Жазу барысында жолға сыймаған сөздер буын жігіне қарай тасымалданады. Келесі жол дауыссыз дыбыстан басталады: бі-лім, құр-мет-ті, та-ны-мал, ұқып-ты, оқы-ту-шы, мұ-ға-лім. Алайда ый, ій, ұу, үу дыбыс тіркестерінен құралған и, у әріптері бар сөздерді тасымалдағанда, тасымал жігі дауысты әріптен басталады: ти-ын, қи-ын, бу-ын, жу-ын, су-ық, ту-ыс т.б.
Сөз құрамында үш дауыссыз дыбыс қатар келгенде, алдыңғы жолда екі дауыссыз дыбыс қалдырылып, үшінші дауыссыз келесі жолға көшіріледі: құ-мырс-қа, жұ-мырт-қа, омырт-қа, ет-тарт-қыш, тап-сырт-па т.б.
Мынадай жағдайларда сөзді тасымалдауға болмайды:
- бір буынды сөздер тасымалданбайды: ат, ес, ой, ұл, ұлт, ант, ұрт, күн, түн, гүл, бұлт, құрт, серт, спорт, спектр т.б.
- сөзді тасымалдау барысында оның жеке әрпін сол жолда қалдыруға немесе келесі жолға жеке әріп ретінде шығаруға болмайды: і-рі, і-ні, ан-а, ат-а, і-лім, а-лақан, е-рекше, а-раша, е-сік, а-уыл, а-нар т.б.
- қос сөздер дефис арқылы жазылатындықтан, тасымал барысында дефис тұсынан бөлуге болмайды: ұшан-теңіз, аман-есен, жол-жөнекей т.б.
- бас әріптерден қысқартылған сөздер тасымалданбайды: БҰҰ, ТМД, НАТО, ҚР, ППУ, ИнЕУ, ҰБТ т.б.
- кісі есімдерінің қысқартылып алынған әріптерін фамилиядан бөліп, сол жолда қалдыруға да немесе келесі жолға тасымалдап ажыратуға да болмайды: Қ.И. Сәтбаев, Сәтбаев Қ.И., М.О. Әуезов, Әуезов М.О. т.б. Алайда фамилияның өзін буын жігіне сай тасымалдауға болады: Қ.И.Сәт-баев, А.Бай-тұр-сы-нов, Қ.Ке-мең-ге-ров, М.О.Әуе-зов, С.Мұ-қа-нов, О.Бө-кей т.б.
- цифрмен таңбаланған сандарды олардың қысқартылған өлшем бірліктерінен немесе белгілерінен бөлмей жазған дұрыс: 80 кг, 8 т, 5 га, 25 см, 18 мм, 10 дц, 200 км, 30%.
107-жаттығу. Төменде берілген сөздерді тасымал ережелеріне сәйкес дефис арқылы (-) бөліп көрсетіңіздер. Тасымалдауға болмайтын сөздерді тұтас көшіріңіздер. Тасымал барысында буын жігі сақталуын, жеке әріптің жалғыз қалмауын және қысқарған сөздердің бөлінбеуін ескеріңіздер.
Үлгі: жаң-ғырт-қыш, та-лап.
Аға-іні, адам-күн, ажар, ажуа, аза-мұң, аз-кем, айыл, айып-қиып, АҚ, анықтауыш, ата-ана, атауыз, ауыз, ауызба-ауыз, ауызсу, ауызүй, ауызша, ауыл, ауыр, ауыспалы, ауыс-түйіс, ауыт-ауыт, БАҚ, биыл, 5 г, 100 га, ҒЗИ, Д.Досжанов, С.Ерубаев, І.Есенберлин, Х.Есенжанов, ет-мет, Ж.Жабаев, І.Жансүгіров, жиылыс, жиынтық, жиып-теру, жиырма, жиі-жиі, ЖОО, жортқыш, жудыртқызу, жұмсартқыш, жұрт, ЖШС, жыртқызу, 3 км, 120 км2, КеАҚ, ҚазҰПУ, қасиет, қиқым-сиқым, қиысу, қияли, қиямет, қуық, қуырмаш, қуыршақ, қуыс, қуыспақ, құйрық-бауыр, құмдауыт, құрт, құртқа, 15 м, 10 м2, қыршуыш, 20 м3, 300 мл, 15 л, мұрт, сарт, серт, старт, стенд, сыпыртқы, сыртқы, тарт, ТоУ, тұңғиық, тұтқиыл, ҰҚК, ұшы-қиырсыз, 10 ц, шиыртпақ, шиыршық, 50%, 32°, ШЫҰ.
108-жаттығу. Берілген сөздерді тасымалдауға болатын және тасымалдауға болмайтын деп екіге бөліп жазыңыздар. Тасымалдауға болатын сөздерді дефис (-) арқылы көрсетіңіздер. Тасымалдауға болмайтын сөздерді еш өзгеріссіз тұтас күйінде көшіріңіздер.
Ай, айдаршөп, айдаһар, айдын, айқас-талас, айла, аймақ, айна, айшық, ақыл-ес, ара, ауа, әдемі, әл, әлек, әрекет, әсер, бағдаршам, бу, бұрыш, бірыңғай, 2 г, ғарыш, ХХІ ғасыр, ҒЗЖ, дерек, 35 дм, емтихан, ЕаГИ, елес, еліктеуіш, ЕО, ер, ермек, ет, ЕҰУ, жу, жуа, жүктеме, жүрек, жыланбұтақ, жылтыр, 2026 жыл, 100 км, күйіс, күйік, Қазақстан, қиын, қияқ, қиял, ҚМДБ, ҚР ҒжЖБМ, Б.Майлин, маймыл, С.Мәуленов, 25 мг, 1 мм, Б.Момышұлы, мұзбалақ, С.Мұқанов, мұқтаж, Ш.Мұртаза, мұрындық, Ғ.Мұстафин, мұсылман, Ғ.Мүсірепов, ну, Ә.Нұрпейісов, нұсқа, Ә.Нұршайықов, ой-арман, су, 10 т, тағдыр, ТМД, түйсік, түйін, түр, түрткі, түс, ҰБ.
109-жаттығу. Төменде берілген сөздерді тасымал ережелеріне сәйкес дефис (-) арқылы бөліп жазыңыздар. Тасымалдауға келмейтін сөздерді тұтас күйінде көшіріңіздер.
Үлгі: Ақ-қу, Амал, Арыс-тан.
Ай, Айдаһар, Ақбозат, Ақырап, Алтынбалық, Амал, Арыстан, Әсет, Балықтар, Бикеш, Бөрі, Бүркіт, Егіздер, Есекқырған, Ешкімүйіз, Жебе, Желкен, Жетіген, Жетіқарақшы, Жетіқұрт, Жұмаққұсы, Жыланбөктерген, Керік, Кесіртке, Кит, Күн, Қалқан, Қауыс, Қоян, Құсжолы, Қырыққарақшы, Лақсүмбіле, Лаушы, Мерген, Мешін, Мүсінші, Оқ, Өмірзая, Пырақ, Сабанжолы, Сарыжұлдыз, Сарышаян, Сиыршы, Суқұюшы, Сұрмерген, Сүмбіле, Таңшолпан, Таразы, Тауешкі, Темірқазық, Тоқты, Тор, Торпақ, Тырнажолы, Үркер, Үт, Үшбұрыш, Хұт, Шабансары, Шаян, Шолпан, Шыбын.
110-жаттығу. Төменде берілген сөйлемдерден тасымалдауға болмайтын сөздерді теріп жазыңыздар. Әр сөздің не себепті тасымалданбайтынын түсіндіріп, тиісті емле ережесіне сүйене отырып дәлелдеңіздер.
І. Осы ойдан Омардың тынысы тарылып, жанарына жыланкөзденіп жас тұрды. (Д.Д.) Ана бір күні Жұмағұл келіп, Алдоңғардың үйіне қонып кеткеннен бері сіріңке қара қатын Мәймунаны жыланша арбайтын болды. (З.А.) Үй іші түн ортасы ауғанша жылап-сықтаумен болды. (Х.Е.) Бүркіт кеудесін адал жалаңаштап келгенде, жұрттың бұны түсінбегеніне жылардай болып өкпелеп, есіктен ата жөнелді. (І.Е.) Шын мүләйім адамның даусымен жыларман күйде шойнаңдай басып келе жатқан адамға оның жаны ашығандай болды. (Х.Е.) Аңыраған ел жер қайысқан қалың топыр боп кеп, бірнеше күн жыласып, аза салып болды да, ақыры Бөжейдің жаназасын шығарды. (М.Ә.) Осы жайларды айтып жыласып-сықтасып олар киіз үйлерін жығардан бұрын «аруақтармен қоштасамыз» деп, үй басы мал сойды. (С.Мұқ.) Жылатсам да, талап жесем де, үн шығарма, тұяқ серіппе дейсің бе? (М.Ә.) Ә.Марғұлан, М.Мағауин, Х.Сүйіншәлиев, Қ.Өмірәлиев, Ә.Дербісалин сияқты ғалымдардың жүргізген зерттеулері бойынша, ХҮ–ХҮІІІ ғасырлардағы қазақ көркем әдебиетін танытатын едәуір үлгілердің бар екендігі анықталды. (Р.С.) Жылда-жылда боқжама Бояушы едім, жар-жар-ау «Бір міндеттен құтылдым», Десін шешең жар-жар-ау! (Айтыс) Тағы да жылдамдатқыш темір нақ аяқ астында, сонау бір мотор ішінде шар-шар етіп құлақты кесті. (Д.Д.) 1965 жылы Балқашта тұрғын үйлер салуды жылдамдату жөнінде шешім қабылданды. (Ә.Нұрш.) Бүркіт – ұшқыр құстардың бірі. Ол сағатына 150 км жылдамдықпен ұша алады. (Қ.Қ.)
ІІ. Абай тіпті ыза қыла берсе, зекіп, ұрсып, қуып жіберетін. (М.Ә.) Сен ретімен де, ретсіз де жігіттеріңе ұрсып, зекіре беретін көрінесің. Бұл жарамайды. (М.Ғ.) Мектептің оқуы үш топқа бөлінбек: атты әскердің ғылымын, әм тәртіптерін үйрететін бөлім, жаяу әскердің ғылымын, әм тәртіптерін үйрететін бөлім және зеңбіректі әскердің ғылымын, әм тәртіптерін үйрететін бөлім. (С.С.) Ат тұяғы ескі жердің топырағын аспанға зеңбірекше атады. (Б.М.) Дүрс еткен зеңбірек үнінен кейін зеңбірекшілер ентелеп танк жаққа қарады. (Ә.Нұрш.) Хан ауылы маңында мал болмағанмен, төменгі елдің қайтқан қойының маңырағаны, зеңгібаба шаңырақ мүйіз сиырлардың бұзауларын шақырып мөңірегені алыстан естіліп жатты. (І.Е.) Мана бір кезде қоп-қою қарлы бұлт бүркенген зеңгір аспан аз уақыт көгілдір түске боянып, ысқаяқтана ашылды. (С.Ж.) Қаланы қапталдай орап, мұнартып тұратын көк зеңгір қалың орман астан-кестен. (Ғ.М.) Ханшайым берген жүзік пен білезіктердің зерін, формасын салыстырып, ал осы заттың бәрі Әкпардың қарындасынікі екенін енді ғана ұқты. (І.Е.) Сол дала төсін қақ жарып жатқан тура жол әлгі зербарақ кілемге бірте-бірте сіңе түскен көк инені еске түсіргендей. (Р.Р.) Ұлының пысықтығына, зеректігіне сүйсінген әкесі Жүністі ауыл молласы қылғысы келді. (З.Ш.) Үшеуі де етек-жеңін зерлеп тастаған қынама бел камзол киген. (Ә.К.) Іздеп, үңіліп қарасаң, осы күнгі белгілі мамандықтардан басқа зерттелінбей, оқылмай жоғалып бара жатқан мамандық, өшіп бара жатқан өнер әр халықтың да бойынан табылып қалатын сияқты. (Т.А.) – Осы аш отырғанда адам мүлдем зеріккіш келеді екен, – деген Бозжановтың даусын күркенің сыртынан естідім. (Б.Мом.) Жаяу жүріс, зеріктірерлік жалпақ дала, жансыз қыр, ертеден кешке шейін ерген қойдың соңы – ұйқының бесігі сияқты. (Х.Е.)
Мәтінді мұқият тыңдап, тасымалдауға келмейтін сөздерді тауып жазыңыздар. Олардың неліктен тасымалданбайтынын түсіндіріп, тасымал ережесіне сәйкес жазылу ерекшеліктерін талдаңыздар.