Мазмұнға оралу Қазақ тілінің орфографиясы
II бөлім · ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ЕМЛЕСІНІҢ ЕРЕЖЕЛЕРІ

Түбір сөздердің жазылуы

Қазақ тілінде түбір сөздер, негізінен, үндестік заңына сәйкес не бірыңғай жуан, не бірыңғай жіңішке буынды болып келеді: арыстан, асаба, аспан, астық, атаман, атырап, аудан, қалқан, қалпақ, қанағат, қараңғы, құлақ, құмырсқа, парасат, тұрмыс; әдебиет, әділет, әйеншек, әлеумет, әрекет, елік, желім, инелік, кекіл, келеке, мәдениет, тәжірибе, тегене, терезе, ілім т.б. Бұл – қазақ тілінің табиғи дыбыстық жүйесіне тән негізгі заңдылықтардың бірі.

Бірқатар кірме сөздер де қазақ тілінің дыбыстық заңдылықтарына бейімделіп, сол негізде жазылады. Яғни олар тілге енген кезде айтылуы мен жазылуы қазақ тілінің нормасына икемделіп, үндестік заңдылығы бойынша таңбаланады. Соның нәтижесінде бастапқы тілдегі тұлғасы өзгеріске ұшырайды: бәтеңке, божы, болыс, бөрене, бөшке, жәшік, зауыт, келі, кереует, көпене, көшір, кір, қалаш, облыс, сот, сіріңке, тауар, шөген т.б.

Алайда қазақ тіліне басқа тілдерден енген кейбір кірме сөздерде бұл заңдылық сақталмайды. Сондықтан мұндай сөздерде жуан және жіңішке буындар араласып келеді: біраз, қабілет, қадір, қазір, қажет, қошемет, құдірет, құзырет, құрмет, қызмет, кітап, мәслихат, мейрам, мұғалім, рақмет; бейсбол, волейбол, губернатор, декан, депутат, факультет, кафедра, фонетика, геометрия, комедия, медаль, медицина, орден, оркестр, т.б.

Кейбір күрделі сөздерде (біріккен сөздер, қос сөздер, тіркесті сөздер) немесе сөз тіркестерінде сөздер естілуінше (айтылуынша) емес, бастапқы тұлғасы сақталып жазылады. Бұл – қазақ тілінің орфографиялық қағидаларының бірі. Яғни сөйлеу барысында дыбыстардың ықпалына байланысты өзгеріс болғанымен, жазуда сөздің түбірі мен бастапқы қалпы бұзылмайды: қараырғай (қарырғай емес), салпыауыз (салпауыз емес), сарыағаш (сарағаш емес), сарыандыз (сарандыз емес), сарыатан (саратан емес), ұйқыашар (ұйқашар емес), сары ала (сарала емес), торы ат (торат емес), ақ жолақ (ағ жолақ емес), топжарған (тобжарған емес), ғашық болу (ғашық полу емес), әлек-әрекет (әлег-әрекет емес), күнбе-күн (күмбе-гүн емес) т.б.

Жазуда кейбір түбір сөздер екі-үш түрлі дыбысталуына (айтылуына) қарай бірнеше нұсқада қолданылады. Мұндай құбылыс көбінесе сөздердің тарихи қалыптасуына, әртүрлі тілден (араб, парсы т.б.) енуіне және тілдік қолданыс барысында дыбыстық өзгерістерге ұшырауына байланысты. Сондықтан бір мағынаны білдіретін сөздердің бірнеше нұсқасы қатар жұмсалып, олардың біреуі жиі, екіншісі сирек немесе стильдік реңкпен қолданылуы мүмкін: айғай – айқай, айдаһар – аждаһа, айуан – хайуан, әл – хал, әлем – ғалам, әрекет – қарекет – харакат, байымдау – пайымдау – бағамдау, балуан – палуан, бәле – пәле, бұндай – мұндай, гауһар – жауһар, ғылым – ілім, дуа – дұға, дуана – диуана, жаһан – жиһан, жәбір – зәбір, заңғар – зеңгір, қазір – әзір, қақы – хақы – ақы – құқы, қас – хас, қатыгез – қатігез, қатім – хатым, мағлұм – мәлім, мағлұмат – мәлімет, оқиға – уақиға, пейіл – пиғыл, тәлім – тағылым, уәде – уағда, үкімет – өкімет т.т.

 

38-жаттығу. Орфографиялық сөздіктен дыбысталуына (айтылуына) қарай бірнеше нұсқада қолданылатын сөздерді теріп жазыңыздар. Олардың әр нұсқасының дұрыс жазылуына назар аударып, мағыналық және стильдік айырмашылықтарын анықтаңыздар. Әр сөздің қолданылу ерекшелігін түсіндіріп, есте сақтауға тырысыңыздар. Жиналған сөздерді қатыстырып, сөйлем құрастырыңыздар.

 

39-жаттығу. Төмендегі мәтінді мұқият оқып, үндестік заңына сай келмейтін сөздерді анықтаңыздар. Оларды теріп жазып, не себепті буын үндестігіне бағынбай тұрғанын түсіндіріңіздер.

І. Орысша орта білімі бар, Қызылжардағы педагогика техникумында жаратылыстан көп жыл сабақ берген, мінезі момын, адамгершіл жақсы адам. (С.Мұқ.) Смена ауысып жатыр екен, азан-қазан дауыс, керіс, қылтың сөз аралас күлкі шығады. (З.Ш.) Көп жылдық тәжірибесі бар Дәметкен астың қай түрін болса да өте дәмді пісіретін, сондықтан оны осы асханадан азықтанатын адамдар аса құрметтейтін. (С.Мұқ.) Баймағамбет бұл кезде бірыңғай оқу жұмысымен ғана шұғылданбай, азық-түлік жинасу мәселесіне белсене араласады. (С.Мұқ.) Әбекең поселкаға барып, Қасеннің үйінен азын-аулақ ұн, нан алып қайтып жүретін. (Ғ.Мұст.) Жәмиланың ерте түскен ажымдары айқынданып, бет сүйектері де шодырайыпты. (М.Ә.) Бұл ерекшелік – төрт түлік малдың қандай жекелік қасиеті барлығын айқындау. (М.Ғ.) Әзімбай анығында әкелерінен әлдеқайда айлакер, көреген боп шықты. (М.Ә.) Көз сайын құр емес, сірелеп бөгіп қапты, дені сазан, қаракөз бен айнакөздер де қыз өңіріне қадаған күміс теңгедей жалтылдайды. (Ә.Н.) Манағыдай емес, енді тезірек басып барады. Бірақ оның бұл сапары да оңына айналмапты. (Ғ.М.) Абай кәдімгі ұрыларша шапан, бөркін айналдырып киіп, мұрны мен аузын орамалмен таңып алған. (М.Ә.) Молдекең айтыс-тартыста шорқақ та, қорқақ та болатын. Газет басқармаларында бірге қызмет атқарған күндерде Молдекең айтыс туатын мәселелерге жоламай қашқалақтайтын. (С.Мұқ.) Әзімхан баласының мойнына бұл айып ауатын болса, оның артынан жұрт аузына кіріп қалған құн сөзі де күшейіп кетер деп, баласының басын арашалауға бел байлады. (М.Ә.) Айыпкер Бондаренко жалаңбас, сот алдында тұрғалы бірсыпыра уақыт болды. Тергеу тереңдеп барады. (Ғ.Мұст.)

 

ІІ. Ол – сонымен қатар адамгершілігі күшті, уәдеге берік, серттен таймайтын адам. (М.Ғ.) Үйде бұғып отырғанмен жан сақтау қиын, одан да айқасу керек. (Б.М.) Мен әзірге айта қаларлықтай жазушы емеспін, мен құрметке емес, іске келген кісімін. (С.Мұқ.) Қыз айттыра келгендер алдымен осы пысықтарға жолығып, солармен жұмысын бітіреді. (Б.М.) Мынау паром үстінде жаңа ғана Затонда болған разбойдың, қан төгістің айыпкерлері кетіп барады. (М.Ә.) Шәріпжан бұндай тура қадалған, қатты айтылған айыптау сөзден жасқанып, ығып қалды. (М.Ә.) Профессор төмен тұқырайып, алдындағы тәрелкедегі тағамды айыршамен түртпектей берді. (З.Ш.) Авария болған күннің ертеңінде әлгі шофер бейшараны түрмеге отырғызбақ болып, милиционерлер акт жасап алып кетіпті. (Ә.Нұрш.) Бүкіл ояз бір Ермекбайдың қолында, оның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс деп түсінетін бұлар. (Ғ.Мұст.) Сейіт балуан, жомарт мінезінің үстіне аса сауықшыл, көңілді, ақжарқын жігіт. Сол мінезі үшін бұны Әбенмен қоса Абайдың іні досы ақын Дәрмен аса қадірлейтін. (М.Ә.) Жер аз болған тапшылықтан жұтады. Сол көптің ішінде ақ сирақ боп қалғанның бірі – осы Қараша, Қаумен ауылдары. Базаралы, Балағаз, Абылғазы, Әділхан сияқты жігіттерде тек қана бір-бір аттан қалды. (М.Ә.) – Мен қазір жас та емеспін, көке. Қаршадайымнан қайғы арқалап, тесік өкпе қылып өсірдіңіз. Анамның ақ сүті тамағымнан өтпей тұрып қалған күндер де болған. (Ғ.Мұст.) Басында кішкентай ақ елтірі тымақ, қолында ұзын, жуан ақ сапты қамшы, сол жақ қарында қайыс бүлдіргелі ұзын, жуан ақ табан сойылы бар. (С.С.) Солтүстік жақта, әсіресе Ленинград маңында «Ақ түн» аталатын жаз айларында жарық түндер болатынын біз жақсы білеміз. (С.Мұқ.) Ержанның қысқы кәсібі – күзен, ақ тышқан сықылды ұсақ аңдарды аулау екен. (С.Мұқ.)

 

40-жаттығу. Төмендегі мәтінді оқып, өзгеріске түскен сөздерді анықтаңыздар. Оларды емле ережелеріне сай дұрыс нұсқасына келтіріп, мәтінді көшіріп жазыңыздар. Әр түзетілген сөздің дұрыс жазылуын тиісті орфографиялық ережелермен негіздеп түсіндіріңіздер.

І. Жылқы кісінеп, сиыр мөңіреп, қой маңырап, түйе боздап, оған жиылған көптің шуылы қосылып, ауыл азаң-ғазан. (Ғ.Мұст.) Нұрлан қыз үйінде ұзақ болмады, шешіліп әңгіме де шерте алмай, азды-гем өткенді сөз ғып, аз отырған соң үйді-үйіне тарады. (З.Ш.) Байбол – осы елдегі епті жігіттің бірі, азырақ орышша оқығаны да бар. (Б.М.) Көлді айнала қорыған қарала қанатты, әдемі айдарлы, шаршамайтын сақ құлақ қызғыштар. (С.С.) Көпір маңы қазір жарық. Әр жерде электр лампалары орнатылған... вагонетка айдаушы жұмышшылардың тарсылы естіледі. (Ғ.Мұст.) Көкке арқам бойы көтерілген, жартылаңған алтын ай сәулетті көк күмбездің алтын айшығы тәрізді. (С.С.) Өсекке сеңген жас адам босанатын айы-гүнінің жетіп отыруына ғарамай, поезбен геліпті. (С.Мұқ.) Айықта қалқыр кемең тыныш тауып, Сұрапыл дауыл соқса қатер-ғауіп, Тілсіз жау – қара дауыл үні ғұрыр, Ескекті мықтаб ұста кетпей ауып. (С.С.) Кейде бір жұмадай, кейде тіпті оң гүндей айықпай, ақ поран боп, түтеп тұрыб алған кездері болған. (М.Ә.) Ықшам киіңген, бастарына орамал байлаб алған ірі жігіттер құшақ-құшақ баялышты темір айырмен тастасып тұр. (Ғ.М.) Айыр ғұйрық шаяндар шілде гезінде Сырдың жағасында құмырсқадай өреді. (С.Мұқ.) Жиынның көпшілігі – қазақ жұмышшылар. Сөйлеушілер – орыс. Айыр сақалдың сөзін Орымбек аударып тұр. (Ғ.Мұст.) Бұл уақытта біреуден біреу қызыққан аттарының майын сұраб міну, сатыб алу, айырбас жасау сияқты істер де көп полатын. (М.Ә.)

 

ІІ. Жамбыл ақындығын түсіну үшін оның ауышша айтқыш, айтысқыштығын талдап ұғыну қажет. (М.Ә.) Тоқал – бұрыңғы тоқал ма? Осы гүнде сен ауған соң, есеге қолы жетіп, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болыб отырғанын кім білмей отыр. (М.Ә.) Көп кешікпей үй иесі жас әйел гірді. Жаулық сыртынан сәңге ақ сары шәлі жамылыпты. (Ғ.Мұст.) Қыстаң ғалған шөп күн сайын ақ сирақтанып, сақ тартып барады. Жаңа тебіндеген жас көк те ауыз толтырмай, сауын малы ағ үрпіленіп божырап кетті. (Ә.Н.) Ақ поз атпен ағызып жартасқа шыға гелсе, төмен ойда сай жағалап ақ шулан зытып парады. (З.Ш.) Менің ең жақсы гөретін асымның бірі, ішіне жаңа ғана іріткен ағ ірімшік сап, аздап торталы сары май ғұйып пісіретін тұшпара болушы еді. (С.Мұқ.) Әкемнің айтуынша, бертіңгі ата-аналарымыздың еттері түгел аққаммен, Сүбітей атамыздың еті ақпай, сағана тақтайының бір бұрышында сары тап полып әлі жатыр. (С.Мұқ.) Кеменің ең төмеңгі ғабатында артылған астық, тиелген жүк. Екі теңбіл гөк ақалтеке, екі ғызыл нар бура да келе жатыр. (Ғ.М.) Дәрігер Нұрлаңға: «Өкпеңнің ақауы бар гөрінеді, бірер жыл еліңде тынық, туған жердің ауасы шипа», – дегенде, үйелмелі-сүйелмелі кемпір-шалдың тұрмыс күйі, шешесінің ауруы есіне түсіп, тәуекелге бел байлап, сөзге гелмей аттануының тағы бір себебі осы-ды. (З.Ш.) Абай жаш шүрегіне жалынды от қосып қайтқан жоқ. Қайта бірғатар жарықшақ, ақау салып, көңілмен әлдеғандай мосқал тартқандай боп қайтты. (М.Ә.) Жасыл жібектей судыраған көг ала құрақты, шаңқылдаған шағалалы, сыңқылдаған аққулы, үйрек-қазды у-шу болыб әндеткен, әупілдеген, толқындары ақ көбігін шашқан айдың гөлде жүреді. (С.С.)

 

41-жаттығу. Төмендегі мәтінді оқып, дауыссыз дыбыстары өзгеріске түсетін сөздерді анықтаңыздар. Оларды кестеге сай орналастырып, өзгеру себебін ережелер негізінде түсіндіріңіздер. Сөздердің дұрыс жазылуына назар аударып, орфографиялық сөздікпен тексеріңіздер.

Біріккен сөз

Қос сөз

Тіркесті сөз

 

 

 

 

І. Қолма-қол жұмыстан шығарады. Әйтпесе ақ ауыз етіп істелген істі қабылдамай қояды. (Ғ.Мұст.) – Анау Жетіқарақшы, дүние дүние болғалы аңдып, ала алмай келе жатқан Ақбозат, Көкбозат, – деді ақшыл от, көкшіл от шашқан қатар екі жұлдызды көрсетіп. (С.С.) Бауырында ақбөкеннің лағы ойнап, Сағымдай сумаңдаған салып ойнақ, Уа, шіркін! Шың құзына келіп шығып, Отырсам қызыл жібек әлем байлап. (С.С.) Инеліктей қатқан қара кісі ақ отаудан шыға келді де, алақ-жұлақ қарап кішкене тұрып, ұмтыла басып жерошақ басына барды. (Б.М.) Оның алаң-құлаң еткен көзі өз төңірегінде болып жатқан уақиғаның біріне түскен жоқ. (Ә.Н.) Бүрсеңдеп үйден шыға алмайтын киімсіз балалар жыртық етігін сумен малшып, ана бір қары кеткен алаңқыда асыр салып, топай ойнап жатыр. (Б.М.) Сарыбала мен Жаңыл да келе анкет толтыруға отырды. Бесеуінің басы қосылса, ылғи алыс-жұлыс, әзіл, ән болатын. (Ғ.Мұст.) Құнанбай көп өмірін сол жалқаулықтың жолында алыс-жұлыспен өткізді. (М.Ә.) Нұрлан палатасына қайта оралса, дедек қаққан шал киімін әкеліп, терезе алдында қалтиып тұр. Нұрлан апыл-құпыл асығыс киініп, көз ілеспес қимылмен терезеден секіріп түсті. (З.Ш.) Сарының бүгін екпіндейтін күні. Шабданбек байдың қарындасын інісіне қалыңмалсыз алып берейін деп отыр. (С.С.) «Мешіт бір сәрі, тіпті оның араз-құразы да иен жұртқа мәлім екен-ау!» – деп таңданды. (М.Ә.) Уақтың баласы бірін-бірі өлтіріп, арандаспасын деп, шапан айыбынан Күшікбайдың атын қайырыпты. (М.Ә.) Шәкіртінің жүрген жерінен бірер кемшілікті сезсе, Ақыш астан-кестен болып, оған баласынша ұрсатын. (Б.М.)

 

ІІ. Әңгімеші ақсақал сөз арасында Күшікбайдың тарихын сөйлеуші еді. (М.Ә.) Еңіреп шыққан сұлудың бет-аузы көк ала қойдай, басы қан-қан, ұзын, қою, жібектей қара шашы да талданып жұлынған. Арашалаушы жан болмаған. (С.С.) Пасықтық өз-өзінің сөзін жұтқан, Арзандық кез келгенге бетін тұтқан. Жанымды зіл күнәмен айыпты қып, Қорладың, жалғаншы! деп, қосты ұмытқан. (С.С.) Жұманның билер қақпақылына түссе, оңай ұтылатынын жақсы білетін. Тұрсынбай оған бір арқа сүйеу айтқысы келіп, Қожекеңді киіңкіреп кетті. (Ғ.М.) Жанпейіс өзі сөз білмейтін, сөзін кісіге ұғымды қып айта алмайтын аса бір орашолақ адам еді. (М.Ә.) Жүген-құрық тимеген, Жасынан ноқта кимеген, Алты жасар асауды Ұстап міндім далада. (С.С.) Қашаған ұстау, асау мал үйрету әркімнің қолынан келе бермейді: оған қайрат, шапшаңдық, дәлдік керек. (Ғ.Мұст.) Оның ашуына тисең, ау-құралын сыпырып алады; онсыз осы отырғандардың қатын-баласы ас-сусыз қалады. (Ә.Н.) Әлден жаурап бара жатқан түрі мынау. Ассыз, сусыз әлсіреген кісілер қиян-қашыққа қалай жетеді? (Ә.Н.) Көшуге әзірленіп отырған үй іші астан-кестен. Әйелі төсек-орындарды тең қып қойыпты. (Ә.Н.) Бұл жігіттің бойындағы бар қасиет – атбегілік пен құсбегілік. (С.Мұқ.) Щербаков қыр басынан атырапқа көз жіберіп, күлім-күлім етеді. (Ғ.Мұст.) Өткендегі іс келешекке бір айна, Өткен күнді бұлжытпастан тұр айна. Атыс-шабыс, талан-тараж, қырылыс, Жылау, сықтау, босу, жөңку, шұбау да. (Б.М.) Біраз уақыттан кейін Ақбаланың үйі аузы-мұрнынан шықты. (Ә.Н.) Қаз дыбысынан елең алғандай ителгісі талпынып, тұғырынан жерге қонып, аяқбауын тартқылады. (С.Б.)