Павлодар, 2025

ҚОСЫМША


«Отбасы суреті» әдістемесі

«Отбасы суреті» әдістемесі сыналушы баланың отбасындағы жағдайды субъективті қабылдауын жан-жақты ашып көрсетеді. Бұл сурет баланың әр отбасы мүшесіне деген қатынасын, отбасында алаңдаушылық пен кикілжің туғызатын қарым-қатынас ерекшеліктерін, сондай-ақ басқа мүшелермен өзара байланысын және отбасындағы өз орнын қалай сезінетінін анықтауға мүмкіндік береді.

Егер ҮАА тесті баланың жүйке-психикалық ерекшеліктерін, алаңдаушылық, сенімсіздік пен өшігушілік деңгейін диагностикалауға бағытталса, «Отбасы суреті» әдісі осы эмоционалдық бұзылыстардың отбасы жағдайымен байланысты ықтимал себептерін айқындауға көмектеседі.

«Отбасы суреті» әдістемесін жүргізу жөніндегі нұсқаулық

Тестілеу процедурасы қарапайым және екі бөліктен тұрады: өзінің отбасы суретін салу және сурет салып болғанан кейінгі әңгімедеу. Зерттеу үшін: ақ түсті екі парақ (А4), алты түрлі-түсті қарындаш (қара, қызыл, көк, жасыл, сары, қоңыр), өшіргіш қажет.

Балаға «Өз отбасыңның суретін сал» деген нұсқама беріледі. «Отбасы» дегеннің не екенін балаға мүлдем түсіндіруге болмайды, өйткені бұл зерттеу мәніне нұсқан келтіреді. Егер бала нені салу керектігін сұраса, онда нұсқаманы қайталау керек. Тапсырманы орындау уақытына шек қойылмайды (көп жағдайда ол 40 минуттан артық уақытты талап етеді). Тапсырманы орындау кезінде хаттамада:

а) бөлшектерді салу кезектілігі;

ә) 15 сек. артық үзіліс;

б) бөлшектердің өшірілуі;

в) баланың кездейсоқ айта салған сөздері;

г) эмоциялық әсерленуі мен оның салынған нәрсе мазмұнымен байланысы жазылады.

Тапсырманы орындап болған соң баламен сурет туралы әңгіме жүргізу керек. Әдетте мынадай сұрақтар беріледі:

  1. Айтшы мына суретте кімдер салынған?
  2. Олар қайда жүр?
  3. Олар не істеп жүр? Кім ойлап тапты?
  4. Оларға қызықты ма, әлде қызықсыз ба?
  5. Суреттегілердің ең бақыттысы кім?
  6. Кім ең көңілсіз? Неліктен?

Соңғы екі сұрақ баланың әрдайым ашық көрсете бермейтін ішкі сезімдерін анықтауға көмектеседі. Сондықтан бала жауап бермесе, оны қыстамаған жөн. Психолог әңгіме барысында баланың салған суретінің мазмұнын талдап, отбасының әр мүшесіне деген сезімін, суретте біреудің бейнеленбеу себебін, сондай-ақ қосымша салынған бөлшектердің (құстар, аңдар және т.б.) мәнін анықтайды. Мұндай кезде сұрақты тікелей қойып, баланы мәжбүрлеуге болмайды, өйткені бұл әрекет алаңдаушылық пен қорғаныш реакциясын тудыруы мүмкін. Сол себепті жобалық сипаттағы сұрақтарды қолданған тиімді, мысалы: «Егер құстың орнына адамды салсаң, ол кім болар еді?», «Ағаң екеуің жарыссаң, кім жеңер еді?», «Анаң өзімен бірге серуендеуге кімді шақырар еді?».

Сауалнама аяқталғаннан кейін балаға үш жағымды және үш жағымсыз сезім тудыратын алты жағдай ұсынылады:

  1. «Елестетші, сенің қолыңда циркке екі билет бар. Өзіңмен бірге кімді шақырар едің?»
  2. «Елестетші, сенің отбасың қонаққа бара жатыр. Бұл жағдайды қалай елестетесің?»
  3. «Сен конструктордан үй құрастырып (немесе қуыршаққа қағаздан көйлек тігіп) жатырсың, бірақ жұмыс онша шықпай жатыр. Көмекке кімді шақырар едің?»
  4. «Сенде қызықты кинофильмге арналған билет бар, бірақ отбасы мүшелерінің санына бір билет жетпейді. Үйде кім қалады?»
  5. «Өзіңді адам жоқ аралға тап болғандай елестет. Ол жерде бірге болғың келетін адам кім?»
  6. «Сен сыйлыққа қызықты лото алдың. Отбасыңмен бәрің ойнауға отырдыңдар, бірақ бір адам артық болып қалды. Кім ойынды сырттай бақылаушы болып қалады?»

Нәтижелерді өңдеу

Түсініктеме үшін: а) зерттелетін баланың жасын; ә) оның отбасын, аға/інісінің, әпке/қарындасының жасын; б) егер мүмкін болса баланың отбасындағы, балабақшадағы, мектептегі мінез-құлқын білу керек. Төменде берілген түсініктеме А.И. Захаровтың (1982), В. Хьюлстің (Huise W.,1951) Дж. Ди Листің (Di Leo J., 1973), Л. Корманның (German L., 1964), Р. Бернстің, С. Кауфманның (Burns R., Kaufman S., 1972), К. Маховердің (Machover K., 1949) жұмыстарына, сондай-ақ, Г.Т. Хоментаускастың (1982, 1983, 1984), А.А. Бодалевтің және  В.В. Столиннің зерттеу еңбектері мен практикалық тәжірибелеріне негізделді.

Сурет түсініктемесі шартты түрде:

  1. «Отбасы суреті» құрылымын талдауға;
  2. Отбасы мүшелерінің графикалық ерекшеліктерін түсіндіруге;
  3. Сурет салу процесін талдауға бөлінеді.

«Отбасы суреті» құрылымын талдау және сурет пен шынайы отбасын салыстыру

Отбасында эмоциялық қолайлы жағдайды сезінетін бала әдетте өз отбасының шынайы бейнесін салады. Ал отбасы мүшелерінің құрамын бұрмалап бейнелеу әрдайым ерекше назарды қажет етеді, өйткені оның артында көбіне эмоциялық кикілжің мен отбасылық жағдайға көңіл толмаушылық жатады.

Мысалы,

– адамдар мүлде бейнеленбеген суреттер;

– отбасына қатысы жоқ адамдардың салынуы – мұның барлығы тапсырмадан қорғаныштық түрде қашқақтауды білдіреді.

Мұндай құбылыс балаларда сирек кездеседі және келесі жағдайларды көрсетуі мүмкін:

а) отбасына байланысты терең күйзеліс;

ә) жеккөрушілік пен қарым-қатынастың суытуы (әсіресе жуырда интернатқа түскен балаларда);

б) аутизмдік белгілер;

в) қауіп пен үрей сезімі;

г) психологпен қарым-қатынастың нашарлығы.

Практикалық жұмыс барысында шынайы отбасынан ауытқулардың салыстырмалы түрде жеңіл түрлері жиі байқалады. Балалар кейде отбасы құрамын әдейі қысқартып, өздеріне эмоциялық жағынан ұнамайтын немесе кикілжің туындайтын отбасы мүшелерін «ұмытып» кетеді. Олар бұл адамдарды суретке қоспау арқылы отбасындағы жағымсыз ахуалды қиялымен алыстатып, белгілі бір адамға қатысты жағымсыз сезімнен қашқақтайды. Бұл әсіресе отбасындағы бақталастыққа байланысты аға-інілерінің бейнесін салмау кезінде көрініс табады.

Бала осылайша ата-анадан жетіспейтін сүйіспеншілікті бейсаналы түрде «теңестіруге» тырысады. «Неліктен отбасы мүшесінің бірін салмадың?» деген сұраққа ол көбіне «орын жетпеді», «ол қыдырып кетті» сияқты қорғаныштық жауаптар береді. Дегенмен кейде балалар «салғым келмеді, ол – төбелесқұмар», «Мен оның бізбен бірге тұрғанын қаламаймын» деп, өз көзқарасын ашық әрі табанды білдіруі мүмкін.

Кейбір кезде балалар отбасы мүшелерінің орнына құстар мен аңдардың суретін салады. Психолог баланың оларды кіммен теңдестіретінін (әдетте өзіне ықпалын азайту мақсатында аға/бауырларымен) білуге тырысуы керек. Баланың шынайы отбасы орнына аңдарды салу оқиғалары да кездеседі.

Баланың өзін емес, отбасын немесе отбасын емес, өзін салған суреттер назар аудартады. Екі жағдайда да сурет салушы өзін отбасы құрамына кіргізбейді, бұл «бірлестік сезімінің жоқтығын» білдіреді. Суретте «Меннің» болмауы «жеккөрініштілік» пен «аластату» сезімдері тән балаларда кездеседі. Суретте тек «Меннің» ғана болуы суреттегі басқа сипаттарға қарай түрлі психикалық мазмұнды білдіреді. Егер осы суретте өзін салуы жағымды қасиетпен (дене, гүлдер, киім декорациясы көп болса) берілсе «қалыптаспаған бірлестік» сезіміне қоса, мінез-құлықта истериялық сипаттағы менмендік белгісін көрсетеді. Егер өзін бейнелеу кезінде кішкентай шама, схемалылық бейнеленсе, егер суретте басқа бөлшектермен және түс гаммасымен қатар жағымсыз эмоциялық фон берілсе, онда жеккөрініштілік, аластатушылық, кейде – аутикалық сезімді сипаттайды.

Отбасы құрамын әдеттегіден көп етіп бейнелеу де маңызды ақпарат береді және көбіне отбасындағы психологиялық қанағаттанбаушылықты білдіреді. Мысалы, жалғыз бала өз суретінде бөтен адамдарды қосып салуы мүмкін. Мұндай әрекет арқылы ол толыққанды, тең құқылы отбасыға деген қажеттілігін көрсетеді: бала жиі өзімен құрдас немере, көрші қыз сияқты басқа балаларды суретке қосады.

Кішкентай немесе ересек балаларды бейнелеу – баланың көшбасшылық қабілетін іске асырып, өзгелерден алда болуға ұмтылысын аңғартады. Ал ата-анасына қосымша, не олардың орнына отбасына қатысы жоқ ересектерді салу – отбасындағы өзара ықпалдастықтың жеткіліксіздігін және баланың эмоционалдық қолдау көрсететін жанды іздейтінін көрсетеді.

Соңғы жылдары ата-анасы күнкөріс қамымен алыста жүрген балалардың көбіне ата-әжесімен тұруы жиілеп кетті. Осындай жағдайда балалар ата-анасының орнына атасы мен әжесін суреттеп, өз өміріндегі шынайы «қазіргі» отбасын бейнелейді. Дегенмен, мұндай жағдайда бала тұлғасында ата-ана қарым-қатынасының депривациясы салдарынан белгілі бір кемшілік байқалуы мүмкін, өйткені кез келген бала үшін анасынан ажырау ауыр күйзеліс болып саналады.

2.Отбасы мүшелерінің орналасуы

Бұл суреттер отбасылық қарым-қатынастың бірқатар психологиялық ерекшеліктерін айқын көрсетеді. Отбасы мүшелерін қол ұстасып немесе ортақ іс-әрекет үстінде бейнелеу – олардың бірлігін, теңдігін және толыққанды қосылуын білдіретін жағымды психологиялық ахуалдың көрсеткіші. Ал керісінше, отбасы мүшелерінің бір-бірінен алшақ орналасуы эмоциялық байланысының әлсіздігін аңғартады. Суреттегі адамдардың бір қайықта, шағын үй ішінде немесе өзара тым жақын кеңістікте бейнеленуі де назар аударуды қажет етеді. Мұндай жағдайда бала отбасы мүшелерін барынша жақындатуға, біріктіруге ұмтылатынын және бұл үшін сыртқы жағдайларды да пайдалануға тырысатынын білдіреді.

Отбасы мүшелерінің бір бөлігі бір топта, ал бір немесе бірнеше адам екінші топта бейнеленген сурет – психологиялық тұрғыдан ерекше назар аударатын материал. Егер бала өзін шеткері орналастырса, бұл оның отбасынан оқшауланғанын немесе жатсынуын білдіреді. Ал отбасының басқа мүшесін бөлек салу – сол адамға деген жағымсыз көзқарасты, тіпті кей жағдайда одан қауіп сезінетінін көрсетуі мүмкін. Мұндай бейнелеу кейде бала үшін маңызды емес адамның алыстатылуымен де байланысты болады.

Отбасы мүшелерін суретте топтарға бөлу – отбасындағы микроқұрылымды, яғни ішкі коалицияларды анықтауға мүмкіндік береді. Бұған қоса, бала өз эмоциялық қатынасын арақашықтық арқылы да білдіре алады: отбасы мүшелерін әртүрлі объектілерге немесе жеке ұяшықтарға бөліп орналастыру – мүшеаралық байланыстың әлсіздігін немесе салқындығын айғақтайды.

Суреттегі денелердің ерекшелігін талдау да маңызды. Отбасының жекелеген мүшелерін графикалық бейнелеу баланың әрқайсысына деген эмоциялық қатынасын, оларды қалай қабылдайтынын, өзінің «Мен-бейнесін» және жыныстық рөлдік теңдігіне қатысты кең көлемді ақпарат береді.

Баланың отбасы мүшелеріне эмоциялық шешімін бағалаған кезде мынадай графикаларға:

  1. дене мүшелерінің санына, басы, шашы, құлағы, көздері, қарашығы, қас-кірпігі, мұрны, беті, аузы, иығы, қолы, алақаны, саусақтары мен өкшесінің бар-жоғына;
  2. бас киім, жағасы, галстугы, банттары, қалтасы, белбеуі, түймелері, шаш үлгісі, киім, ою-өрнек пен әшекейлер декорациясына (киім бөліктері мен әшекейлеріне);
  3. дене суретін салуда қолданылған түстер санына назар аудару қажет.

Адамға деген жағымды эмоциялық қатынас суретте айқын көрінеді: дене мүшелері толық әрі үйлесімді бейнеленіп, декорация түрлі түстермен мәнерленеді. Керісінше, жағымсыз қатынас сұлбалық түрде, графикалық детальдардың жеткіліксіздігімен байқалады. Кейде суретте басты, қолды немесе аяқты әдейі салмау баланың жас ерекшелігін ескере отырып, жалпы психикалық дамудағы жетілмеушілік пен қалыптаспаушылықты көрсетуі мүмкін.

Отбасының басқа мүшелерін қабылдау ерекшелігін және баланың өзінің «Мен-бейнесін» суреттегі дене көлемін, оның бөліктерінің пропорциясын және жалпы бейнені салыстыру арқылы анықтауға болады. Балалар әдетте шынайылыққа сай әкесі мен анасының суретін салады. Алайда дене көлемдерінің арақатынасы шындыққа әрдайым сәйкес келмейді: мысалы, жеті жасар бала өзін ата-анасынан ірілеу немесе бойшаң етіп бейнелеуі мүмкін, бұл оның өзіндік «Менін» басқалардан маңыздырақ сезінуін, отбасындағы рөлін ерекше бағалауын немесе көшбасшылыққа ұмтылысын білдіреді:

  1. баланың менмендігімен;
  2. «бәсекелес» емес басқа жынысты ата-анамен өзін теңдестіре отырып, екінші ата-ананың махаббаты үшін жарысумен байланысты.

Балалар отбасының басқа мүшелеріне қарағанда өздерін кішкентай етіп салса, онда балаға өзін керексіз, елеусіз сезіну тән және ата-ана тарапынан қамқорлықты қажет етеді.

Жалпы алғанда, психолог денелер шамалары сәйкессіздігін түсіну барысында маңызды ауытқуларға назар аударып, дене шамаларын бағалағанда нақты шамалар арақатынасына көңіл бөлуі керек (мысалы, жеті жасар бала өз ата-анасынан 1/3 аласа).

Дененің абсолютті шамасы да ақпарат береді. Бүкіл парақта бейнеленген дене баланың өзіне-өзінің сенімділігін, басымдыққа ұмтылатынын танытады. Өте кішкентай дене алаңдаушылық пен сескенушілікті көрсетеді.

Отбасы мүшелерінің ерекшеліктерін талдауда дененің жеке бөліктерінің бейнеленуіне де ерекше назар аудару қажет. Әрбір дене бөлігі белгілі бір қызметпен – қарым-қатынас, бақылау немесе қозғалыс әрекетімен – байланысты болғандықтан, оның суреттелуі баланың ішкі сезімдері мен қатынастары туралы маңызды мәлімет бере алады. Осыған байланысты, енді дене мүшелерінің ең ақпаратты элементтерін қысқаша талдап көрейік.

Бала суретінде қол – әлемге және өзге адамдардың мінез-құлқына денелік бақылау жасауға ықпал ететін негізгі белгі ретінде көрінеді. Егер ол өзін ұзын саусақты үлкен қолдарымен бейнелесе, бұл ішкі агрессиялық қалауын аңғартады. Мұндай суреттерді кейде сырттай тыныш, көнбіс көрінетін балалар да салады. Бұл олардың айналасындағыларға деген жасырын өкпесін, өз әлсіздігін сезінуін, сонымен бірге күшті болып, өзгелерге үстемдік етуге ұмтылысын білдіруі мүмкін. Егер суретте кең иық немесе басқа да «күш» символдары қосылса, бұл түсініктеме одан әрі нақтылай түседі. Кейде бала отбасы мүшелерін қолдарымен салып, бірақ өзін қолсыз бейнелейді, не өзін тым кішкентай етіп сызады. Бұл оның өзін әлсіз, қажетсіз сезінуін, отбасы тарапынан шамадан тыс бақылау мен белсенділігін шектеуді байқатады. Ал отбасының кейбір мүшесін ұзын қолды, үлкен саусақты етіп көрсету – олардың үстемдігін немесе бақылаушылығын меңзесе, қолсыз бейнелеу сол адамның белсенділігін шектеуге деген баланың жасырын тілегін білдіреді.

Бас – «Меннің», зият пен қабылдау қызметінің орталығы, ал бет-әлпет – қарым-қатынас процесіндегі ең маңызды бөлік. Үш жасқа қарай бала суретінде басты және дененің жекелеген бөліктерін сала алады. Бес жастан асқан, зияттық дамуы қалыпты балалар әдетте беттің негізгі бөліктерін (көз, ауыз және т.б.) бейнелейді. Егер бала бұл бөліктерді салмаса, бұл қарым-қатынас дағдыларындағы кемшілікке, оқшаулануға немесе аутизм белгілеріне меңзеуі мүмкін.

Отбасының басқа мүшелерін бейнелегенде басты немесе бет-әлпетті қоспау, не бетін әдейі сызу – сол адаммен арадағы кикілжіңді немесе жасырын ренішті білдіреді. Дегенмен балалардың күлімсіреген адамдарды жиі салуы олардың шын мәнінде дүниені тек жағымды қабылдайтынын білдірмейді; бұл көбіне сурет салудағы дағдылы «штамп» қана. Мұндай бейнелеу баланың саналы не бейсаналы түрде бетті ең мәнерлі құрал деп қабылдайтынын көрсетеді, бұл қасиет әсіресе ересектеу балаларға тән.

Қыз балалар ұлдарға қарағанда бет-әлпетті бейнелеуге көбірек көңіл бөледі: олар бет бөліктерін егжей-тегжейлі салуға тырысады, аналардың бет күтімі мен косметикасына назар аударып, ересек әйелдердің қылығын ертерек меңгере бастайды. Сондықтан олардың суреттерінде бет-әлпеттің мұқият бейнеленуі қыз баланың жағымды жыныстық өзіндік теңдестігін де айқындайды.

Ұлдардың суретінде осы кезең өзінің дене сұлулығы, өзінің дене кемшілігін әйел адамның таптаурынды мінез-құлқын қалыптастыра отырып, толтырумен байланысты болуы мүмкін.

Тістер мен ауыз бөліктерінің тым қатты басылып салынуы баланың ауыз арқылы көрінетін агрессиясын білдіреді. Егер бала мұны өз бейнесінде емес, отбасының басқа мүшесінде көрсетсе, ол адамнан қорқу немесе оған деген жасырын өшпенділікті меңзейді.

Баланың жасына қарай адамды бейнелеуі жаңа бөлшектермен толықтанып отырады. Мысалы, шамамен 3,5 жаста ол көбіне «бас-аяқ» сұлбасын салады, ал 7 жасқа қарай дененің неғұрлым күрделі, толық бейнесін жасайды. Әр жас кезеңінде белгілі бір бөлшектерді қосудың өз заңдылығы бар және белгілі бір бөлшекті салмау белгілі функциядағы ішкі кикілжіңмен байланысты болуы мүмкін. Мәселен, 7 жастағы бала басты, көзді, мұрынды, ауызды, қолды, денені немесе аяқтарды әдейі қалдырса, оған назар аудару қажет.

Бес-алты жастан асқан балалар жынысы әр түрлі адамдарды екі түрлі сұлба арқылы бейнелеуге ұмтылады. Мәселен, ер адамның денесін доға түрінде, әйелдің денесін үшбұрыш немесе өзге де ерекшелікпен көрсетуі мүмкін. Егер бала өзін осылай сызса, бұл оның жыныстық сәйкестілігін бейнелеуі болып саналады. Екі сұлбадағы ұқсас бөлшектер мен түстер, мысалы әке мен ұлдың бірдей бейнеленуі, олардың эмоциялық қатынасының үйлесімділігін көрсетеді.

Сурет салу процесін талдағанда мына жайттарға ерекше көңіл бөлу қажет:

  1. Отбасы мүшелерін салу кезектілігіне;
  2. Жекелеген бөлшектерді салу тәртібіне;
  3. Өшірілген элементтерге;
  4. Алдыңғы объектілер мен бөлшектерге қайта оралуына;
  5. Жұмыс барысындағы үзілістерге;
  6. Сурет салу кезінде аяқ астынан айтқан сөздеріне.

Сурет салу процесін талдау – суреттің динамикасын айқындайтын маңызды кезең. Ол баланың ойлау ерекшеліктерін, сол сәттегі сезімдерінің өзектілігін, ішкі жүктемесін және кикілжің деңгейін көрсетіп, әр бөлшектің бала үшін қаншалықты маңызды екенін байқатады. Мұндай талдау психологтан мол практикалық тәжірибе мен нәзік сезінуді талап етеді.

Айқындықтың кейде төмен болуына қарамастан, дәл осы деңгейдегі талдау ең мазмұнды, терең әрі мәнді ақпарат береді. Осындай байқау барысында баланың эмоционалдық жағдайы мен жеке дамуындағы жалпы тенденциялар айқын көрінеді.

Бала суреттегі әңгімесін ең алдымен өзі атап өтетін немесе бірінші бейнелейтін нәрсе – оның эмоциялық тұрғыдан ең жақын не ерекше маңызды адамы болып саналады. Көп жағдайда балалар алдымен анасын салады, ал өздерін бірінші бейнелеуі жас ерекшелігіне байланысты табиғи менмендікпен түсіндіріледі. Егер бала ең алдымен өзін немесе анасын емес, отбасының басқа бір мүшесін салса, бұл да маңызды белгі: әдетте ол бала үшін ерекше жақын, бой үйреткен адамды немесе маңызды бет-әлпетті білдіреді.

Мектепке дейінгі және бастауыш сыныптағы ұлттық топтармен жұмыс тәжірибесі көрсеткендей, көптеген бала алдымен әкесін салады, бұл шығыс отбасыларына тән белгілі бір ұлттық дәстүрлер мен нормаларға байланысты болуы мүмкін.

Бала анасын ең соңынан бейнелесе, бұл да елеулі белгі. Мұндай жағдайда анаға деген тікелей теріс қатынас туралы айтуға болмайды, бірақ аналық қарым-қатынасқа байланысты эмоционалдық, танымдық немесе сенсорлық депривация байқалуы ықтимал. Көп жағдайда бұл – анасының баланы «шексіз қабылдамауына» деген бала ренішінің белгісі.

Отбасы мүшелерін салу кезектілігі, сондай-ақ фигуралардың графикалық ерекшеліктері де қосымша мәлімет береді. Егер бірінші салынған дене ірі көлемде, бірақ тек сұлба түрінде, ешбір декорациясыз болса, бұл адамның отбасындағы айрықша ықпалы мен күшін көрсетеді, бірақ баланың оған деген жылы сезімін білдірмейді. Ал егер алғашқы бейне ұқыпты, әшекейлі, толықтырылған сипатта болса, ол – баланың сүйікті әрі құрметтейтін адамы, соған ұқсауға тырысатын тұлға екенін білдіреді.

Балаларға отбасы суретін салу тапсырмасы берілгенде, олар көбіне бірден отбасы мүшелерін бейнелеуге кіріседі. Алайда кейде алдымен түрлі заттарды – күнді, жиһазды немесе негізгі сызықтарды салып, содан кейін ғана адамдарға көшеді. Мұндай кезеңділік қорғаныштық сипатқа ие болып, баланың тапсырманы бір сәтке кейінге шегеруге тырысқанын білдіреді. Бұл оның отбасындағы жағымсыз ахуалды сезінуін меңзеуі мүмкін, бірақ оны психологпен өзара қарым-қатынастың нәтижесі деп түсінуге болмайды.

Бала суреттегі белгілі бір отбасы мүшесінің, объектінің немесе бөлшектің бейнесіне қайта-қайта оралуы – оның бала үшін айрықша маңызды екенін көрсетеді. Суреттегі бөлшектерді бірнеше рет қайталап салу, еріксіз қимыл-қозғалыс секілді, баланың ішкі ой қозғалысын, сезімін және сол бөлшекпен байланысты толғанысын білдіруі мүмкін.

Отбасы мүшесін немесе бөлшекті салудың алдында пайда болатын үзіліс те маңызды белгі саналады. Бұл күрделі қарым-қатынасты және ішкі түрткі-диссонасты аңғартады: бала саналы деңгейде жағымсыз эмоция тудыратын адамды не бөлшекті бейнелеу керек пе, жоқ па деген шешім қабылдап тұрғандай әсер қалдырады.

Салынған бөлшекті өшіру немесе қайта салу да түрлі эмоциямен байланысты болуы ықтимал. Мұндай әрекет сол адамға қатысты жағымды да, жағымсыз да сезімді білдіруі мүмкін. Егер өшіру немесе қайта салу бұрынғысынан сапалырақ, анықтау болып шықпаса, бұл баланың аталған адамға деген қатынасының тұрақсыздығын көрсетеді.

Сонымен қатар баланың сурет салу барысындағы кездейсоқ айтқан сөздері де үлкен мәнге ие. Бұл сөздер көбіне ішкі эмоциялық қысымның босаңсуынан туып, суреттің ерекше «зарядталған» тұстарында айқын көрінеді. Сондықтан мұндай комментарийлерді мұқият тыңдау керек: олар суреттің мазмұнын ашып, баланың өз туындысына деген жеке қатынасын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

«Отбасы суреті» әдістемесі үшін бағалардың сандық жүйесі жасалған. Сондай-ақ бес симптомдар топтамасы айқындалған:

  1. Отбасының жайлылығы;
  2. Алаңдаушылық;
  3. Отбасындағы кикілжің;
  4. Өзіне-өзі көңіл толмаушылық;
  5. Отбасындағы жаулық.

Әр симптомдар топтамасы баллдармен бағаланатын көрсеткіш қатарларынан тұрады. Егер көрсеткіш болмаса, онда барлық жағдайда да нөл қойылады. Белгінің болуы – 1 балл. Әр симптомдар топтамасы бойынша жоғары балл 7-ден 9-ға дейін.

А. Отбасы жайлылығы

  1. Отбасының барлық мүшесінің ортақ қызметі немесе бір-бірінің қолынан ұстауы;
  2. Балалардың суреттерінде адамның басымдылығы;
  3. Шынайы отбасы мүшелерінің бәрін бейнелеу (балалар ажырасу кезінде әкесінің суретін салады);
  4. Отбасын мүшесін алшақтату (мысалы, анасы ас үйде ыдыс жуады, әкесі жұмыста);
  5. Штрихтеудің жоқтығы;
  6. Сызықтар сапасының жақсы болуы;
  7. Жаулық белгісінің жоқтығы (беті жоқ, қырынан немесе арқасынан, жұдырық);
  8. Адамдарды парақта тең орналастыру;
  9. Жарқын бояулардың басымдығы және бәрінің боялуы.

Ә. Алаңдаушылық

  1. Штрихтелген;
  2. Негіз сызығын қатты басу және қоңыр түсте бейнелеу;
  3. Сурет рамада;
  4. Сызықтар қатты басылған және штрихтелген;
  5. Жиі өшірілген;
  6. Әсірелеу және жекелеген бөлшекті айқындау;
  7. Қосарлы немесе үзік сызықтар;
  8. Көңілсіз түстердің басымдығы немесе сурет жай қарындашпен салынған.

Б. Отбасындағы кикілжің

  1. Фигуралар арасындағы тосқауыл;
  2. Жекелеген фигураның өшірілуі;
  3. Кей фигуралардың басты бөлігінің болмауы;
  4. Жекелеген фигураны алып тастау;
  5. Жекелеген фигураның артық шамасы;
  6. Ауызша сипаттың суретпен сәйкессіздігі;
  7. Заттардың басымдығы;
  8. Суретте кей мүшелердің жоқтығы.

В. Отбасындағы көңіл толмаушылық сезімі

  1. Сурет авторы кішкентай;
  2. Фигуралар парақтың төменгі бөлігіне орналастырылған;
  3. Сызықтар солғын, үзік;
  4. Автор басқалардан немесе ата-анасынан аулақта;
  5. Фигуралар кішкентай;
  6. Автордың фигурасы басқалармен салыстырғанда қимылсыз;
  7. Автор жоқ;
  8. Автор теріс қарап тұр;
  9. Ашық түстерді қолданбаған.

Г. Жаулық

  1. Бір фигура екінші парақта немесе парақтың екінші бетінде;
  2. Фигураның агрессиялылығы;
  3. Сызылған фигура;
  4. Бүлінген фигура;
  5. Сыртынан салынған;
  6. Қолдары екі жаққа созылған;
  7. Саусақтары ұзын, қатты басылған;
  8. Қатты басылған;
  9. Шаштары тікірейген, аузында тістері бар.

Диагностикалық жұмыс барысында кейде бала сурет салудан мүлде бас тартып, мұны «сурет сала алмаймын» деп түсіндіреді. Қайта-қайта ұсыну да нәтиже бермеген жағдайда, баланы қыспаққа алмастан, суретті ойша елестету тәсілін қолдану ұсынылады. Яғни, сурет салу процесін ауызша жүргізу қажет.

Мысалы, «ҮАА» әдістемесін былай бастауға болады: «Қане, саған ұнайтын үйді елестетіп көрейікші…». Содан соң баламен диалогты жалғастыру үшін сұрақтар қойылады: «Бұл үй қандай? Онда кімдер тұрады? Оның түсі қандай? Үлкен бе, кішкентай ма?». Осындай ұқсас сұрақтар ағашты немесе адамды ойша бейнелеу кезінде де қолданылады. Баладан: «Сен кімді салар едің? Сенің суретіңде отбасы мүшелері немен айналысады? Кімдер бейнеленген?» деп сұрауға болады.

«Жоқ хайуанаттар» әдістемесінде де балаға жануар жайлы сұрақтар қойылады: «Сенің ойыңдағы хайуан нені жақсы көреді? Неден қорқады?». Осы сәтте бала хайуанға қатысты өз көзқарасын білдіреді және кейде өз атынан жауап бере бастайды.

Психологтың басты міндеті – сенімді қарым-қатынас орнатып, осындай ауызша суреттеу процесі арқылы мүмкіндігінше мол әрі мәнді ақпарат алу.

Суретті тест жүргізу мен алынған нәтижелерді талдау процесінде қатаң да бірегей қорытынды жасамай, алынған деректерді баланы одан әрі зерттеуге (әсіресе жағымсыз нәтижелер алынғанда) бағдар етіп алуды ұсынамыз. Әңгіме жобалық әдістеме арқылы алынған нәтижелерді басқа психологиялық әдістемелермен бекіту туралы болып отыр. Бала мен ата-ана қарым-қатынасын диагностикалау үшін Рене Жильдің, Розенцвейгтің әдістемелерін, социометрияны және баланың өзін-өзі бағалаушылығын диагностикалау әдістерін, ал ата-ананы диагностикалау үшін Варг-Столиннің немесе ПАРИ әдістемесін қолдануға болады.

Сурет салу процесін баланың сурет салуына кедергі келтірмей, яғни, онымен әңгімелесу барысында сұрақтар бере отырып, жалғастыруға болады. Берілетін сұрақтардың сипаты барынша маңызды болып саналады. Сұрақтар баланың немесе отбасы мүшелерінің мәртебесі туралы ақпарат алу үшін емес, қарым-қатынас сипаты, жайлылық, жайлы ахуалды қабылдауы немесе оның жоқтығы туралы ақпарат алуға бағытталуы керек.

 

«Үй, ағаш,  Адам» (ҮАА) тесті

Бұл жобалық тұлғалық зерттеу әдістемесін 1948 жылы Дж. Бак ұсынған. Тест ересектерге де, балаларға да қолданылады және топтық зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді. Әдістеме арқылы зерттелушінің даму деңгейі, сензитивтілігі (яғни психикалық дамуды қамтамасыз ететін сенсорлық қасиеттер мен процестердің оңтайлы үйлесімі), икемділігі, жұмыс қабілеті, сондай-ақ оның қоршаған ортамен және нақты адамдармен қарым-қатынас ерекшеліктері жөнінде маңызды мәлімет алуға болады.

Зерттеу мәні мынадай: қатысушыға үйдің, ағаштың және адамның суретін салу тапсырылады, кейін алдын ала дайындалған сұрақтар жоспары бойынша әңгіме жүргізіледі.

Тесті орындау екі бөліктен: сурет салу  процесінен және содан кейінгі әңгімеден тұрады. Әдістеменің ерекшелігі де осында, ол ақпаратты, қайталап өткізгенде баланың психикалық динамикасы мен эмоциялық күйін көрсетеді.

ҮАА тесті психологиялық консультация басталғанда қолдануға өте ыңғайлы, өйткені бұл тест кеңес алушының негізгі проблемасын ашуға, проблеманың жеке немесе эмоциялық дәрежеге жататынын анықтауға көмектеседі.

ҮАА тестін баланы мектепке дайындауға белгілі-бір психологиялық даярлық кезінде қолдануды асыра бағалау күрделірек. Тесті қайталап өткізу, бірнеше рет қолдану, мысалы, мектепке дейінгілерді мектепке барар алдында және одан әрі бастауыш сыныптарда өткізгенде баланың тұлғалық қалыптасуы туралы жан-жақты ақпарат береді.

Тесті өткізу нұсқаулығы

ҮАА тестін (Үй – Ағаш – Адам) орындау үшін зерттелуші балаға немесе топқа қағаз парағы және негізгі алты түсті бояу қарындашы мен өшіргіш таратылады. Егер тест жеке балаға жүргізілсе, әдетте екіге бүктелген стандартты ақ парақ беріледі: бірінші бетке баспа әріппен «Үй», екінші және үшінші беттердің жоғарғы жағына тиісінше «Ағаш» және «Адам» деп жазылады. Төртінші бетке баланың аты-жөні мен зерттеу күні тіркеледі. Бала барлық суретті бір бетке салғысы келсе, оны тоқтатуға болмайды.

Психолог мынадай нұсқау береді: «Қолыңнан келгенше үйдің, ағаштың және адамның суретін сал. Адамды салғанда ер адам бейнесін таңда». Бала пысықтау сұрақтарын қойған жағдайда, психолог оған міндетті түрде жауап береді, бірақ суреттің сапасы, түстерді таңдауы немесе шынайылық дәрежесі маңызды еместігін, бастысы – өз қиялы бойынша шабытпен орындауы керегін түсіндіреді.

Тапсырма орындалып жатқан кезде психолог баланың әрекеттері мен қимыл-қозғалыстарын, сондай-ақ айтқан сөздерін қысқаша жазып отырады. Сурет салу аяқталған соң балаға суретке қатысты бірнеше сұрақ қойылады. Бұл сұрақтар әңгімеге ұласып, баланың дүниетанымы мен айналаны эмоциялық қабылдау ерекшеліктері жөнінде қосымша ақпарат беруге бағытталады.

Нәтижелерді өңдеу

Біз Р. Бэнстің, С. Кауфманның, Б. Гуддинафтың, Г. Хоментаусткастың, Р.Ф. Беляускайтенің әзірленімдеріне (1983) негізделген түсініктеме жүйесін ұсынамыз.

ҮАА тестін сандық бағалау үшін сапалық көрсеткіштер мына симптом кешендерге топталды:

  • қорғансыздық;
  • алаңдаушылық;
  • өзіне-өзі сенбеушілік;
  • өзіне-өзі көңіл толмаушылық;
  • дұшпандық;
  • кикілжің (фрустрация);
  • қатынас қиындығы;
  • торығу;

Әр симптомдар жиынтығы баллдармен бағаланатын көрсеткіш қатарлардан тұрады. Егер көрсеткіш болмаса, онда қандай жағдайда болмасын нөл қойылады. Белгінің болуы 1 балмен бағаланады. Әр симптомдар жиынтығының ең көп баллы 8-ден 10 баллға дейін. Баллдарды есептеуге барлық үш сурет қатысады. Мысалы, бала суретінде штриховка болса, штриховка үшін берілетін балл осы белгі маңызды болып саналатын симптомдар жиынтыңында есептеледі. Сөйтіп, әр симптомдар жиынтығы бойынша белгілі-бір баллдар жинақталады.

Үй-Ағаш-Адам тестінің симптомкешені

А. Қорғансыздық

  1. Сурет парақтың ортасында, бірақ өте кішкентай.
  2. Сурет парақтың жоғары бөлігінде.
  3. Үй, ағаш парақтың шетіне жақын.
  4. Сурет парақтың төменгі жағында, суреттік негізсіз орналасқан.
  5. Екінші дәрежелі бөлшектер тым көп.
  6. Түбірлері тым қарайтылған.
  7. Қолдары сәйкессіз әрі ұзын.
  8. Аяқтары алшақ.
  9. Штриховка бәсең салынған.
  10. Сурет ашық емес бір түспен орындалған.

Б. Алаңдаушылық

  1. Жекелеген бөлшектер қатты басылған.
  2. Кеңістігі шектеулі («сурет рамкада»)
  3. Штриховкасы қатты басылған.
  4. Сызықтар қатты басылған.
  5. Өшіргішті жиі қолданған.
  6. Ағаш немесе томар кеуіп қалған.
  7. Негіз сызықтары қатты басылған.

8.Шашы тым боялған.

  1. Қоңыр түстер басым.
  2. Жай қарындашпен салынған.

В. Өзіне-өзі сенбеушілік

  1. Сурет сызығы солғын.
  2. Парақ шетіне салынған үй кішкентай.
  3. Дің сызығы солғын.
  4. Үйдің есігі жоқ.
  5. Есік өте кішкентай.
  6. Өзін-өзі ақтап, суретті қолымен жабады.
  7. Үй ауада «ілініп» тұр және маңайында ештеңе жоқ.
  8. Ағаш томар сияқты.
  9. Өшіргішті жиі қолданған.
  10. Ағаш кеуіп қалған, жапырақтары жоқ.

Г. Өзіне-өзі көңіл толмаушылық

  1. Сурет тым кішкентай.
  2. Аяқ-қолдары жоқ.
  3. Қолдары артында.
  4. Қолдары сәйкессіз қысқа.
  5. Иықтары сәйкессіз қушық.
  6. Бұтақтар жүйесі сәйкессіз үлкен.
  7. Жапырақтары қосарлы ірі.
  8. Ағаш кеуіп қалған, жапырақсыз.
  9. Үй іргетассыз, жұтан.
  10. Жай қарындашты немесе бозғылт бояуларды қолданған.

Д. Дұшпандық

  1. Терезелер жоқ.
  2. Есік – құлып ойығы.
  3. Ағаш өте үлкен.
  4. Сурет атмосферасы қатерлі.
  5. Ағаштың, адамның бейіні керісінше.
  6. Бұтақтар саусақ сияқты қосарлы.
  7. Көздері – бос ойық.
  8. Саусақтары ұзын, үшкір (6 жастан кейін).
  9. Ақсиған, тістері көрінеді.
  10. Адамның қатал кейпі.

Е. Фрустрация объективті түрде бар кедергіден де, субъективті түрдегі қиындықты қабылдаудан да пайда болатын күй

  1. Кеңістікті шектеу.
  2. Көзқарасы төменге бағытталған.
  3. Объектіні қайта салған.
  4. Қандай болмасын объектіні салудан бас тарту.
  5. Ағашы екі ағаш сияқты.
  6. Суреттердің бірінің сапасының айқын сәйкессіздігі.
  7. Сурет пен түсіндіру арасындағы қарама-қайшылық.
  8. Белі тым қатты басылған.
  9. Шатырда заттардың жоқтығы.
  10. Сұр қарындашты қолданған, қоңыр түстер басым.

Ж. Қарым-қатынас қиындығы

  1. Есік жоқ.
  2. Есігі тым кішкентай және тұтқасыз.
  3. Терезелері жоқ.
  4. Жабық терезелер тым көп.
  5. Беті ең соңынан салынған.
  6. Беттің негізгі бөліктері жоқ.
  7. Адам сұлба сияқты таяқтардан тұрады.
  8. Үй, адам бейінмен салынған.
  9. Қолдары қорғаныс қалыппен салынған.
  10. Салынған сурет жалғыз, достары жоқ адамдікі сияқты.

З. Торығу

  1. Суреттер парақтың ең төменгі бөлігіне салынған.
  2. Ағаштың немесе үйдің көрінісі жоғарыдан берілген.
  3. Негіз сызықтары төмен қарай бағытталған.
  4. Сызықтар сурет салу барысында солғындай түскен.
  5. Сурет салып болған соң қатты шаршағандық.
  6. Тым ұсақ, кішкентай суреттер.
  7. Жай қарындашпен ғана салынған.
  8. Қоңыр түстер басым.
  9. Білмеуі немесе шаршауына байланысты тестен бас тарту.
  10. Адам суреті сәйкессіз, қоңырқай, бүріскен.

Үй, ағаш және адам суреттерін бала тек стандартты тест жағдайында салғанда ғана оларды дұрыс түсіндіруге болады. Бұл – баланың бейнелеу әрекетін психологиялық тұрғыдан талдау ғана емес, сонымен қатар түсіндірудің басқа әдістерін қажет ететін процесс. Себебі бағалау тәсілдері өзгерсе, нәтижеде де елеулі айырмашылық болуы мүмкін.

Егер бала құрдастарына қарағанда суретті әлсіз салса, перспективасы дұрыс берілмесе, пропорциялары бұзылса немесе негізгі бөлшектер жетіспесе, тіпті үш суреттің сапасы да төмен болса, мұны ақыл-ой дамуының кемшілігі деп қорытындылау қате. Мұндай жағдай көбіне педагогикалық қараусыздықтан туындауы мүмкін, сондықтан қосымша әдістермен тексеру қажет. Зерттеуді баланың жеке ерекшеліктерін анықтауға бағыттау маңызды. Егер үш суреттің ішінде біреуі ғана нашар болса, онда бұл баланың белгілі бір эмоционалдық әсерінің күштілігін білдіреді. Ал барлық суреттерде бірнеше ортақ ерекшелік байқалса, бұл оның эмоциялық проблемаларын шешу қажет екенін көрсетеді.

ҮАА тестін қолданудың негізі – салынған суреттердің орталық жүйке жүйесінің (ОЖЖ) органикалық дисфункциясын анықтауға мүмкіндік беруінде. Психолог пен неврологтың қосымша тексеруін қажет ететін ескерту белгілері мынадай:

  1. Суреттегі қосарланған сызықтар;
  2. Сызықтардың өзара біріктірілмеуі;
  3. Бейнеленген нысанның қатты қисаюы;
  4. Бастың шамадан тыс үлкен болуы;
  5. Адам суретінде дене бөліктерінің сәйкессіз орналасуы.

ОЖЖ-нің органикалық дисфункциясы баланың ақыл-ой дамуы кешеуілдегенін білдірмейді, бірақ оның үлгерімін төмендететін психодиагностикалық фактор болуы мүмкін. Мұндай балалар тез шаршайды, зейіні төмен, сондықтан оқу процесі мен үй-мектеп тәртібін ерекше ұйымдастыру қажет. Олар толықтай бейімделгенше мектепке дейінгі және мектеп психологтарының тұрақты бақылауында болуы тиіс. Сондай-ақ ата-аналармен тығыз психологиялық консультация жүргізу маңызды.

ҮАА тесті сурет салу кезеңін және одан кейінгі әңгімелесуді қамтиды. Бұл әдіс баланың мектепке дайындығын бағалау кезінде сөйлеу қабілетін, сондай-ақ оның логикалық ойлау және қорытынды жасау дағдыларын анықтауға мүмкіндік береді.

ҮАА әдістемесі бойынша суреттік сауалнама үлгісі

«Үй» суреті

  • Бұл кімнің үйі? Сенің үйін бе, әлде басқа адамның үйі ме?
  • Бұл үйде кім тұрады?
  • Кірпіш, ағаш немесе тағықандай үй?
  • Үй қандай жерде орналасқан?
  • Сен осы үйде тұрғың келе ме?
  • Бұл үйде сенімен бірге кімдер тұрады?

«Ағаш» суреті

  • Бұл қандай ағаш?
  • Бұл ағаш қайда өседі?
  • Ол тірі ағаш па?
  • Сен мұндай ағашты қайдан көрдің?
  • Бұл ағаш үлкен бе, кішкентай ма?

«Адам» суреті

  • Мына ер адам кім?
  • Ол неше жаста?
  • Бұл адам қайырымды ма немесе қатал ма?
  • Сен ол адамды танисың ба?
  • Сен онымен достасқың келе ме?

Егер психолог алдында сөз сөйлеу дамуының деңгейін диагностикалау мақсаты тұрса, онда мұны төмендегі симптомдар жиынтығы сызбасы бойынша (олар жалпы және басқа сауалнамаларды қолданғанда) жүргізуге болады:

  • баланың сөйлеуі дамыған, сөздер жиыны әртүрлі;
  • барлық сөздер анық және олардың мәніне сәйкес;
  • дыбыстардың бәрі анық, дұрыс айтылады;
  • жауаптар мағыналық мәнмен толық айтылады;
  • бала сұрақтарды шапшаң әрі қабылдайды;
  • психологтың сұрақтары ойды мәнерлеуге түрті болады;
  • баланың қабілеті сезім әлемімен танылады;
  • әңгіме диалог түрінде өтеді.

Сұрақтардың жауаптары баланың ойлау сипаты және білім деңгейін танытатын комментариймен беріледі.

Сөйлеу дамуы деңгейі туралы қорытынды жалпылама болады: жақсы (симптомдар жиынтығының 6-дан 8 бағамына дейін); орташа (3-тен беске дейін); нашар (2 бағамға дейін).

Біз ұсынып отырған суреттік сауалнама сұрақтарына ҮАА тесті тақырыбы негіз етіп алынды, бұл біздің пікірімізше суреттерді әңгіме құру барысында кеңінен қолдану мүмкіндігін көрсетеді.

«10 зат»  әдістемесі (ІІ – 1 карточкасы)

Ынталандыру материалы – бір-бірінен едәуір арақашықтықта және ірі салынған түрлі 10 заттың суреті бейнеленген карточка, оның өлшемі стандартты альбомдық парақтан кіші болмауы керек.

Нұсқама: «Карточканы мұқият қарап ал, суреттегі заттарды қара, оларды есіңде сақтауға тырыс. Біраз уақыттан соң онда ненің суреті салынғанын айтасың».

Тесті өткізу: нұсқамадан соң балаларға қарап алуы үшін сурет 1–1,5 минутқа көрсетіледі. Кішкентай балаларға (4–5 жастағы) суретті олармен бірге қарап және атап, баланың назарын нені есте сақтауға қосымша бағдар беріледі. Бала суретті қарап болған соң карточка алынып, ондағы өзі есінде сақтаған заттарды атауы сұралады. Біраз уақыттан кейін (20–30 минут) ұзақ сақтау жадын диагностикалау үшін карточкадағы заттарды еске түсіру қажет. Психолог бала атаған заттарды жазады, дұрыс жаңғыртылған заттар саны және қателері тіркеледі. Жаңғырту процесінде жіберілген қателер түзелмейді. Бала басқа ешнәрсені еске түсіре алмайтынын айтқанда, оған карточка көрсетіліп, қайсысын ұмытқанын сұрауға болады. Осылайша баланың тани алу мүмкіндігі анықталады. Әдетте карточкалар жаңғырту нашар іске асырылса, яғни бала 1–3 заттан артық еске түсірмесе, қайталап көрсетіледі.                          

Нәтижелерді талдау. 4-6 затты еске түсіру жаңғырту нормасы болып саналады. Егер бала бірде бір затты есіне түсіре алмаса немесе  оларды дұрыс жаңғыртпаса, онда мұндай нәтижелер себебін анықтау қажет. Диагностикалауда тест тапсырмасының  нәтижесі емес, осындай нәтижелердіің себептері маңызды болып есептеледі. Сондықтан, психологтың диагностикалау процесінде қиыншылық себептерін анықтауы қандай да бір  психикалық процестің қалыптасуын қамтамасыз ету мақсатында түзету тапсырмалары мен жаттығуларын нақты кімге және мақсаты жоспарлауына мүмкіндік береді.

«10 сөз» тесті (ІІ-2 карточкасы)

Ынталандыру материалы

Өзара бір-бірімен байланысы жоқ 10 сөзден тұратын қатар пайдаланылады. 4,5–6 жастағы балалар үшін мысалы: ұшақ, көбелек, гүл, қайық, қасқыр, шәйнек, кітап, балауыз, журнал, машина сияқты сөздер таңдалады.

Нұсқау

Балаларға былай деп түсіндіріледі:

«Мен қазір сендер есте сақтайтын және жаттығу алдында маған қайталап айтатын 10 сөзді оқимын. 30 минуттан кейін сен соларды қайта айтып бересің. Сондықтан мені мұқият тыңдап, барлық сөзді есте сақтауға тырыс».

Тесті өткізу.

Ересек нұсқадан соң жоғарыдағы 10 сөзді баяу, 2–3 секунд аралығымен және анық оқуы керек. Оқып болған соң баладан есінде сақтап қалған сөздерді қайталау сұралады. Егер бала тек 2–3 сөзді ғана есте сақтап үлгерсе, онда 10 сөзді 1 секунд аралығымен тағы қайталап оқуына болады. Психолог баладан бірінші реттен және қайталаудан кейін есте сақтаған сөздерді айтуын сұрайды. Шамамен 30 минут өткен соң балаға осы сөздерді еске түсіру ұсынылады. Ересек оған көмектеспейді, тек сөздердің неғұрлым дұрыс жаңғыртылғанын жазып алады.

Нәтижелерді талдау.

Бірінші реттен жаңғыртылған сөздер саны жад көлемін білдіреді. Қайталаудан кейін жаңғыртылған сөздер саны мнемикалық процестердің жуықтату зонасын көрсетеді. 5–6 жастағы бала үшін 4–5 сөзді бірінші реттен және қатарғының бәрін 2–3 қайталаудан кейін жаңғырту қалыпты норма саналады. 30 минуттан кейін бала 5–7 сөзді қайталауы керек. Егер бала тіпті 2–3 сөзді 5–7 рет қайталаудан кейін бірінші реттен де, қайталаудан кейін де есіне түсіре алмаса, онда жад деңгейінің орташа екені туралы ой қорытуға болады. Мұндай бала оқу кезінде қиындықтарды бастан кешіретін болады. Алайда, одан әрі талдау жүргізбестен мнемикалық процестің ақауы туралы сөз қозғау ертерек.

«Шульте кестелері» әдістемесі (ВН-1 сериялы карточкалар)

Әдістеме зейінді қайта аудару жылдамдығын, күрделі жағдайда қажетті ақпараттытаңдау кезіндегі жұмыс қабілеті мен тұрақтылығын зерттеуге арналған.

Біз ұсынып отырған кестелер Шульте методологиясы мен ұстанымдары негізінде жасалған.

Нұсқама

Алдымен баланың 15-ке дейін санай алатынын және сандармен таныс-таныс еместігін анықтап алу қажет. Содан кейін 1-ден 15-ке дейін санауды қайталап көру ұсынылады. Балаға: кестеде 1-ден 15-ке дейінгі сандар ретсіз орналасқан, сен әр санды тауып, оның кестедегі орналасуын айтып бересің, тапсырманы мүмкіндігінше жылдам әрі қатесіз орындау керек – деп түсіндіріледі. Уақыт секундомермен белгіленетіні ескертіледі. Ойын элементін қосып, «өзіңді өзің жеңе біл» деген сияқты уәждеу сөздерін айтуға болады, яғни бала өз уақыт көрсеткішін жақсартуға талпынады.

Тесті өткізу

Түсіндірмеден кейін бірінші кесте ұсынылады және кесте ашылған сәттен бастап секундомер іске қосылады. Екінші, үшінші және одан кейінгі кестелер ешқандай қосымша нұсқамасыз беріледі.

Нәтижені тіркеу

Психолог баланың әр кестедегі 15 санды іздеуге жұмсаған уақытын ретімен жазып алады. Барлық бес кестенің нәтижесі тіркелген соң, әрқайсысына кеткен уақыт қосылып, 5-ке бөлінеді де орташа көрсеткіш анықталады.

Тест нәтижелерін өңдеу мен түсіндіру  

Негізгі көрсеткішке тапсырманы орындауға жұмсалған уақыт, сондай-ақ әр кестедегі қателер саны алынады. Әр кестені орындау нәтижелері бойынша  «зейін тұрақтылығы мен жұмыс қабілеті динамикасын білдіретін» әлсіреу (шаршау) қисығы» жасалады.

А.Ю. Козырева осы тест көмегімен мынадай көрсеткіштерді:

  • Жұмыс тиімділігін;
  • Атқару деңгейін;
  • Психикалық тұрақтылықты анықтауды ұсынады;

Жұмыс тиімділігі мына формула бойынша анықталады:

Мұндағы: Т1 әр кестемен жұмыс уақыты.

ЭТ-і баланың жас ерекшелігі ескеріле отырып, бағаланады (секундпен)

Жасы

5 балл

4 балл

3 балл

2 балл

1 балл

5-6 жас

25-30

30-35

35-40

40-55

60-тан жоғары

7-8 жас

20-25

25-30

30-35

35-40

45-тен жоғары

9-10 жас

15-20

20-25

25-30

30-35

385-тен жоғары

Атқару деңгейін (АТ) мына формула бойынша анықталады:

1,0-ден төмен нәтиже – жақсы атқару көрсеткіші,  көрсеткіш 1,0-ден жоғары болса, балаға негізгі жұмысқа дайындау да соншалықты болады.

Психикалық тұрақтылық мына формула бойынша анықталады:

1,0-ден төмен көрсеткіш баланың психикалық тұрақтылығының жақсы екенін көрсетеді. Көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, баланың тапсырманы  орындауындағы психикалық  тұрақтылық деңгейі нашар болғаны.

Горбовтың «Қызыл-қара кестелер» әдістемесі (ВН-3 карточкалары)

Әдістеме зейінді қайта аудару мен бөлуді зерттеуге арналған.

Тест сипаттамасы. Диагностикалау 15 қызыл және 15 қара сан жазылған арнаулы бөліктен тұрады. Бала алдымен удеу тәртібімен қара сандарды содан соң кеміту тәртібімен қызыл сандарды іздеп табуы керек.

Алдын ала баланың тура және кері есептеумен таныс еместігін біліп алу керек. Егер бала жаңылысса, онда бұл әдістемені қолданудың қажеті жоқ. Үшінші тапрсырма-қара сандарды үдеу тәртібімен, содан соң қызыл сандарды кеміту тәртібімен кезек-кезек іздеп табу, негізгі көрсеткіш жіберген қателер мен орындау уақыты болып табылады.

Нұсқама. «Бұл кестеде ретсіз орналасқан 15 қызыл және 15 қара сан беріледі. Сен қара сандарды үдеу тәртібімен, ал, қызыл сандарды кеміту тәртібімен кезек-кезек: 1-қара, 15-қызыл;2-қара, 14-қызыл және одан әрі қарай осылайша көрсетудің және атауың керек».

Тест нәтижелерін өңдеу. Әрбір серияны орындау уақыты мен қателер есептелінеді. Үшінші тапсырманы орындау уақыты бірінші және екінші тапсырманы орындауға жұмасалған уақытқа тең болмайды. Өйткені уақыттың бір бөлігі зейінді  жаңа атаған сандарға аудару мен шұғыл түрде ұстауға кетеді. Екі уақыт арасындағы айырмашылықты зейінді бір қатардан екіншісіне аудару уақыты беріледі.  Бұл айырмашылық неғұрлым аз болса, зейінді қайта аудару нәтижесі де соғұрлым жақсы деп саналады.

Қателерге: сандарды жіберіп алу, бір санды екі рет қайталау,үдеу мен кемітуді сандардың  түсіне сәйкес ауыстыру жатады.

Деректерді өңдеу: Салыстыру үшін Шульте кестесін орындауға кеткен орташа уақыт пен Горбов кестесін орындауға кеткен уақыт алынады. Осы екі уақыт көрсеткішінің арасындағы айырмашылық зейінді қайта аудару көрсеткіші ретінде есептеледі.

Ұсынылып отырған әдістеме мектепке дейінгі балалар үшін күрделі деп саналады. Сонымен қатар бұл тапсырмаларды орындау балалар үшін қызықсыз болуы мүмкін.

Біз балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, Шульте кестесі негізінде өзіміздің әдістемемізді – Ви4 сериялы карточкаларды ұсынамыз. Біздің кестеміз түрлі-түсті және қара-ақ басылымды суреттер жинағынан тұрады. Бала заттарды кезек-кезек атап шығуы керек. Кестемен жұмыс барысында бала өзі атаған затты фишкамен (тиын, түйме және т.б.) жауып отырады. Неғұрлым күрделі нұсқада фишка қолданылмайды. Бұл жағдайда балаға атаған затты қайта атамау қажеттігі ескертіледі. Психолог зат атауы қайталанған жағдайда оны қате деп қадағаламай, тек жай ғана ескертіп өтеді.

«Қиылған суреттер» әдістемесі

Әдістеме балалардың есте сақтау және жекелеген бөліктерге бөлінген тұтас зат бейнесінің кеңістік құрылымын қалпына келтіру қабілетін анықтауға мүмкіндік береді.

Әдістемені орындаудың көрнекілік-әрекеттік сипаты қызмет процесін қадағалай отырып, нақты бір балаға тән көптеген психологиялық ерекшелікті көру мүмкіндігін береді.

 Әдістеме 3-тен  6 жасқа дейінгі балаларды зерттеуде қолданылады.

Суреттің күрделілік  дәрежесі әртүрлі.  Әдістемені осы нұсқада 4-6 жастағы балаларға:

  1. «есек»-3 бөлікке;
  2. «сиыр»-5 бөлікке;
  3. «жылқы»- 3 бөлікке;

Процедура.

Балаға алдымен суреттің тұтас бейнесі көрсетіліп, онда не бейнеленгені сұралады. Кейін сурет «бұзылып», оның бөліктері ажыратылады (егер сурет екі бөліктен тұрса – екіге, ал 3–5 бөліктен тұрса – бөлшектер араластырылады). Балаға осы бөлшектерді бастапқы қалпына келтіріп, тұтас сурет құрастыру ұсынылады.

Нұсқама.

«Қарашы, мына сурет 2 (немесе 3–5) бөліктен тұрады. Сен оны алғашқы көрген қалпына келтіріп құрастыршы».

Егер бала «Әтеш» суретін есте сақтап құрастыруға қиналса, бөлшектенбеген тұтас суретті пайдалануға болады. Мұндай жағдайда балаға үлгі ұсынылып, соған қарап отырып тұтас әтешті құрастыру тапсырылады. Баланың жұмысын бақылау барысында оның әрекет ерекшелігін, сәттілік пен сәтсіздік себептерін және қандай көмекті қалайтынын ескеру қажет.

Алынған нәтижелерді түсіндіру.

4 жас: «Есек» және «Сиыр» суреттерін өздігінен немесе аздаған көмекпен құрастыра алады. 3 бөліктен тұратын «Жылқы» суретін құрастыруда қиналады, өйткені ортаңғы бөлікке мән бермейді.

5 жас: «Жылқы» суретін өздігінен немесе аздаған көмекпен құрастыра алады.

3–4 жас: «Әтеш» суретін құрастыруда ересек көмегінсіз орындай алмайды; тұтас үлгіні көрсету де айтарлықтай жеңілдетпейді. Егер бала психолог көмегімен суретті бұрыс жинаса, оған қайтадан өзі құрастыру ұсынылады. Екінші рет те дұрыс орындай алмаса, тапсырма орындалмаған болып есептеледі.

5 жас: «Әтеш» суретін өздігінен бірден құрастыра алмайды. Негізінен тұтас бейнені көру және ересектің көмегі қажет. Ересекпен бірге жинақтап болған соң, балаға тапсырманы қайтадан өз бетінше орындау ұсынылады. Егер ол тұтас бейнеге қарап отырып дұрыс жинаса, тапсырма орындалды деп саналады.

Нәтижелерді тіркеу.

  • Хаттамада келесі көрсеткіштер белгіленеді:
  • өздігінен дұрыс орындады;
  • шамалы көмекпен дұрыс орындады;
  • екінші рет жинақтау арқылы орындады;
  • орындамады.

Тиісті бағандарға «+» немесе «–» белгілері қойылады, қажет болса қысқаша түсініктеме жазылады. Бала суретті шамалы көмекпен құрастырғанымен, қайта жинастыру кезінде өздігінен орындай алмаса, бұл да белгіленеді. Мұндай жағдай мектепке дейінгі балаларда ырықты зейіннің жеткілікті дамымағанын көрсетеді.