Мазмұнға оралу Қазақ тілінің орфографиясы
I бөлім · ГРАФИКА. ОРФОГРАФИЯ

Қазақ орфографиясының принциптері

Қазақ тілінде сөздерді дұрыс жазу мәселесінде зерттеушілер әртүрлі қағидаттарды негізге алады. Мысалы, Р.Сыздықова орфографиялық жүйеде төрт принципті көрсетеді: фонематикалық, фонетикалық, морфологиялық және тарихи-дәстүрлік.

С.Мырзабеков орфографиялық принциптерді үшке жіктейді: фонетикалық, морфологиялық (фонемалық) және дәстүрлік. Ғалым сонымен қатар орфографияда дифференциялаушы (лат. differentia – айырым) принциптің де барын айтады. Бұл қағидат дыбыстық құрамы бірдей немесе ұқсас сөздерді жазу арқылы бір-бірінен ажыратуды көздейді. Алайда бұл принцип қазақ тілінде негізгі орфографиялық ұстанымдардың бірі ретінде кеңінен қолданылмайды. Дегенмен ол кейбір сөздердің мағыналық жіктелуіне байланысты орфограммалардың (грек. orthos – дұрыс, gramma – әріп) өзгеруін түсіндіруде маңызды рөл атқарады.

Аталған құбылыс әсіресе тарихи даму барысында бір түбірден тараған немесе дыбыстық жағынан жақын сөздердің мағынасына қарай әртүрлі жазылуынан байқалады. Мысалы: үкімет – өкімет, ауа – әуе, ақырет – ақирет, уақиға – оқиға, балағат – балиғат, ғылым – ілім, дауа – дағуа, дуа – дұға, дуана – диуана, қазір – әзір, жаңқа – жоңқа, қажет – әжет, қаһар – кәр, хал – әл, мәлім – мағлұм, тәлім – тағылым, мән – мағына, уәде – уағда және т.б. Бұл мысалдарда сөздердің дыбыстық ұқсастығына қарамастан, олардың мағынасы мен қолданылу аясына қарай жазылуында айырмашылық бар екені байқалады. Яғни орфография тек дыбыстық сәйкестікке ғана емес, мағыналық дәлдікке де қызмет етеді.

К.Аханов қазақ тіліндегі емле заңдарын алты негізгі принцип негізінде қарастыруға болатынын көрсетеді. Бұл жіктеу орфографияның тек бір ғана қағидаға сүйенбейтінін, керісінше, тілдің әртүрлі қырларын қамтитын күрделі жүйе екенін айқындайды.

  1. Фонематикалық принцип – сөз ішіндегі немесе сөз аралығындағы дыбыстардың өзара ықпалы ескерілмей, олардың негізгі фонемалық түрінің сақталып жазылуы. Яғни айтылудағы өзгерістерге қарамастан, сөздің бастапқы дыбыстық құрамы беріледі. Бұл принцип жазудың тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
  2. Фонетикалық принцип – сөз құрамындағы дыбыстық өзгерістер ескеріліп, сөздердің айтылуынша (естілуінше) жазылуы. Бұл қағидат ауызша тіл мен жазба тілдің арақатынасын жақындатуға бағытталады.
  3. Этимологиялық принцип – сөздердің шығу тегі мен бастапқы қалпының сақталып жазылуы. Мұнда сөз этимологиясы басшылыққа алынады. Әсіресе кірме сөздердің түпнұсқаға жақын жазылуы осы принциптің көрінісі болып табылады.
  4. Дәстүрлік-тарихи принцип – сөздердің тілде қалыптасқан дәстүрлі тұлғасына сәйкес жазылуы. Яғни тарихи қолданыс пен қалыптасқан норма басшылыққа алынады. Бұл принцип тілдің сабақтастығын сақтауға мүмкіндік береді.
  5. Морфологиялық принцип – сөздердің ауызекі тілде дыбыстық өзгеріске ұшырауы ескерілмей, олардың түбір тұлғасы сақталып жазылуы. Мысалы, түнде, түнгі, түн бойы сөздерінде «түн» түбірінің соңғы «н» дыбысы әртүрлі (н, ң, м) реңкте айтылғанымен, жазуда түбір қалпы өзгермейді. Бұл принцип сөздің морфемалық тұтастығын сақтап, мағыналық айқындығын қамтамасыз етеді.
  6. Иероглиф (символ) принципі бірдей немесе ұқсас дыбысталатын сөздерді (омонимдерді) жазуда ажырату үшін қолданылады. Мысалы, хал («жағдай», «күй») және қал («денедегі таңба») сөздерінің әртүрлі жазылуы олардың мағыналық айырмасын нақты көрсетеді.

Осы алты принциптің әрқайсысы орфографиялық нормалардың белгілі бір қырын айқындай отырып, өзара тығыз байланыста қызмет етеді. Бірі жазудың тұрақтылығын қамтамасыз етсе, екіншісі айтылымға жақындатуды, үшіншісі тарихи сабақтастықты сақтауды көздейді. Нәтижесінде орфография тілдің дыбыстық, морфологиялық және тарихи ерекшеліктерін үйлестіре отырып, жазбаша тілдің бірізділігін, дәлдігін және түсініктілігін қамтамасыз етеді. Бұл жүйе тіл мәдениетін қалыптастыруда, сауатты жазу дағдысын жетілдіруде және тиімді жазбаша коммуникация орнатуда шешуші рөл атқарады.

Қ.Ерғалиев сөздерді жазудың үш негізгі принципін көрсетеді: фонетикалық, морфологиялық-фонематикалық және тарихи-дәстүрлік.

Фонетикалық принцип қазақ орфографиясында тілдің дыбыстық заңдылықтарына сүйеніп, сөздердің айтылуына (естілуіне) қарай жазылуын қамтамасыз етеді. Бұл қағидат әсіресе үндестік заңына негізделіп, дыбыстардың өзара үйлесімін сақтауға бағытталады және жазу мен айтылымның арасындағы байланысты нығайтады. Ол мынадай жағдайларда байқалады:

- Қосымшалардың үндестік заңына сай жалғануы. Қазақ тіліндегі қосымшалардың (жұрнақ пен жалғаулардың) басым көпшілігі сөздің соңғы буынының жуан-жіңішкелігіне қарай үндесіп, үйлесіп жалғанады: бала + лар, терезе + лер, қыз + дар, сіз + дер, құрт + тар, кілт + тер; бала + ның, терезе + нің, қыз + дың, сіз + дің, құрт + тың, кілт + тің; айдар + ым, кекіл + ім, оқытушы + мын, жетекші + мін т.т. Бұл тілдегі буын үндестігінің сақталуын көрсетеді.

- Қатаң дауыссыздардың ұяңдануы. Сөз соңындағы к, қ, п дауыссыздарына дауысты дыбыстан басталатын қосымша жалғанғанда, олар ұяңданып (к – г, қ – ғ, п – б) кетеді және бұл өзгеріс жазуда да сақталады: жүрек + ің = жүрегің, білек + ім = білегім, серік + і = серігі, сабақ + ың = сабағың, тамақ + ым = тамағым, қайрақ + ы = қайрағы, алқап + ы = алқабы, аспап + ым = аспабым, атырап + ың = атырабың.

- «П» дыбысының «у»-ға айналуы. Қазақ тілінде дауыссыз п дыбысына аяқталған етістіктерге көсемшенің -ып, -іп жұрнақтары жалғанғанда, түбірдегі қатаң п дыбысы үнді у дауыссыз дыбысына айналып кетеді және солай жазылады: қап + ып = қауып, жап + ып = жауып, шап + ып = шауып, теп + іп = теуіп, сеп + іп = сеуіп, кеп + іп = кеуіп. Бұл – дыбыстардың артикуляциялық ыңғайлылыққа бейімделуінің көрінісі.

- Біріккен сөздердің айтылуынша жазылуы. Кей біріккен сөздердің түбір тұлғасы сақталмай, олар ықшамдалып, айтылуына (естілуіне) қарай жазылады: қарлығаш (қара + ала + құс), қолғабыс (қол + қабыс), ышқыр (іш + құр), ағайын (аға + іні), қолғанат (қол + қанат), білезік (білек + жүзік), белбеу (бел + бау), қолғап (қол + қап), биыл (бұл + жыл), бүгін (бұл + күн), ендігәрі (ендігіден + әрі), өйткені (олай + еткені), сексен (сегіз + он), тоқсан (тоғыз + он), әкел (алып + кел), әпер (алып + бер), сөйтіп (солай + етіп), өйтпесе (олай + етпесе), аппақ (ақ пен ақ), көкпеңбек (көк пен көк) т.б.

- Кірме сөздердің дыбыстық бейімделуі. Орыс тілінен енген кейбір сөздер қазақ тілінің фонетикалық заңдылықтарына бейімделіп, айтылуына (естілуіне) қарай жазылады: жәрмеңке (ярмарка емес), жәшік (ящик емес), бөтелке (бутылка емес), бөрене (бревно емес), көпене (копна емес), кереует (кровать емес), сіріңке (серняки емес), кәмпит (конфеты емес), божы (вожжи емес), бөкебай (пуховой емес), самаурын (самовар емес), сөмке (сумка емес), ояз (уезд емес), шен (чин емес), болыс (волость емес), сот (суд емес), түрме (тюрьма емес), кір (гир емес), пәуеске (повозка емес), шәйнек (чайник емес), шөген (чугун емес) т.б.

- Араб-парсы сөздерінің игерілуі. Араб және парсы тілдерінен енген сөздер қазақ тілінің дыбыстық заңдылықтарына сәйкес өзгеріп, айтылуына қарай жазылады: пайда (файда), нәпсі (нәфс), ауа (һауа), ақпар (әхбар), дүние (дүнийа), мазақ (мәзх), ақыр (ахир).

Демек, фонетикалық принцип қазақ орфографиясында маңызды орын алады. Ол тілдің табиғи дыбыстық жүйесін сақтай отырып, жазу мен айтылымның арасындағы үйлесімділікті қамтамасыз етеді, сөздердің дыбысталуы мен жазылуының өзара жақындығын арттырып, тілдік бірліктердің дұрыс әрі жеңіл қабылдануына жағдай жасайды. Нәтижесінде сөздер айтылуы жағынан ыңғайлы, түсінікті және тілдің ішкі заңдылықтарына сәйкес беріледі, оқушылардың дұрыс айту, тыңдау әрі жазу дағдыларын дамытуға ықпал етеді.

Морфологиялық-фонематикалық принцип – қазақ орфографиясының негізгі тіректерінің бірі. Бұл принцип бойынша морфемалардың (түбір мен қосымшалардың) арасындағы көршілес дыбыстардың ықпалынан туындайтын фонетикалық өзгерістер ескерілмей, олардың бастапқы тұлғасы сақталып жазылады. Яғни дыбыстық өзгерістерге қарамастан, фонемалық тұрақтылық пен морфемалық тұтастық басшылыққа алынады.

Осының нәтижесінде сөздердің морфологиялық құрылымы айқын көрініп, олардың құрамындағы түбір мен қосымшаларды ажыратуға мүмкіндік туады. Бұл өз кезегінде туынды сөздер мен грамматикалық формалардың жасалу жүйесін дұрыс түсінуге негіз болады. Мысалы, жаз + са = жазса (жасса емес), бұз + са = бұзса (бұсса емес), сөз + шең = сөзшең (сөшшөң емес), бас + шы = басшы (башшы емес), жұмыс + шы = жұмысшы (жұмұшшұ емес), нан + ба = нанба (намба емес), қаш + са = қашса (қашша емес), аш + са = ашса (ашша емес), борыш + сыз = бұрышсыз (борұшшұз емес), ел + кезбе = елкезбе (елгезбе емес), жау + қабақ = жауқабақ (жауғабақ емес), наурыз + көже = наурызкөже (наурызгөжө емес), бас + бәйге = басбәйге (баспәйге емес), жылан + бас = жыланбас (жыламбас емес), Айман + күл = Айманкүл (Аймаңкүл емес), қыз + саусақ = қызсаусақ (қыссаусақ емес), жүз + жылдық = жүзжылдық (жүжжылдық емес), намаз + шам = намазшам (намашшам емес), жан + кешті = жанкешті (жаңгешті емес), бас + жүлде = басжүлде (башшүлдө емес) сияқты сөздерде көрші дыбыстардың ықпалынан айтылуда белгілі бір өзгерістер болғанымен, жазуда түбір мен қосымшаның бастапқы қалпы сақталады. Бұл – морфологиялық-фонематикалық принциптің негізгі белгісі.

Аталған принциптің тағы бір қыры – тілдегі сөзжасам жүйесін айқындау. Морфемалардың сақталуы арқылы туынды сөздердің жасалу жолы, қосымшалардың қызметі және сөздердің өзара байланысы анық көрінеді. Бұл әсіресе тіл үйренушілер үшін маңызды, өйткені олар сөздің құрамын саналы түрде талдап, дұрыс жазу дағдысын қалыптастыра алады.

Демек, морфологиялық-фонематикалық принцип қазақ орфографиясында тек дұрыс жазу ережелерін қалыптастырумен шектелмей, тілдің құрылымдық, семантикалық және жүйелік тұтастығын сақтауға қызмет ететін ғылыми негіз болып табылады.

Тарихи-дәстүрлік принцип тілде қалыптасқан жазу үлгілерін сақтауға негізделеді. Ол бойынша сөздер қазіргі айтылуынша емес, тарихи қалыптасқан, дәстүрлі жазылу нормасына сай жазылады. Мәселен, орыс тілінен және орыс тілі арқылы өзге тілдерден енген көптеген сөздер қазақша айтылуына бейімделмей, бастапқы (орыс орфографиясы бойынша) тұлғасында сақталып жазылады: колхоз, совхоз, колледж, институт, университет, доктор, кандидат, магистрант, докторант, студент, факультет, кафедра, фонетика, синтаксис, стилистика, география, геометрия, алгебра, монофтонг, дифтонг, монолог, диалог, фестиваль және т.б.

Алайда бұл сөздерге қазақ тілінің қосымшалары жалғанғанда, олар фонетикалық және морфологиялық-фонематикалық принциптерге бағынады. Яғни қосымшалар үндестік заңына сәйкес жалғанып, сөздің соңғы дыбысына қарай өзгеріске түседі: колхозға, совхоздың, институтта, университетке, докторды, кандидаттың, студенттер, факультеті, кафедрасы, фонетикадан, синтаксиске, стилистикадан, фестивальға және т.б.

Араб және парсы тілдерінен енген бірқатар сөздердің құрамында х, һ әріптерінің сақталып жазылуы да тарихи-дәстүрлік принципке жатады: ахлақ, махаббат, тарих, хабар, халық, хан, хат, аждаһа, гауһар, жиһаз, жиһан, қаһарман, мәшһүр, шаһзада. Бұл сөздер қазіргі айтылуында кейбір дыбыстық өзгерістерге ұшырағанымен, олардың тарихи тұлғасы жазуда сақталған.

Осылайша, тарихи-дәстүрлік принцип қазақ орфографиясында тілдің тарихи сабақтастығын қамтамасыз етеді. Ол жазудың тұрақтылығын сақтап, түрлі кезеңдерде енген сөздердің дәстүрлі тұлғасын орнықтырады, басқа орфографиялық қағидаттармен (фонетикалық, морфологиялық-фонематикалық) үйлесімде қолданылып, жазу жүйесінің бірізділігі мен тұтастығын қамтамасыз етеді.

Қысқасы, қазақ орфографиясының негізі морфологиялық-фонематикалық және фонетикалық принциптерге сүйенеді. Біріншісі жазудың тұрақтылығын, жүйелілігін қамтамасыз етсе, екіншісі оның табиғилығын, айтылымға жақындығын сақтайды. Ал тарихи-дәстүрлік принцип осы екі бағытты толықтырып, тілдің тарихи тәжірибесін ескеруге мүмкіндік береді. Осы үш принциптің өзара үйлесімі қазақ жазуының ғылыми негізін құрап, оның бірізді, түсінікті әрі икемді жүйе ретінде қызмет етуіне жағдай жасайды.

1-жаттығу. Төмендегі сөздерді орфографиялық принциптерге бөліп, тиісті бағандарға орналастырыңыздар. Әр сөздің қай принципке жататынын анықтап, оның жазылу себебін нақты тілдік заңдылықтар негізінде түсіндіріңіздер.

морфологиялық-фонематикалық принцип

фонетикалық принцип

тарихи-дәстүрлік принцип

Қашса, ...

 

 

 

І. Жанбота, доға, бесжылдық, ойыншықты, диктант, қазір, құрдасша, матч, наурызшешек, жыланбүркіт, үйректер, тарих, Өмірзақ, малқұмар, әрекет, сәнқой, жиһангер, күнпарақ, күздігүні, алюминий, дәптердің, киізқотыр, білгішсу, тауып, компьютер, ағып, қосжұлдыз, келгесін, қағаз-қалам, ғарышқа, сегізжылдық, поэтика, кеуіп, ауысшы, жалынышсыз, әнеугүні, поэма, күнкөріс, хат, көйлекті, арызсыз, жауып, циклон, жазсын, қаһар, жанбады, түрегел, монография, ұстазша, сенген, барады, сәресі, метонимия, пойыз, жанкүйер, миллиард, ақжаңбыр, жиһанкез, кәстрөл, күресші, бекзада, оқымыстылар, тасжүрек, айдаһар, жастықжапқыш, жегіп, қауын-қарбыз, тарағы, құқықбұзушылық, милиция, заһар, қалағын, кәстөм, басжүлде, апар, брошюра, бұрынғы, қағады, сенбеймін, дос-жолдас, жаһан, бағынышсыз, адал, радиоэлектроника, қауып, шошақбас, бозшалғын, қобызшы, атдорба, каюта, қайтіп, тазша, құшса, шауып, ұшқышсың, қызжолдас, басжіп, пәуеске, сөзжұмбақ, тұзсыз.

 

ІІ. Есжан, жазушылар, жыланбас, диктор, емқара, баһадүр, каучук, онбасы, түнгі, микрофон, жанкешті, әнмен, жезкиік, белуардан, гауһар, жонбады, күнбе-күн, митинг, Сейсенғали, жонғызу, жағады, вирус, кейінгі, бозкөде, жезқанат, гамбургер, сосын, үлкенге, ауызсу, қызсаумалдық, хирург, ренішсіз, диалект, қашанғы, қызкөрімдік, дос-жаран, мүйізсырнай, гарнитур, көзқарас, сюжет, бізсіз, қаһарман, мінезсіз, жанқияр, кітабым, негізсіз, цифр, үзсе, әкім, жарқабақ, карточка, хабар, күрегін, қанқұмар, ашудас, ғалымға, эволюция, механизатор, шәйнек, бозжусан, күнәһар, жұлдызжорамал, морфонология, ішсе, тасжарған, саусағын, комиссия, жаһаннам, қанқұрт, қазжуа, мүйізкесер, комедия, асбұршақ, хлор, қолғанат, намазшам, универсиада, қаһарлы, болыс, ауызша, арызшы, мәйкі, поэзия, ағашсыз, балапанның, кетчуп, қаламға, доңызша, жасбуын, жазшы, жиһан, Орынбасар, дыбысшыл, кеңесші, циркуль, отасшы, облыс, ақжауын, ақмарал, тамақбау, зауыт, жиһаз, жаздыгүні, қауынқұрт, очерк, алтын-күміс, халық, көпжылдық, тасжол, миссионер, оқжылан, кәлөш, шоқжұлдыз, құрбақаны, шөпжелке, мәшине, жауһар, уәде, жан-құты қалмау, қалжақбас, кітапжиғыш, қосдөңгелек.

 

2-жаттығу. Асты сызылған сөздердің қай орфографиялық принцип бойынша жазылғанын анықтап, тиісті бағанға орналастырыңыздар. Әр сөздің жазылу ережесін нақты тілдік заңдылықтармен түсіндіріңіздер.

 

морфологиялық-фонематикалық принцип

фонетикалық принцип

тарихи-дәстүрлік принцип

 

 

 

 

Бұл жер – Жетісу қазақтарының орыс әскерімен қосылып, Қоқан хандығы бұғауын күйреткен жер. (Ж.Ар.) Хатым күндерінде Қари мені қасына алып отыратын болды. (С.Мұқ.) Базаралы каторгада өзімен жолдас болған бір қарт орыстың хикаясын сөйледі. (М.Ә.) Ол басына цилиндр, үстіне барқыт жағалы пальто, аяғына шебелет киіпті. (С.Мұқ.) Сызықтардың теңдестігін дәл келтіру үшін циркуль сияқты техника құралын қолдану қажет қой. (С.Мұқ.) Әлі күнге түс шайысқан жерлері жоқ. (М.Ә.) Бұл арада қарақұрт, бүйі, шаян сияқты шаққыштар құмырсқадай өреді. (С.Мұқ.) Мәжит жазуында да, ауызша сөзінде де шақпа тіл адам еді. (С.Мұқ.) Тасып төгілген шәйнекті Ардақтан бұрын ұстай алам деп қолы күйді. (Ғ.Мұст.) Арқан бойы ғана жорғалатып, үй қасынан ұзай берді де шоқытып кетті. (Ғ.М.) Екі жігітпен шолғынға жіберілген Бекежан ауыл ұйықтады-ау деген кезде отауына қайтып келген. (Ғ.М.) Күн батып бара жатқан кезде төрт-бес адам бас қосып Әлекең шомының басына шықты. (Б.М.) Ылғи жуан шоң желкелер үйдің көлеңкесінде алқа-қотан отыр. (Б.М.) Темірбекті Ботакөз маңдайдан, беттен шолпылдатып сүйді де, мауқы басылғандай түрегелді. (С.Мұқ.) Жұмабай ұялшақ, сөзге шорқақ, тұйықтау кісі болса да малдан именбей сөйлесе береді. (Ғ.Мұст.) Осы қысы-жазы басынан түспейтін сеңсең қара тымағының құлағын шорт байлаған еді. (М.Ә.) Бақтығұл басынан бөркін алып, шошақ ердің қасына ілді. (М.Ә.) Құрылыстың өн бойында не бары он шақты-ақ экскаватор мен бульдозер жұмыс істеген. (С.Мұқ.) Көмір толы көп вагонды тізіп әкеліп, босағанын кейін айдап әкетіп, жүйткіп электровоз жүр. (Ғ.М.) Клиниканың тәжірибелі хирургі П.М.Михайлов көмекшілерімен бірге эмбрионды алып тастау үшін өте сирек кездесетін операция жасады. (С.Мұқ.) Партия шығыны Бәйтенді де Жараспай сияқты белуардан борышқа, шығынға батырып бара жатқан. (М.Ә.) Керімбала көп сақиналы, үлкен білезік салған аппақ қолын сәл көтере түсіп жігітке шынайы тілек етті. (М.Ә.) Бір кезде торыққан жанға сая болған мешітті бүгін азап орны десеңіз, оны хазірет жақтырмай жүрер. (Ғ.М.) Бұл бәледен өліп құтыламын ба, тірі құтыламын ба, бүйткенше төркініне апарып салайын. (Қ.К.) Расында да, ол қала далада қара малдың етін жеп, қыстыгүні жылқы малынан қазақша соғым сояды екен және біреулеп емес, бірнешеулеп. (С.Мұқ.)

 

3-жаттығу. Төмендегі сөйлемдерден морфологиялық-фонематикалық және тарихи-дәстүрлік принциптерге сәйкес жазылған сөздерді анықтап, оларды тиісті бағандарға орналастырыңыздар. Әрбір сөздің қай принципке жататынын нақты орфографиялық ережелер негізінде түсіндіріңіздер.

 

морфологиялық-фонематикалық принцип

тарихи-дәстүрлік принцип

   

 

География факультетінде оқитын 52 студент саяхатқа шығып келді. (С.Мұқ.) Зәуре көппен бірге викторинаның бір-екі сұрағын шешкен соң, Айбарларға бармақ боп шеттей берді. (Б.М.) Шахтаны бойлай салынған жіңішке темір жолдармен кен тасыған электр вагонеткалары зырылдап ерсіл-қарсыл өткенде Алтынсары ығысып жол береді де, тағы да ілгері жүреді. (С.Мұқ) Қар жер үйлердің есік-терезесін бірден басып, шурф, тас карьерлерді бітеп салды. (Ғ.Мұст.) Келесі жылы жаз шыға Әулиеата, Мерке тұсына көшіп, Қоқан хандығынан жәбір жеген қырғыз елін Сайрам, Шу, Сыр бойының қазақтарымен біріктіріп, қайтадан жауына қарсы шықпақ болған. (І.Е.) Жақыпбек екеуің ауыл біріктірсеңдер, сендердің сөздеріңді тыңдамайтын ұлық жоқ. (С.Мұқ.) – Тілі мен діні бөлек болғанмен, жері мен тағдыры бір орыс жұртшылығымен бірлеспей бізге жарық сәуле жоқ сияқты. (І.Е.) Бұл арада тілден бастап үлкендігі анау-мынау қозы-лақтан кем емес қарақаз, бірқазан, дуадақ, қарабай, қырғауыл мол болатын. (І.Е.) Қызыл бидайық бірен-сарандап сары құлақтанған уақыты да жетті. (М.Ә.) Граф бірдеме ойына түскендей орнынан түрегеліп, темір шкафтан екінші бір папканы алды. (І.Е.) Қыр басынан етекке қарай болат арқан тартып, он шақты жұмысшы жүр. Қолдарында бір-бір қышқаш. (Ғ.Мұст.) Аудан есікті кең ашты, бірақ алғашқы бетте-ақ Жомарт аудан басшыларының кейбіреуінің көңіліне ылғал салды. (Ғ.Мұст.) Байтастың мінгені Құнанбайдың қаражал бурыл аты, дәмелі бәйге аттың бірі еді. (М.Ә.) Қаттылығы әншейін ағайынға ғана емес, әке-шешесі, жанашыр жақынға да бір қалыпты болған сияқты. (М.Ә.) Жылаған көздің жасын құрғатқан сайын, ісінген кеудені басқан сайын мен бір жасап қалам. (Ғ.Мұст.) Әйтеуір исі білінген кен байлығының жиырмасына таңба бастырып, өз атына бекіттіріп алды. (Ғ.М.)

 

ІІ. Оның соңынан білтеленген жалы тізесін соғып, жарау, ұзын күрең айғыр жөнелді. (Ғ.Мұст.) Алдында үлкен жез легендей ыдысқа май құйылып, соның ортасында лаулап жанған білтелі шам шалқи толқып тұр. (М.Ә.) Беттері білеудей ісік, солықтарын зорға басып қыз-келіншектер де біртіндеп көріне бастады. (Б.М.) Васяның үстінде қара көк велюр пальтосы бар, басында сұр велюр шляпа, қолында жұқа сафьян перчатка. (М.Ә.) Мынауың теріс деп ешкімге қарсы айтпайды, өз пікірін ұсынбайды, шеке тамырын білеулендіріп ешкіммен керіспейді. (Б.М.) Балтаны білемдей ұстап, бір ағашты аяғымен басып, «осыны шабайын ба, шаппайын ба?» деген адамдай екі оқтыланып Қонысбай отағасы тұр. (Б.М.) Зылиқа әкелген семіз қойдың екі килограмдай еті бар еді, жас босанған әйелге оны жеп тауысу, әрине, қиын, бізше мүмкін емес. (С.Мұқ.) Қай жерде кен бар, қай кенді кім басып алайын деп жатыр, оны Тұрсынбай жаттап алғандай біледі. (Ғ.М.) Тас жол бітіп, жай жолмен белеске шыға келгенде, аяқ астында қымыз фермасы көрінді. (Ғ.Мұст.) Жұмыс көп, қиындықтар көп, бірақ халық күші одан да көп. Ол күшті ұйымдастыра білсек, біз алмайтын қамал жоқ. (Ғ.Мұст.) Үш батыр тізе қосып едік, көк темірге оранған жау быт-шыт болды. (І.Е.) Бір күні ханның көңілі шапқан соң, аспазшылар алдына бір қаз пісіріп алып келіп қойды. (Ы.А.) Айналасы жүзге жетпейтін аспиранты бар бұл институт шаруашылық жағынан бишаралау мекеме еді. (С.Мұқ.) Ол қалада жыл сайын жаңа үйлер салынып, көшелері асфальттанып келеді екен. (С.Мұқ.)

 

4-жаттығу. Қазақ тілінің сөздік құрамына орыс және араб-парсы тілдерінен енген сөздерге он мысалдан келтіріп, олардың қандай орфографиялық принциптер негізінде жазылғанын түсіндіріңіздер.

 

5-жаттығу. Фонетикалық принциптің әр жасалу жолы бойынша жазылатын сөздерге бес мысалдан келтіріп, олармен сөйлем құрастырыңыздар. Әр сөздің жазылуын тілдік заңдылықтар негізінде дәлелдеңіздер.

 

Мәтінді мұқият тыңдап, фонематика-морфологиялық принцип бойынша жазылатын сөздерді теріп жазыңыздар. Олардың жазылуындағы фонема мен морфеманың сақталу ерекшеліктерін талдап, әр сөздің емлесін ережелерге сүйене отырып дәлелдеңіздер.