымжан Коляға бар жайды сыпырып баяндап өтті. (Н.Ғ.) Жылқының жатқан жерінен жарты көш шыққан кезде артымыздан жұлындай болып бір(қара) көрінді. (Ғ.М.) Шешеге де тартпаған бір(мінезі), Күлімдеп күн сәулелі жарқын жүзі. Көктен түскен гауһардай көзді ұялтқан, Қол жетпес күн сұлудың нағыз өзі. (С.Т.) Өз әкесі бір(алуан) озбыр күш иесі болса, соның қарсысындағы жуандар да еш(бір) жағынан абзал әулие емес екенін біледі. (М.Ә.) Жұрттың айтуынша, әкесі Қашаубай әлде(бір) болысты өлтіреді де, жаназасынан қорқып, Семей қаласына қашады. (С.Мұқ.). Кәкібай Ержан үндемегесін бір(түрлі) ыңғайсызданып, «я-а» деп күрсінді де орнына кетті. (Т.А.) Байы да болып шықты туған өлкем, Еш(қайда) болмай шықты оған жер тең. Дейтұғын «түгін тартса, майы шыққан», Құнарлы топырағы, түгі көркем. (С.Мұқ.) Мұғалімдер елдің қай(жұмысында) болса да, жетекші болып отыруы керек. (Б.М.) Күлмегенде қайтсін, Сапарбайдың аузына қай(бір) дұрыс сөз түсуші еді. (Ә.С.) – Кей(кісі), балам, қатал шындықтан, жайлы өтірікті артық көреді. (З.Ш.) Сарнады, маңырады, даңғырады, Кей(уақыт) уата-уата саңғырады. Анда-санда тартады қатты-қатты, Көңілім сезбей, бастарым қаңғырады. (С.Т.) Комиссия әуелі аупарткомға барып, кей(бір) мәселелерін келісіп алды. (З.Ш.) Мәселе емес, бірақ кескін, түсте, Айласы адамзаттың жатады іште. Ең жақын адамдарды біліп болу, Түседі кей(бір) шақта ауыр күшке. (С.Мұқ.)