Мазмұнға оралу Қазақ тілінің орфографиясы
II бөлім · ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ЕМЛЕСІНІҢ ЕРЕЖЕЛЕРІ

Бірге жазылатын сөздер

Дыбыстық өзгерістерге ұшырап барып біріккен сөздер бірге жазылады. Яғни мұндай сөздерде бастапқы сыңарлардың тұлғасы сақталмай, өзгерген күйінде таңбаланады: алаңғасар, апар, ашудас, әпер, белбеу, биыл, бүгін, бүрсігүні, жаздыгүні, күздігүні, қарлығаш, қолғап, қыстыгүні т.б.

Әлде, әр, бір, еш, кей, қай сөздерімен біріккен есімдік, үстеулер бірге жазылады: әлдебір, әлдебіреу, әлдекім, әлдеқайда, әлдеқалай, әлдеқандай, әрдайым, әркім, әрбір, әрбіреу, әрқалай, әрқашан, бірнеше, біржола, біржолата, бірсыпыра, бірталай, бірқыдыру, ешбір, ешкім, ешқайда, ешқандай, ешқашан, кейбір, кейбіреу, қайбір, қайбіреу, қайсыбір, қайсыбіреу т.б.

Ғылымның әр алуан саласында терминдік мәнге ие болған атаулар бастапқы тұлғаларын сақтап, бірге жазылады. Мұндай сөздер екі не одан да көп түбірдің бірігуі арқылы жасалып, белгілі бір ұғымды дәл әрі нақты білдіретін терминге айналады: ақсүйек, алтыбақан, аражік, арақатынас, арақашықтық, әдебиеттану, әуезовтану, баспасөз, дерекқор, еңбекақы, жанкүйер, жаратылыстану, жерсерік, жолсерік, кәсіподақ, кәсіпорын, келіссөз, кемпірқосақ, көкжөтел, көптілділік, күйтабақ, күнтізбе, қолжазба, оңтүстік, оттегі, өнеркәсіп, сарысу, соқырішек, солтүстік, сөзжасам, сөзжұмбақ, сутегі, сүтқоректілер, төртбұрыш, тілтану, үшбұрыш, шикізат т.б.

Екі-үш түбірден құралған аң-құс, жан-жануар, құрт-құмырсқа, өсімдік атаулары бірге жазылады: ағашшырмауық, айбалдырған, айғыржуа, айғырқияқ, айдаршөп, айылжуа, ақбасшөп, ақбөкен, ақбұзаубас, ақиық, аққайың, аққанат, аққаңбақ, аққоян, аққұтан, бірқазан, жолбарыс, итбалық, көкқұтан, көртышқан, қарақұйрық, қарақұс, қараторғай, қосаяқ, құмтышқан, құрбақа, қызылқасқыр, қырықаяқ, сарышұнақ, сасықкүзен, тасбақа т.б.

Алдыңғы сыңары ақ, ала, боз, көк, қара, қызыл, сары сияқты түс атауларынан құралған аң-құс, өсімдік атаулары бірге жазылады: ақгүл, ақжалбыз, ақжапалақ, ақжапырақ, ақжелкен, ақкөбелек, ақкөз, ақкіс, аққаз, алабота, алабұлбұл, алабұта, алабүйі, алабүрге, алажертесер, алақаз, алақоржын, алақұмай, алақұрт, алаөрмекші, бозарша, бозбетеге, бозбұға, бозгүлжапырақ, бозкөде, бозкілем, бозсораң, бозсуыр, көкбасгүл, көкжидек, көкжөре, көккептер, көкқарға, көкнәр, қарақоға, қарақоңыз, қарақұлақ, қарақұс, қарамық, қарақұр, қарақұрт, қаратал, қызыларша, қызылбит, қызылбұрыш, қызылдолана, қызылқаз, қызылмия, қызылтамыр, сарықараған, сарықарақат, сарыраушан, сарысазан, сарысояу, сарытал, сарышымшық т.б.

Ал ақ, қара, қоңыр, қызыл, сұр, шұбар т.т. түс атаулары жеке қолданылып, аң-құс, өсімдіктердің түсін білдірсе, онда ол сөздер бөлек жазылады: ақ аю, ақ суоты, қара кезқұйрық, қара сүлік, қоңыр аю, қоңыр бозторғай, қызыл алма, қызыл құрт, сұр жылан, шұбар күзен, шұбар тышқан т.б.

Техника, шаруашылық, тұрмыс, мәдениет, өнер, спорт т.б. салаларда терминдік мәнге ие болған зат, құрал-жабдық, ұғым атаулары бірге жазылады: алыпсатар, бесатар, бессайыс, беташар, еттартқыш, жанкүйер, қосқұлақ, соқыртеке, тоғызқұмалақ, тоқымқағар, шаңсорғыш, шашкептіргіш, шашсипатар т.б.

Екінші сыңары аралық, тану, таным, ішілік, құмар, жай болып келген сөздер бірге жазылады: ауданаралық, қабырғааралық, халықаралық, абайтану, мәшһүртану, шығыстану, дүниетаным, кинотаным, тілтаным, құрлықішілік, мектепішілік, университетішілік, майқұмар, мансапқұмар, насыбайқұмар, әуежай, жылыжай, мекенжай, саяжай т.б.

Алдыңғы сыңары авто, агро, аэро, био, гидро, гипер, изо, инфра, кино, макро, метео, микро, мото, радио, теле, транс, ультра, фото, электр, екінші сыңары қазақ сөздері болып келген сөздер бірге жазылады: автоалаң, автобекет, автобөлшек, автодүкен, автожол, агробөлме, агрожәрдем, агрокешен, агроқұрылым, агроөнеркәсіп, аэробекет, аэроғарыш, аэромектеп, аэросурет, биоайналым, биоәдіс, биомөлшер, биосаясат, биосүзгіш, гидроайырғыш, гидробарлаушы, гидрокөтергіш, гидроқақпақ, гипербайланыс, гипержазықтық, изосызық, инфрадыбыс, инфракүлгін, инфрақұрылым, инфрақызыл, инфрасәуле, кинобайқау, киножарнама, киноқұжат, киносаясат, макроанықтама, макробөлшек, макрожүйе, макроқұрал, метеобекет, микробөлшектер, микродене, микрожоба, микроқұрылым, мотоатқыш, мотожарыс, мотосағат, радиоаспап, радиобағыт, радиобайқау, радиобелгі, телеарна, телебейне, тележүргізуші, телетаратылым, трансагенттік, трансұлттық, ультрадыбыс, ультракүлгін, ультрасүзу, фотоайғақ, фотобайқау, фотобейне, фотокөшірме, фотоқұжат, электраспап, электрбұрғы, электрдиірмен, электресептеуіш, электрқырықтық т.б.

Екі-үш сөзден құралған кісі аттары мен географиялық атаулар, ру-тайпа, халық аттары бірге жазылады: Айгүл, Айтмұхамбет, Әбдіманап, Әбілқасым, Әскербек, Бердібай, Ғалиябану, Ерсұлтан, Есжан, Жаннұр, Қаламқас, Өтепберген; Ақбет, Ақтоғай, Ақтүйесай, Ақши, Алатау, Баянауыл, Егіндібұлақ, Екібастұз, Жезқазған, Қызылжар, Қызылорда, Талдықорған, Тереңкөл; қаракерей, жетіру; қарақалпақ, қарақыпшақ т.б.

Кей кісі есімдері дыбыстық өзгеріске ұшырап, ықшамдала немесе үндесе отыра бірге жазылады: Айғыз, Амангелді, Әйгерім, Ботагөз, Дәметкен, Қожахмет, Мырзәлі, Нұрғожа, Телғожа, Ұлмекен т.б.

Ұлы, қызы сөздері фамилиямен немесе әкесінің атымен тіркесіп, бір адамның толық аты-жөнін білдіргенде, бірге жазылады: Бауыржан Момышұлы, Сағындықұлы Бекен, Балқия Қасымқызы, Айжан Төлепбергенқызы т.б.

 

42-жаттығу. Төмендегі сөйлемдерден біріккен сөздерді анықтаңыздар. Оларды теріп жазып, жасалу жолын орфографиялық ережеге сүйене отыра түсіндіріңіздер. Әр сөздің жазылуын сөздік арқылы тексеріңіздер.

І. Осы екі ел рубасы жуандарының бір-біріне сыз өткізем деген бақталасы, бақкүндестігінен ... бір-біріне қатты уыққан, қатты аңдысқан, шатасқан ел болатын. (М.Ә.) Жаңағы ашуменен құтырып алған Оразбай қазір анық жыны буған бақсыдай өзінің үлкен үйінің сыртында екі езуінен көбік шашып, бұрқырап, бір топ адамға жер қазғызып жатыр еді. (М.Ә.) Еламан бұрын-сонды әйел баласында дәл мұндай әдепсіз жанды көрмеген-ді. (Ә.Н.) – Құнанбай баласында сенің кегің болса, біздің де өшіміз бар, – деді Дәркембай. (М.Ә.) Нұртай өкірген дауыспен тәлтіректей басып, балаған есігінен шыға берді де етпетінен түсті. (С.Мұқ.) Адам жүрегіне үрей, сеніспеу, егіліп жатқан күдіктер балалап барып әлдекімнің айбарына тіреледі де, тұйықталып қалады. (Ғ.М.) Машиналардың көбінің бөлшектері, кейбірінің қаңқалары ғана қалған, шахталарды су басып кеткен. (С.Мұқ.) Көл жағалай отырған Көкқұтан мен қарабай Көтеріліп ұшқанша, Белінен кесіп басады. (С.С.) Тау тағы біраздан қара қошқыл, одан әрі сәт соңында қарабарқын, қара қоңыр түстерге ауысты. (М.Ә.) Қарабуралардан жасалған бөгет, жергілікті жұрттың айтуынша, мәңгіге шыдайды. (С.Мұқ.) Бетпақта қысы-жазы ел болмайды, Ел-жайлау, өзен яки көл болмайды. Бұтасы қу баялыш, қаражусан, Көгала бетегелі бел болмайды. (С.С.) Жолдас май, ән ғана емес тартар сыйым, Қаракөл жаға, жасыл барқыт киім, Тіктім түзде, көрейін келісе ме, Кәне, досым, сыйымды жамыл, киін. (С.Мұқ.) Тәңірберген түрікпендердің есе алмақ боп, қанына қарайып келе жатқанын білді. (Ә.Н.) Ол араб, парсы тілінің бірталай сөздерін ұмытыңқырап, қарайып қалған екен. (М.Ә.) Екі шабарман Бақтығұлды билер үйінен ертіп шығып, ұрыларды қамап жатқан үйлеріне қарай алып жүрген. (М.Ә.) Қаракөл қой дегенің жуырда ғана келгенмен, бұл құмдардың ата малындай боп алды. (С.Мұқ.) Қазақтың бір ертегінде: «Қасқыр қарақұлақ деген аңнан қорқады. Сондықтан қарақұлақ десе, қасқырдың шамы», – деген қазаққа мақал болған деседі. (С.С.)

 

ІІ. Әйтсе де ушықтыруға, қантөгіске жібермей, қарабуралап, қоқан-лоқылап, оған көнбесе пара, құдалық арқылы Сиқымбай жеріне кірмек. (Ғ.Мұст.) Қыраттау жерде көп ұшырасатын қарақұрттар дәл Сырдың өз жағасында жоқ. (С.Мұқ.) Елдің жұртында жер ошақтың араларындағы сүйек-саяқтарға, елдің сыртындағы ескі апандардың маңайына тасталған бірен-саран өлімтікке он-он бесі жиылып, қарақұс, қарға, өгіз шағалалар той тойлап жатыр. (Ғ.М.) Айғанымда ажар қалмай, бұрынғы қоңыр, әдемі кескіні шала піскен еттей қарамықтана бозарып, өңі әжімденіп кетті. (С.Мұқ.) Сыр бойының ызғырық желі даланың жусан, изен, ебелек, қарасора сияқты шөптерін де тамырынан қопарып әкетеді. (С.Мұқ.) Қоқыш, Сәрсен, Жарасбай болып ақылдасып, Бәйтен аулына қарғы бау мен қалың малды бірге қосып, қарбытып бір-ақ беріп жіберген. (М.Ә.) Адалбақан уықтың қарына дұрыс бекітілмегендіктен, Жұманға қарай құлап, бір ашасы шекесін тырнап кетті. (Ғ.М.) Алшынбектің қоңырқай жүзінде аса бір айта қаларлықтай көрік болмағанмен, қайраттың, жігердің белгісі бар, тіпті қатаңдықты да сездіреді. (І.Е.) – Сөзді қойыңыз, – деді Найзабек қатуланыңқырап, – біз өзімізден үлкен мекеменің жұмсауымен келіп отырмыз. (С.Мұқ.) Алатаудың кейбір қатпарының үстінде созыла шөккен бір жағы ақшыл, бір жерлері қоңырқай бұлттар бар. (М.Ә.) Хан осылай шешім таба алмай абыржып тұрғанында, қызы Гүлбаһрам садағын алып, қорамсақтан қозыжауырын жебені әкесіне қарай кезей бастады. (І.Е.) Оразбек ауылнай, Кенебай жасауылдар қырдағы қуа қашқан жылқыны көрген соң, қоқырақтап, жылқы артынан шапты. (І.Ж.) Досқожа хатшы ербиіп, қолайсыздау отырып, тізесіне қағаз қойып жазып отыр. (Б.М.) Бірақ бейқамдықпен кабельді қолғапсыз, қысқышсыз ұстап жүрген сен жазым болсаң, сені қайтадан дүниеге келтіру қиын болады. (Ш.М.) Ертеден іргелі аталы жуан байдың қоңсысы болған соң, қыстыгүні қыстайтын орнын да білетін. (М.Ә.) Жайлау аралас болса, қыдырыс, жүріс аралас болады. Сыбаға, қонақасы аралас болады. (М.Ә.)

 

43-жаттығу. Орфографиялық сөздікті пайдалана отырып, емлесі таныс емес 10–15 біріккен сөз теріп жазыңыздар. Олардың орфографиясына назар аударып, есте сақтаңыздар. Әр сөздің жазылу емлесін түсіндіріңіздер. Аталған сөздермен сөйлем құрастырыңыздар.

 

44-жаттығу. Орфографиялық сөздіктен о баста тұрақты тіркес болғанымен, кейін терминдік, атауыштық мәнге ие болып бірігіп кеткен 5–10 сөз теріп жазыңыздар. Олардың жазылуына назар аударып, емлесін есте сақтаңыздар. Жиналған сөздерді қатыстырып, сөйлем құрастырыңыздар.

 

45-жаттығу. Көркем шығармалардан бірге жазылатын сөздердің әр түріне екі сөйлемнен теріп жазыңыздар. Күрделі сөздердің жазылуына назар аударып, жасалу жолын ережемен дәлелдеп түсіндіріңіздер.

 

46-жаттығу. Орфографиялық сөздіктен бірінші сыңары авто, агро, аэро, гидро, гипер, инфра, кино, макро, микро, радио, теле, транс, ультра, фото, электр, екінші сыңары қазақ сөздері болып келген біріккен сөздерді (әрқайсысы бойынша кемі екі сөз) теріп жазыңыздар. Олардың жазылуына назар аударып, емлесін есте сақтаңыздар. Жиналған сөздерді қатыстырып, сөйлем құрастырыңыздар.

 

47-жаттығу. Орфографиялық сөздіктен екінші сыңары аралық, тану, таным, ішілік, құмар, жай бірліктерімен жасалған 18–20 біріккен сөз теріп жазыңыздар. Олардың жазылуына назар аударып, емлесін есте сақтаңыздар. Аталған сөздермен сөйлем құрастырыңыздар.

 

48-жаттығу. Туған өлкеңізге байланысты екі-үш түбірден біріккен 15–20 топонимикалық атау жазыңыздар. Олардың жазылуына назар аударып, емлесін есте сақтаңыздар. Әр атаудың қандай нысанға (өзен, көл, тау, елді мекен т.б.) қатысты екенін анықтап, қысқаша мәлімет беріңіздер. Жиналған топонимдерді қатыстырып, сөйлем құрастырыңыздар.

 

49-жаттығу. Төмендегі бірге жазылған балық, ойын, өсімдік және құс атауларын бірінен-бірін ажыратып, топтарға бөліп көшіріңіздер. Әр сөздің дұрыс жазылуына назар аударып, емлесін есте сақтаңыздар.

Үлгі:

Балық атауы: айбалық, ...

Ойын атауы: алтыбақан, ...

Өсімдік атауы: ағашшырмауық, ...

Құс атауы: ақиық, ...

 

Аққұйрық, қарғатабан, ақкөз, барыпқаш, қақпатас, асаукөк, қолсоқпақ, алтыбақан, қожакендір, алтыбасар, қылқұйрық, есектартыспақ, қараырғай, арқанаттау, қарақоға, айбалық, көктал, қожашөп, айнакөз, арқантартпақ, көксерке, қаракөз, ақсары, алакөз, қарамық, ескектұмсық, ауыртаяқ, алақұмай, қозыжарыс, қараот, әсемсарықас, қарғатұяқ, көжекжарыс, әсемшымшық, қараөлең, балтатұмсық, дөңмаңдай, қиярбалық, қарасораң, қарабие, бүргенторғай, қасқырмасақ, атпаақыл, ақтабан, бізқұйрық, қасықшөп, бізтұмсық, қарғакөз, бірқазан, қазандоп, жорғатаяқ, алтынқабақ, қияқшөп, белбеусоқ, жорғаторғай, ақмарқа, жиырмабір, қартаңқұлақ, жыланбүркіт, қойбалық, қоғакендір, сартұқыш, жыланжегіш, белбеутастамақ, аққайран, қарасұлы, кезегенторғай, әуетаяқ, қаратал, ақсерке, бестас, кезқұйрық, көккептер, қасқажусан, көкқарға, қасқыржидек, көкқұтан, қасқыржем, көксары, күмісалу, көктеке, қожабидай, көкшегір, қаратерек, көңқарға, бұқатартыс, қаратамыр, бөріктастамақ, қарақаз, қарамеңдуана, қарақұс, қарашайыр, қолтұзақ, қараләйлек, өгізай, қозыгүл.

 

50-жаттығу. Екі түбірден біріккен 12–15 құрбы-құрдастарыңыздың есімдерін тауып, оларды емле ережесіне сәйкес дұрыс жазыңыздар. Есімдердің құрамындағы түбірлерді көрсетіп, жазылу ерекшеліктерін түсіндіріңіздер. Жиналған антропонимдермен бірнеше сөйлем құрастырыңыздар.

 

51-жаттығу. Орфографиялық сөздіктен әр және бір сөздері арқылы жасалған 10–12 біріккен үстеуді табыңыздар. Оларды емле ережесіне сәйкес жазып, құрамын анықтаңыздар. Жазылу ерекшеліктерін түсіндіріп, әр үстеуді қатыстыра сөйлем құрастырыңыздар.

 

52-жаттығу. Лингвистикалық түсіндірме сөздіктен мамандығыңызға қатысты 10–15 біріккен термин теріп жазыңыздар. Аталған терминдердің жазылуына назар аударып, емлесін есте сақтаңыздар. Әр терминнің ережесін түсіндіріп, қай салада қолданылатынын анықтаңыздар. Оларды қатыстырып, сөйлем құрастырыңыздар.

 

53-жаттығу. Орфографиялық сөздіктен тұлғасы өзгертіліп барып біріккен (кіріккен) 12–15 сөз теріп жазыңыздар. Олардың жазылуына назар аударып, бастапқы тұлғасы қандай өзгеріске ұшырағанын анықтаңыздар және дыбыстық өзгерістің себебін орфографиялық ережелерге сүйене отыра түсіндіріңіздер. Жиналған сөздерді қатыстырып, сөйлем құрастырыңыздар.

 

54-жаттығу. Екі бағандағы сөздерді негізге ала отырып, берілген үлгіге сәйкес біріккен сөз құрастырыңыздар. Әр сөзді тек бір рет қана қолданыңыздар. Құрастырылған сөздердің дұрыс жазылуына назар аударып, бірге жазылу себебін түсіндіріңіздер.

Үлгі: ақ + қайың – аққайың, ...

 

1-компонент

2-компонент

ағаш, ай, айғыр, айдар, айшық, айыл, ақ, ала, алты, алтын, алып, анар, аң, ара, арам, арқар, ас, ата, атан, ат, ауа, ауыз, ауыл, ауыр, аш, аю, аяқ, әдебиет, әлде, әр, әуе, бағдар, бала, бал, бас, бел, бес, бесік, боз, бой, боқ, бота, бөрі, бөрік, бу, буын, бұзау, бұйра, бұршақ, бүкіл, біз, бір, гүл, дәм, дүние, дыбыс, егеу, екі, ем.

еңбек, ермек, есік, ет, ешкі, жалпы, жаман, жамбас, жан, жапырақ, жар, жарты, жарық, жарыс, жас, жатын, жау, жез, жел, жем, жер, жиек, жиен, жиырма, жол, жолдау, жорға, жұмсақ, жүз, жүк, жүрек, жылан, жылу, жын, зар, зәр, ине, ит, иіс, картоп, кәсіп, келін, кемпір, кер, киіз, көз, көк, көмбе, көп, көре, көркем, көріп, күй, күйеу, күл.

арба, атар, бақан, бақша, балта, бас, бастырық, бәйге, бидай, бұлбұл, бұршақ, біреу, гүл, дәм, жазғыш, жапырақ, жарыс, жол, жуа, жіп, кеміргіш, көз, кілем, қабақ, қабық, қаймақ, қайсысы, қап, қатынас, қоңыз, қорытқыш, құбыр, құлақ, құмар, құрт, мекен, мұрын, мүйіз, негізді, одақтық, сабақ, сатар, суытқыш, табан, талай, тану, тас, тастамақ, таяқ, темір, той, тоты, тұмар, тұмсық, тіс, шам, шаруашылық, шөп, шырмауық.

ағар, алмаушылық, ашар, әйнек, бала, бау, бұрыш, бүйрек, бір, емер, есептегіш, жаңғақ, жапқыш, жегіш, жеміс, жұтқан, жылдық, жыртысушылық, заман, кел, көйлек, көмей, көтергіш, күйер, кітап, қанат, қармақ, қарын, қосақ, құла, құрық, мінез, ойнақ, орай, орын, отырғызғыш, өнер, өспірім, сабын, саз, салғыш, сары, сауыт, сезгіш, сипар, сөз, сүйгіш, табақ, тазартқыш, таяқ, теңге, ұлттық, үй, хат, шай.

55-жаттығу. Біріккен сөздерді қатыстыра отырып, сұрақ-жауап түрінде диалог құрастырыңыздар. Диалог барысында олардың мағынасына назар аударып, орынды әрі дұрыс қолданыңыздар.