Қазақ тілі жазу тарихында бірнеше әліпби жүйесін бастан өткергені белгілі. Бұл өзгерістер тілдің ішкі даму заңдылықтарымен қатар, қоғамдағы саяси-әлеуметтік үдерістермен тығыз байланысты жүзеге асып отырды. Қазақ жазуы ХХ ғасырдың 30-жылдарына дейін араб графикасына негізделген әліпбиді пайдаланды. Аталған жазу жүйесі бірнеше ғасыр бойы қолданыста болып, халықтың рухани мұрасын, тарихи-мәдени құндылықтарын сақтап, оларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде ерекше қызмет атқарды.
1929 жылғы 25 шілдеде Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің «Қазақтың жаңа емлесі туралы» декреті жарияланғаннан кейін қазақ жазуы латын графикасына көшірілді. Ол сол кезеңдегі қоғамдық-саяси және мәдени жаңғыру үдерістерінің нәтижесі ретінде жүзеге асырылып, жазу жүйесін жеңілдету мен сауаттылық деңгейін арттыруды мақсат етті.
Жаңа латын әліпбиі 29 әріптен тұрды: 9 дауысты (а, ә, е, о, ө, ұ, ү, ы, і), 18 дауыссыз (б, г, ғ, д, ж, з, к, қ, л, м, н, ң, п, р, с, т, һ, ш) және 2 жарты дауысты дыбыс (и, у). Әліпби қазақ тілінің дыбыстық жүйесін мүмкіндігінше дәл беруге бағытталып жасалды. Бұл кезеңде емленің негізгі принципі фонетикалық болды, яғни сөздер қалай айтылса, солай жазылды. Мұндай ұстаным жазуды меңгеруді жеңілдетіп, халық арасында сауат ашу ісін жеделдетуге мүмкіндік берді. Алайда жазу тәжірибесінде бірқатар қиындықтардың туындауы, тілдің морфологиялық құрылымын ескеру қажеттілігі 1938 жылдың басында жаңа қаулы қабылдауға негіз болды. Аталған қаулыға сәйкес орфографиядағы негізгі принцип морфологиялық деп танылып, сөздердің түбір тұлғасын сақтау қағидасы басшылыққа алынды. Осы кезеңде қазіргі қазақ әліпбиінде қолданылып жүрген й, у, х, ф, в әріптері енгізілді.
1940 жылы орыс графикасына негізделген жаңа жазу жүйесіне көшу туралы заң қабылданып, соның нәтижесінде қазіргі қазақ жазуының негізі қаланды. Алфавиттік қатарда алдымен орыс тіліне тән әріптер беріліп, одан кейін қазақ тілінің төл дыбыстарын белгілейтін таңбалар (ә, ғ, қ, ң, ө, ұ, ү, һ, і) орналастырылды. Мұндай жүйе белгілі бір дәрежеде қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктерін үйлесімді көрсетуге мүмкіндік бермей, алфавиттік құрылымды қайта қарау қажеттігін туғызды.
Осыған байланысты Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы 1957 жылғы 5 маусымда «Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелерін» бекітіп, алфавит ретіне, емле ережелеріне бірқатар өзгерістер енгізді. Нәтижесінде қазақ тіліне тән дыбыстарды білдіретін әріптер әліпбидің жалпы жүйесіне үйлесімді түрде орналастырылып, қазіргі қолданыстағы а, ә, б, в, г, ғ, д, е тәрізді рет қалыптасты. Бұл алфавиттің құрылымдық жүйелілігін арттырып, оны қолдануды жеңілдетті.
Сонымен қатар бұл өзгерістер қазақ тілінің орфографиялық жүйесін жетілдіруге, жазу нормаларын біріздендіруге және тілдің дыбыстық табиғатын барынша дәл беруге бағытталды. Нәтижесінде қазіргі қазақ жазуы ғылыми негізделген, жүйелі және қолданысқа ыңғайлы қалыпқа түсті.
Осы ережелер негізінде 1960 жылы баспа қызметкерлері мен мұғалімдерге арналып, қазақ тілі емлесі мен тыныс белгілері қағидаларын бір жүйеге түсіріп баяндайтын тұңғыш «анықтағыш» жарық көрді. Бұл еңбек сол кезеңдегі орфографиялық және пунктуациялық нормаларды біріздендіруде, оларды практикада тиімді қолдануды қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарды. Анықтағыш білім беру жүйесінде, баспа ісінде және ресми құжаттар тілінде жазу мәдениетін қалыптастыруға елеулі ықпал етті. Кейін 1974 жылы аталған анықтағыш өңделіп, толықтырылып, қайта басылып шықты. Бұл басылымда тілдік қолданыста пайда болған жаңа құбылыстар ескеріліп, бұрынғы ережелер нақтыланып, ғылыми тұрғыда жетілдірілді.
Екінші басылым жарық көргеннен кейінгі кезеңде қазақ орфографиясы саласында жинақталған тәжірибе мен ғылыми ізденістердің негізінде емле ережелерінің жаңа, жетілдірілген редакциясы әзірленді. Онда бұрынғы қағидалар қайта қаралып, бірқатары толықтырылып, жүйеленді. «Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелерінің» жаңа редакциясын Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы 1983 жылғы 25 тамыздағы жарлығымен бекітті. Мұнда орфографиялық нормалар барынша нақтыланып, бұрын даулы болып келген мәселелерге бірізді ғылыми шешімдер ұсынылды. Әсіресе біріккен сөздердің жазылуын реттейтін қағидалар кеңейтіліп, реттелді. Мәселен, екі түбірден құралып, техника, шаруашылық, тұрмыс, мәдениет, өнер, спорт сияқты салаларға қатысты зат, құрал-жабдық, ұғым атаулары, мамандық, кәсіп, қызмет иелерін білдіретін сөздердің бірігіп жазылуы заңдастырылды. Бұл ереже тілдегі сөзжасам үдерістерін жүйелеуге және жазу нормаларын тұрақтандыруға мүмкіндік берді, қазақ тілінің орфографиялық жүйесін жетілдіруге, жазу мәдениетін қалыптастыру мен дамытуға, тілдік нормаларды практикада бірізді қолдануға жағдай жасады. Орфографиялық ережелердің уақыт талабына сай жаңартылып отыруы тілдің табиғи дамуына, жаңа ұғымдар мен атауларды дұрыс әрі жүйелі игеруге мүмкіндік беретін маңызды фактор екендігін айқындайды.
Осы ережелерді басшылыққа ала отырып, кейінгі жылдары қазақ тілінің орфографиясын жүйелеуге, жетілдіруге және оны оқыту әдістемесін дамытуға бағытталған бірқатар еңбектер баспа бетін көрді. Атап айтқанда, Н.Уәлиев пен А.Алдашева авторлығымен шыққан «Қазақ орфографиясындағы қиындықтар» (1988), С.Мырзабековтің «Қазақ орфографиясының арнаулы курсы бойынша методикалық нұсқаулар» (1991), Н.Оралбаева мен Ә.Абылақовтың кәсіптік-техникалық училищелер оқушыларына арналған «Қазақ тілі» (1992) оқулығы, Б.Қалиұлының «Қазақ орфографиясындағы қайшылықтар» (1994) көмекші құралы, Р.Сыздықованың «Емле және тыныс белгілері» (1996), «Қазақ тілінің анықтағышы (емле, тыныс белгілері, сөз сазы)» (2000), Н.Уәли, Қ.Жаманбаева, Қ.Күдеринованың «Емлесі қиын сөздер» (2000) анықтамалық сөздігі, Қ.Күдеринованың «Бірге және бөлек жазылатын сөздердің орфографиясы» (2005), «Қазақ жазуының теориялық негіздері» (2010) атты еңбектері, А.Қыдырниязованың «Орфография және тыныс белгілері» (2008) оқу-әдістемелік құралы, А.Жапбаровтың «Оқушылардың орфографиялық икемділіктері мен дағдысын қалыптастыра оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» (2011) монографиясы, Қ.Ерғалиевтің «Қазақ тілінің орфографиясы мен пунктуациясы» (2014) оқу құралы, Н.Уәлидің «Графика. Орфография. Орфоэпия» (2018), «Қазақ графикасы мен орфографиясының теориялық негіздері» (2020) атты монографиялары жарық көрді. Оларда қазақ тілінің орфографиялық нормалары жан-жақты сараланып, теориялық негіздері мен практикалық қолданысы үйлестіріле қарастырылды. Емле ережелерін игертудің тиімді әдіс-тәсілдері ұсынылып, білім алушылардың орфографиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған тапсырмалар жүйесі берілді. Бұлар қазақ тілін оқытуда маңызды әдістемелік база қалыптастырып, мұғалімдер мен білім алушылар үшін құнды оқу-әдістемелік еңбектерге айналды.
Осы ережелер негізінде қазақ тілінің орфографиялық сөздігі де бірнеше рет қайта басылып, толықтырылып отырды (Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі (1978, 1988, 2001, 2005, 2007), жауапты редакторы Р.Сыздық; Орфографиялық сөздік (2013), жауапты редакторы Н.Уәли). Әрбір жаңа басылымда тілдік қолданыста пайда болған жаңа сөздер мен терминдер енгізіліп, кейбір емле нормалары нақтыланып, жетілдірілді. Бұл қазақ орфографиясының тұрақты емес, керісінше, қоғам сұранысы мен тілдің табиғи даму заңдылықтарына сай үнемі жаңарып отыратын динамикалық жүйе екенін көрсетеді.
Қазақ орфографиясы мәселесі тек кейінгі кезеңдерде ғана емес, одан бұрын да ғалымдардың назарында болған. Алғашқы кезеңдерде ол ғылыми мақалалар, шағын әдістемелік нұсқаулар аясында қарастырылды. Мәселен, Қ.Басымұлының «Жаңа әріп пен жаңа емле және дыбыстарымыздың жіктері» (1932), Қ.Жұбановтың «Қазақ тілінің емлесін өзгерту жайлы» (1935), С.Аманжоловтың «Новый алфавит и орфография казахского литературного языка» (1940), «Жаңа алфавиттің принциптері» (1941), М.Балақаевтың «Вопросы казахской графики и орфографии» (1952), «Орфографияның бірер ережелері» (1953), А.Ысқақовтың «Алфавит пен орфография ережелерінің жобасы туралы» (1953), Г.Жәркешованың «Біріккен сөздердің кейбір мәселелері» (1954), И.Ұйықбаевтың «Бірге жазылатын сөздер» (1958) атты зерттеулерінде қазақ жазуының теориялық негіздері мен әліпби мәселелері сөз болады. Кейін бұл бағыттағы жұмыстар сөздік, оқулық, оқу-әдістемелік еңбек т.б. ретінде жалғасын тапты: «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі» (1941, 1963, 1972), М.Балақаевтың «Қазақ тілі. Грамматика, емле, тіл дамыту» (1947), «Емле сөздігі» (1948), И.Ұйықбаевтың «Қазақ тілі орфографиясын оқыту жөніндегі методикалық нұсқаулар» (1962), «Синтаксисті оқытқанда орфографияны үйрету жөнінде» (1963), Н.Оралбаеваның «Қазақ графикасы мен орфографиясының негіздері» (1968), І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев, Х.Неталиеваның «Орфография казахского языков СССР» (1973). К.Мұсаевтың «Вопросы разработки и дальнейшего совершенствования орфографии тюркских литературных языков Советского Союза» (1973), К.Жолымбетовтің «Қазақ орфографиясын игертудің негіздері» (1975) т.т.
Жалпы алғанда, аталған еңбектер мен сөздіктер қазақ тілінің орфографиялық жүйесін жетілдіруге, жазу мәдениетін қалыптастыруға және тілдік нормаларды бірізді әрі тұрақты қолдануды қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді. Олар орфографиялық қағидаларды ғылыми тұрғыда жүйелеп қана қоймай, практикалық қолданыс аясын кеңейтіп, тілдің қоғамдық-коммуникативтік қызметін нығайтуда. Сондай-ақ бұлар қазіргі білім беру кеңістігінде орфографиялық сауаттылықты арттырудың, тілдік құзыреттілікті дамытудың, білім алушылардың сауатты жазу дағдыларын қалыптастырудың тиімді құралдарының бірі болып табылады және педагогтердің әдістемелік әлеуетін күшейтіп, оқу үдерісін заманауи талаптарға сай ұйымдастыруға, білім мазмұнын жаңғыртуға мүмкіндік береді.